Арыстағы төтенше жағдайдан зардап шеккен тұрғындарға қажетті заттарды жинау үшін Маңғыстауда гуманитарлық көмек қабылдау пункті өз жұмысын бастады. Ол Ақтау қаласы 14 шағынаудан 36 «а» «Nur Otan» партиясы МО филиалы ғимаратының 3-қабатында орналасқан. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы МО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Елубай Әбілов мәлімдеді, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Маңғыстаулықтар Арыс тұрғындарына көмек беруде

«Қазіргі таңда «Nur Otan» партиясы МО филиалы жанынан Арыс қаласына гуманитарлық көмек көрсететін жұмысшы тобы құрылды. Оның құрамында облыстық, қалалық, аудандық филиалдың қызметкерлері бар. Сондай-ақ облыстағы гуманитарлық көмек қабылдау пунктіне Батыр Шағыров пен Мұратбек Дощанов жауапты тұлға ретінде бекітілді», — дейді «Nur Otan» партиясы МО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Елубай Әбілов.

Арыс тұрғындарын қолдау мақсатында Маңғыстау облысындағы бірқатар ірі кәсіпорын мен мемлекеттік қызметкерлер, «Атамекен»» кәсіпкерлер палатасы, партияның облыстық филиалы, МО денсаулық сақтау басқармасының ұжымы біркүндік жалақыларын аударуда.

Маңғыстаулықтар Арыс тұрғындарына көмек беруде

«Кешегі болған жағдайға алаңдаулымыз, арыстық ағайындардың тағдырына уайымдаймыз. Біздің назарымыз да, көз жанарымыз да Арыс қаласында. Сондықтан жастар ұйымынан бастап қоғам белсенділеріне дейін қол ұшын беруде. Қазіргі таңда ақшалай көмек беретіндер үшін есепшоттар, қажетті заттарды жинау үшін арнайы гуманитарлық көмек қабылдау пункті ашылып отыр.

Тума-туысынан ажырап қалған бауырлар бір-бірімен қауышса екен. Жарылыс салдарынан денсаулығына нұқсан келген ағайындардың тезірек сауығып кетуіне тілекшіміз. Қаза болған бауырлардың жақындарына көңіл айтамыз, қайғысына ортақтасамыз», — дейді «Ұлттық Рух» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аят Сүгірбай.

Сонымен қатар қаржылай көмек көрсеткісі келетін тұрғындар «БанкЦентрКредит» АҚ есепшотында ашылған «Мы люди – Мы вместе» қорына аудара алады. ИН:150740003475БеК/КБе18.
Көмек көрсету пунктінің мекенжайы: Ақтау қаласы 33 шағынаудан «Маңғыстау Арена» ғимараты және 32 «б» шағынаудан 12 үй. Сағат 09:00 — 19:00 аралығында қабылдайды.

Байланыс телефоны: Иманғазы Досмухамбетов – 87028210650

Жұлдызай ҚАЛИЕВА

Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН