konkurs den jurnalist

Журналистикаға қызығатын жастар арасында ұйымдастырылған байқаудың қатысушысы —

Зияда Тініқұл

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, филология және әлем тілдері факультетінің 3-курс студенті.

Байқау ережесін мына сілтемеден оқи аласыз.

 

Түбекке деген сағыныш

Алматыға бұл күнде сыймай-ақ жүр дегейсің…

Ибрагим Иса

Алатаудың таулы етегінде орналасқан ару қала Алматының баурайындағы төрт қабатты шағын пәтердің үшінші қабатынан сыртқа көз салып отырған мен үшін арақашықтығы үш мың шақырымдық ұзақ жолдарды қамтитын Маңғыстауым туралы жазу түбекке деген сағынышымның сызығын одан сайын тереңдете түсерін білемісіз сіз? Ызасы бетке ойнап шыға келетін намысқой, қиянат көрсе қарап тұра алмас турашыл, әділетсүйер боп атағы елге жайылған адуынды елі бар Жаңаөзеннің топырағын, әр тасы мен тауын көз алдыма елестеткен сайын туған өлкемнің әр белесіне шыққандай күй кешетінім тағы өтірік емес. Тектіден туған тентек жұрты бар, тепсе темір үзер азаматы жетерлік Жаңаөзен бір қараған жанға ішін ашпас жұмбақ, енді бір қараған жанға төбеден аспанси қарар тәкаппар.

Тарихы тым тереңде жатқан осы бір өлкенің далиып жатқан құба сұр даласының әр жықпылына көз жүгірткен сайын ішін бүгіп сыр бермей жатып алар көршінің көк бет әйелінің нақ өзі ма деп қаларсыз. Таңданбаңыз. Төбеңді тесіп кетердей боп төбеден күн шақырайған кезде қараңдаған көлеңке іздеп, қайда тығыларыңды білмей алақтаған жаның көк майса шөбі, ну жынысты орманы, биік-биік жайқалған ағашы бар өлкеге тап болмағаныңа іштей өкпе-наздың бәрін үйіп төгіп, бір сықпыртып та аларың сөзсіз. Ал көргені мен білгені мидай жазық дала болған, қолдағы барына шүкір-тәубе ететін тұрғындарына әсте ондай көл-көсір тілектің қажеті де шамалы.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында Өзен кен орнын түпкілікті зерттеу үшін қоныстанған барлаушылар есебінен бұл тұрақта алғашқы меке-жайлар пайда болып, тұрғылықты үйлер салынды. Өлкені зерттеген геологтардың жанқиярлық еңбегі далаға кетпей, бұл күнде табыстың басты көзіне айналып, қаншама мұнайшылар мен еңбекшілердің басын біріктірген үлкен кәсіпорны – мұнай мен газдың көзі ашылды. Кейіннен жәй ғана поселке ретінде аталған аймақ 1968 жылы қала статусын алып, мәдени нысандар мен тұрғын үйлер салуды бастап кетті.

Бұл күнде халық саны жүз отыз мыңнан асып жығылатын өлкенің экономикасы, білімі, мәдениеті мен әдебиеті де көш ілгері. Абыл, Нұрым, Ақтан мен Қашағандардың дүлей жырларынан бастау алған әдебиетімізде бүгінгі таңда жырлары халық аузында жиі айтылатын Сабыр Адай, Рахат Қосбармақ, Мейрамбай Қибасов, Темір Мыңжас, проза саласында қалам тербеген Үміт Жәлеке, т.б. ақын-жазушыларымыз бар. Сондай-ақ жастар арасында Әнуарбек Бимағамбет, Асылбек Жаңбырбай, Тілеген Әли, Алтынбек Алибаев секілді жас ақындарымыз бен Фархад пен Нұрлан Мұсаевтар, Абай Жолмағамбетов, Арғынбек Қалбай сынды айтыскер ақындарымыз да сөзді басты қаруы еткен өлең өлкесінің өрге ұмтылған таланттылары екені даусыз.

Рахмет Өтесінов сынды атақты мұнайшысы, Дәуіт Шайхисламов, Берік Сұңғатов, Бауыржан Зорбай, Райымбек Ералиев сынды талантты жастары, Ақмарал Кемелханова, Алтынай Сапарғалиева, Луина сынды күміс көмей әншілері мен Ләззат Елубаева сынды режиссері бар өлкенің мәдени тұрмысы да көңіл көншітерлік. Елге ерен еңбегі сіңген көрнекті тұлғаларымыз бен өнерімен халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген жастарымыздың қатары бұнымен тоқтамасы анық. Күннен-күнге қаланың көркейіп дамуы да толастамасын деп тілеймін! Жаңаөзеннің «жынды» дауылына арқаны тосып тұрып, құйынша соғар шаңын бір деммен жұтатын, үш күндік жолға барын салар бала шәкірттің сағынышы басылатын күн де алыс емес. Елу жылдығыңмен, Жаңаөзенім!

Алматы, 2018 жыл