бизнес
Сурет сайт архивінен

Маңғыстау облысында «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының аймақтық филиалының ұйытқы болуымен кәсіпкерлік бастамасы бар тұрғындар мен жұмыссыздарға арналған «Бастау» жобасы жемісті жүзеге асырылып келеді.

Өңірде «Бастау» жобасы бойын­ша кәсіпкерлік негіздеріне оқытудың екінші кезеңі аяқталды. Мәселен, Мұнайлы ауданында оқуға ауданның 7 ауылдық округінен 60 өтініш қабылданып, оқу барысында қа­тысушылардың әлеуеті мен кәсіпкерлікке икемділігі анықталды. Солардың ішінен 25 қатысушы іріктеліп, оның 18­-і өз жобаларын сәтті қорғап шықты. Бұл қатысушы­лар енді «2017–2021 жылдары нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті жап­пай дамыту» бағдарламасы аясындағы ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының 6%, «Атамекен» МҚҰ­ның 4%­-дық мөлшердегі несиеге қол жеткізе алады. Сонымен қатар өңірлік кәсіпкерлер па­ латасы бизнес­-жобалар іске қосылған кезден бастап 12 ай ішінде оларды сү­йемелдеуді  қамтамасыз етеді. «Маусым­да басталатын «Бастау» оқуының соңғы үшінші кезеңінің қатысушыларының ті­зімдері жинақталып, келесі топ оқуға дайын тұр.

Ал өзін-­өзі жұмыспен қамтығандарға екі күндік «Бизнес кеңесші» оқуы енді онлайн түрде өтетін болды», – дейді Мұнайлы аудандық кәсіпкерлер палатасының дирек­торы Мадина Жанжігітова.

Сондай-­ақ Маңғыстау ауданында да «Бастаудың» екінші легі оқып шықты. Ауданның Ақшымырау, Қызан, Сайөтес сынды шалғай ауылдарынан өтініш біл­діргендер көп болды. Дәріс алуға 35 адам қатысты. Соның 23-­і өз бизнес жобаларын қорғап шықты. Тыңдаушылар ұсынған жобаларда жылыжай өсіру, жартылай да­йын тамақ өндірісі секілді кәсіп түрлері жиі кездеседі. Бұл ауыл халқының бүгінгі күнде сұранысқа ие азықты өндіруге деген ұмтылысы арта түскенін көрсетеді.

Бизнес-­дәріске қатысқан ондаған тың­даушы «Еңбек» бағдарламасы бойынша грант алуды көздеп отыр. Көп балалы, мүгедек бүлдіршіндерді бағып-­қағатын аналар мен жалғызбасты аналар 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз қаражат алып, кәсібін өркендетпек ниетте.

Ал Қарақия ауданында осы жоба ая­сында 36 тыңдаушы дәріс алып шықты. Олардың дені мал шаруашылығымен ай­налысуды қаласа, кейбірі тігін, медицина кабинеттерін ашуға ден қойып отыр. Айту Базарованың айтуынша, өз мамандығы мейірбике болғандықтан, болашақта же­ке меншік егу кабинетін ашуды мақсат тұтады. Бұл оқу курсы оған кәсіп бастау, табыс көзін табу, қаражатты тиімді жұмсау сияқты әдістерді үйреткен.

Жетібай ауылының тұрғыны, жал­ғызбасты ана Дәмегүл Дауышбаева ет өнімдерін шығаруды көздеп отыр. Ол тыңдаушылардың ішінде 7 адамның бірі болып қайтарымсыз грант ұтуды басты мақсатына айналдырған. Дәмегүл Дауыш­баева мүжәлсіз отбасыларға арналған қай­тарымсыз қаражат кәсіп бастауға берілген үлкен мүмкіндіктер деп біледі.

Облыс аумағында іске асырылып жат­қан жобалардың оң нәтижелері ауыл тұрғындарының пайдалы кәсіп көзін ашып, бизнесті өркендетуге деген ынтасының күн санап артып келе жатқанын байқатып отыр.

Жайық НАҒЫМАШ