«Мұнайлы аудандық Азаматтық бастама» қоғамдық бірлестігі Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының әлеуметтік тапсырысы аясында «Халықтың арасында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін құрметтеу және патриотизмді орнықтырып құруға бағытталған іс-шаралар» жобасын жүзеге асыру жұмысын бастады.

IMG_1822

Жобаның негізгі мақсаты – Қазақстандық патриотизмді арттыруға бағытталған белсенді азаматтық ұстанымдарды қалыптастыруға ықпал ету. Жоба аясында «Мұнайлы аудандық Азаматтық бастамасы» қоғамдық бірлестігі мемлекеттік рәміздерді насихаттау туралы ақпараттық-ағартушылық жұмыстарды жүргізу, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру негізінде  Ақтау әскери гарнизоны бөлімімен бірлесе отырып, мектеп оқушылары арасында «Мен мәңгілік ел ұланымын» тақырыбында спорттық шаралар мен конкурстар ұйымдастыруды, Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен аудан орталықтарында «Мен елімнің патриотымын» тақырыбында шығармашылық кештер өткізуді және облыс жастары арасында «I LOVE KZ» тақырыбында әлеуметтік желілер арқылы байқау өткізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, облысымыздағы Елбасы және мемлекеттік рәміздер бейнеленген көрнекі-агитациялық конструкцияларға, әлеуметтік билбордтарға облыс аумағы ішінде мониторинг жүргізу жұмыстарын қолға алмақшы екен. Аталмыш жоба жайында «Мұнайлы аудандық Азаматтық бастамасы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Райхан Дәрібаева:    «Біздер үкіметтік емес ұйым болып 2009 жылы ашылдық. Аудандағы әлеуметтік жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі, мүжәлсіз отбасылардың балаларымен жұмыс жасау, ауылдың мәдени шараларын ұйымдастыру, белсенділіктерін арттыру үшін осындай жобаларға жылда түсетінбіз. Өткен жылы  қаржыланған едік. Биыл да қаржыны алып, әлеуметтік тапсырыс бойынша жұмыс жасағалы отырмыз», — дейді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, енді осы жобаны бірлесе іске асыру үшін арнайы жиын ұйымдастырған Р.Дәрібаева ауыл ақсақалдарының, аудандық білім бөлімі, ішкі саясат, ҚР ұлттық ұланның 6656 әскери бөлімі мамандарының, студент жастардың пікірін тыңдады. Олар бірауыздан мұндай шараларға мұрындық болғандары жақсы бастама екендігін, аудан жастарын елін, жерін сүюге тәрбиелеудің ұлы іс екендігін жеткізді. Ал, жоба үйлестірушісі Айтолған Кошжданова алдағы қыркүйек, қазан айларына арналған жоспарларымен бөлісті.

─ 2013 жылдан бастап облыстық ішкі саясат басқармасынан осындай әлеуметтік жоба аясында тапсырыс қабылдап келеміз. Биылғы жылы да мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа түсіп, халықтың арасында ҚР-ның мемлекеттік рәміздерін құрметтеу және  патриотизмді орнықтыруға бағытталған іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру жобасын алған болатынбыз. Ең алдымен мемлекеттік рәміздерді насихаттау туралы ақпараттық ағартушылық жұмыстарын жүргізетін боламыз.  Қыркүйек, қазан айларындағы  жоспарларымыздың бірі — Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Мұнайлы, Түпқараған, Бейнеу, Маңғыстау аудандарында мектеп оқушыларының арасында «Мен елімнің патриотымын» тақырыбында патриоттық шығармашылық кештер өткізу. Былтыр «Рәміздерім –елдігімнің белгісі» тақырыбында өткізген болатынбыз. Биыл осындай шараны тақырыбын өзгертіп, кең көлемде өткізгіміз келіп отыр. Сонымен қатар, Маңғыстау облысында ҚР-ның мемлекеттік рәміздерінің қолданылуы мен пайдаланылуы саласында мемлекеттік саясатты іске асыру аясында презентациялық дискі мен имидждік альбом дайындауды жоспарлап отырмыз, — деді ол.