Небәрі он екіге енді толатынына қарамастан Луизаның кәдімгідей сахналық тәжірибесі бар. Ол сегіз жасынан бастап вокалмен айналысып келеді.

Кішкентай әнші өзі қатысқан бірнеше музыкалық балалар конкурстарында табиғи талантын орындаушылық шеберлігімен сәтті көрсете алды. Атап айтсақ, ≪Золотой микрофон≫ (1- орын; Қостанай қаласы 2014 жыл), ≪Аялаған Астана≫ (2- орын;. Астана қаласы, 2014 жыл), ≪Музыкальный вояж≫ (Гранпри; Ақтау қаласы, 2014 жыл), ≪Бозторғай≫ (Гранпри; Алматы қаласы, 2015 жыл), ≪Золотая пчелка≫ (2-орын; Халықаралық конкурс, Климович қаласы, Беларуссия, 2015 жыл).

Ал 2015 жылы Халықаралық ≪Славян базары≫ фестивалінің аясында өткен ≪Витебск-2015≫ балалар байқауында 17 елден келген 20 өнерпаздың арасынан озып шығып, тұңғыш рет Гранприді жеңіп алған қазақ қызы атанып, елімізде ғана емес шетелге де танылғаны баршамызға белгілі.

Луиза Нұрқуатова 2004 жылы Маңғыстау облысы, Ақтау қаласында туған. Әкесі Нысанбаев Нұрқуат шетелдік компанияда жүргізуші болып еңбек етеді.

Маңғыстауға танымал композитордың қызы – анасы Аралбаева Гүлбаршын Даниярқызы үйде бес баланың тәрбиесімен айналысады.

Untitled-1111112

Луиза қазір Ақтау қаласындағы ≪Дарын≫ мектебінің 6-сыныбында оқиды. Осы өнерпаз қыздың қазіргі жаңалықтары туралы білгісі келетін оқырмандарымыз бар екен. Оларға Луиза былай деп жауап жазыпты:

 «Бұл күндері мен «Бала дауысы – 2016» байқауына қатысуға дайындалудамын. Тағы бір үлкен жаңалығым:

«Славян базары – 2016» халықаралық байқауында өзімді жүргізуші ретінде сынап көрмекпін.

 Менің достарым өте көп. Біздің мектепте математика және ағылшын пәндері тереңдетіліп оқытылады.

Ал өзімнің аса ұнататын пәнім – әдебиет. Сабақ пен өнерді бірге алып жүру, әрине, оңайға соқпайды. Бірақ екеуіне де уақытымды жеткізуге тырысамын.

Әнді кішкентай кезімнен бастап айттым. Алайда үлкендер дауысым бар екенін байқап, мән бермейтін. Тек жасым сегізге толғанда ғана анам «Радуга» шығармашылық студиясына ертіп апарды. Содан бері вокалмен айналысып келемін. Өзім орындайтын әндердің ішінде «Feeling good» әні қатты ұнайды. Екінші сыныпта оқып жүргенде өзім де бір ән жазғанмын. Ол өлеңнің аты «Соңғы қоңырау» еді. Бірақ, кезінде жазып алу керек екен, қазір ұмытып қалыппын.

Былтырғы «Славян базары» байқауы мен үшін ұмытылмастай әсер қалдырды. Байқауға дайындаған –Медербекова Нұргүл Сапарбекқызы және менің жетекшім Хныкина Ольга Васильевна. Би жағынан дайындаған Серік

Сариев аға. Осы ұстаздарыма, әрқашан қолдап жүретін тілектес ата-анама, әжем, атам, тәтем, апа-ағаларым, тумаларыма алғысым шексіз.

Әдеби кітапты кішкентай күнімнен оқимын. Маған әсіресе ағылшын жазушылары ұнайды. Әрине, мен Абайдың «Қара сөздерін» оқимын, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін жақсы көремін. Ең сүйікті кітабым ол Марк Твен жазған «Том Сойердің қызықты оқиғалары» мен «Гекльберри Финнің хикаялары». «Робинзон Крузо», «Моя звездочка», «Гулливердің саяхаттары», «Сквозь волшебного кольца», «Он екі жасар капитан» – жақсы көретін кітаптарым.

 Дос таңдағанда адал, сыпайы, ақкөңіл, ақылды, әдепті,  тәрбиелі, мәдениетті балалармен достасқан дұрыс деп ойлаймын.

Әнші Жанар Дұғалованы үлгі тұтамын. Жанар Дұғаловамен бірге өлең айтқанды қалаймын. Бір күндері ол да орындалар деп ойлаймын. Өйткені мен әнші Маржан Арапбаевамен қосылып ән айтқанмын. Оның өзі жетістік деп санаймын. Болашақта халыққа ұнайтын өлеңдер жазып, қазақтың мақтанышы, әлемге танымал әнші болғым келеді. Әрине, ол үшін көп еңбек ету керек».

Біз де Луизаның әрқашан табысқа жетіп, өзі мақсат еткендей үлкен әнші болып өсуіне тілектеспіз!

Bala Bi журналы
Фотосуреттердің авторы: Талант Құсайын