Сурет inform.kz алынған

Түркістан облысына арнайы барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындарымен кездесті, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Қала қалпына келтіріледі, бәрі дұрыс болады. Бұл төтенше жағдай, апат. Қайтеміз, кейбір уақытта солай болады. Үкімет ақша, қаражат береді, көмектеседі, алаңдамаңыздар! Бәрі жақсы болады. Жөндеу жұмыстарын жасап береміз. Үкімет қанша қаражат керек екенін санайды. Содан кейін қаражат бөлеміз. Бәрін түсініп отырмын, бәрі жақсы болады. Арнайы келіп отырмын», — деді Мемлекет басшысы тұрғындармен кездесуі барысында.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы жарылыстардан зардап шеккендер жатқызылған Шымкент қаласындағы ауруханаға барды. Бұл туралы өзінің facebook-тегі парақшасында ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли жазды.

«Мемлекет басшысы Арыстағы жарылыстардан зардап шеккендер жатқызылған Шымкент қаласындағы ауруханаға барды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа жарақат алғандардың жағдайлары туралы баяндалды. Президент төтенше жағдай болған аймақта дәрігерлік көмек көрсетуді ұйымдастыру бойынша қосымша шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ, зардап шеккендерге тезірек жазылып кетулерін тіледі», — деп жазды Б.Уәли.