konkurs den jurnalist

Журналистикаға қызығатын жастар арасында ұйымдастырылған байқаудың қатысушысы —

Артур БОРАНБАЙ

Жасы 25-те. 1993 жылы Форт-Шевченко қаласында дүниеге келген. Ш.Есенов атындағы КМТжИУ «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын бітірген. Студент кезінен қоғамдық жұмыстарға араласып, Түпқараған аудандық «Ақкетік арайы» газетінің тілшісі болған.

Жоғары оқу орынын бітірген соң «Ар.kz» тәуелсіз қоғамдық-саяси газетінің шолушысы және тілшісі, кейін редакторы қызметтерін атқарған.

Байқау ережесін мына сілтемеден оқи аласыз.

 

Шабай батырдың алғашқы ерліктері

Туған өлкем – Маңғыстау – ерте заманнан бері бахадүр бабаларымыздың жасаған қайталанбас ерліктерінің өнегелі ордасы болып саналады.

 «Маңғыстау анадайдан тоңазытқан,

 Жүрегін талай ердің қобалжытқан.» — деп дана халқымыз жыр еткендей, бұл өңір талай батырлардың қызғыштай қорыған «шаңды қиян» — атамекені. «Малым-жанымның садақасы, жаным-арымның садақасы» деп атадан балаға жалғасып келе жатқан ерлік пен елдік дәстүрді берік сақтап, атақонысын шетелдік басқыншылардан найзаның ұшымен, білектің күшімен, ақылдың шынымен қасық қаны тамғанша қорғаған қазақ батырлары Маңғыстау өңірінен көп шыққандығы дүйім жұртқа аян.

Маңғыстау қазақтары арасынан шығып, ерліктің озық үлгісін танытқан небір жайсаңдардың бірі – Шабай батыр Қонысұлы. Орал қалмақтары мен Еділ казактары, Хиуа түрікмендерінің жандайшаптарымен болған қансұрапыл шайқастарда айрықша көзге түскен Ер Шабайдың ерліктерін өлкеміздің ақын-жыраулары тебіреніп жырға қосса, тұспалдап, тақпақтап, мақалдап сөйлейтін сыншыл жұртымыз «Қазақта бір батыр бар Шабай деген» деп әлі күнге дейін тілге тиек етеді. Шабай Қонысұлы – 1768-1846 жылдары өмір сүрген тарихи тұлға, қазақтың майталман қолбасшыларының бірі. «Қоныстан 1768 жылы Шабай туылады. Бұл – Саураннан 60 үй Құнанорыс ауылын Байғұл, Айтыман, Тоқсан, Лабақ батыр бастап келіп, Жем-Сағызды мекендеп отырған кездері еді.» (1)

Маңғыстау қазақтарының тарихи – шежірелік мәліметтеріне сүйенсек, Ер Шабай нағыз текті тұлғалардың ұрпағы деп айтылады. Алапауыт күшімен жауларын кейін шегіндірген батырлығы жеті атасынан бері дарыған Шабайдың әкесі Қоныс пен атасы Мыңбай атағы жер жарған нар тұлғалы батырлар болатын. «Батырдың атамекені Маңғыстаудың Сам Өңірі. Нағашысы Қосай Жылқайдар батыр екен. Шешесі Әсемгүл ауыл, елге құрметті, аузы дуалы сөз иесі, еркөңіл, еркек қолдас адам болыпты.» (2)

Халық батыры Шабайдың туылуы туралы халық аузында сақталған мына аңызға назар аударайық:

«Әсемгүл анамыз бала көтеріп, толғағы қысқанда, жылан етіне жерік болып, басын асып жепті. Бұған таңқалған Қоныс батыр Құнанорыстың балгер-құмалақшыларын ордасына жинап:

— Әйелім толғағы қысқанда жыланның басын жепті. Осының мәнін түсінбегесін сендерге бал аштыру үшін ордама жинап отырмын-деп болған жағдайды түсіндіріпті. Жұрттың қалауы бойынша, бал ашып болған балгер кісі:

— Батыреке, бәйбішең тек «жауды шабамын» деп тұратын ұл туады. Бала туылғаннан кейін есімін Шабай қоярсың-депті.

Бал ашқанның айтқаны дәл келіп, Батырдың бәйбішесі күні жеткесін ұл-бала туып, атын Шабай қояды.»

Бұл – Ақшұқыр ауылының тұрғыны, естіміші мол, Қашаған ақынның жырларын асқан шеберлікпен айтатын көнекөз шежіреші, Адайдың Бәйімбет атты елінің Медет деген ауылынан шыққан марқұм Меңдеш әжеміздің айтқан әңгімесі болатын.

Халық ақыны Қалнияз (1816-1902) Шопықұлы өзінің «Ер Қармыс» дастанында :

 «Жүйрік атты Кедей бар.

 Бексауытты Жанақ бар,

 Қойсарыдан Қонай бар,

Он бес жасар Шабай бар.» (3)- деп Ер Шабайдың 15 жасында 250 атты жасақпен келіп, Самның бойында отырған Адайдың Қырықмылтық деген руының Ыстыбай, Сары ауылдарына тұтқиылдан шабуыл жасаған түрікмендерге қарсы соғысқан Төлеп батырдың 60 жігіттен құралған (кейбір деректерде «100 жігіт» деп те айтылады) жасағының арасында болғандығын баяндайды. Ол, әрине Ер Шабайдың шетелдік басқыншыларға қарсы жорықтарға ертерек қатыса бастағандығын танытады. «Оған куә – Ер Қармыс жорығында он бес жасында Хиуа шапқыншыларынан өзге батырлармен бірге кек алуы.» (4) Оның үстіне, 13 жасар Шабайдың жан айқайымен адам баласын сескендіріп, жүзін тайдырып отырған Табын Барақ батырдың ауылына жора-жолдассыз аттанып, қарт батырдың ақ батасын алып келгендігі туралы ескілікті әңгіме ел аузында осы күнге дейін айтылады. Тарихшы ғалымдар арасында дау туғызып, бірізділікке тұрақтамай келе жатқан батырға қатысты мәселелердің бірі – Хиуалық түрікмендер Адайдың Ыстыбай, Сары атты ауылдарын қай жылы шапқан? деген сауалға келіп тіреледі. Тарихи әдебиеттердің көпшілігінде аталмыш оқиғаның 1840 жылдары болғандығын көрсететін үрдіс тұрақты орын алған. Мәселен, тарихшы, дәрігер, ғалым, көрнекті қоғам қайраткері Халел Досмұхамедұлы: «Адайдың Мықтыбай-Сары деген ауылын түрікменнің үш жүз аламаны шауып алғанда, сексенге келген Қармыс деген батыр тоғыз жолдасымен қуып барып, жауды тоқтатып, соғысып өледі. Қармыстың артынан Төлеп батыр мен Шабай батыр жүз кісі жолдасымен қуып жетіп, түрікпеннің аламанын қашырып, алған малын, жесірін айырып алады. … Бұл оқиға 1840 жылдың шамасында болған.» (5) деп келтірсе, Маңғыстаулық тарихшы, өлкетанушы, ардақты әдебиетші Қабиболла Сыдиықұлы: «1840 жылдары Маңғыстау өңіріндегі Мықтыбай, Сары ауылын Хиуаның үш жүздей аламаны шауып кетеді. Жазықсыз елді қан жоса қылған қарақшылар қылығы кектендірген 75 жастағы Ер Қармыс тоғыз кісімен жауды қуып барып, көп аламанмен айқас үстінде ауыр жарадар болады.» (6) деп Ер Қармыстың жорықта қайтқан тұстағы жасындағы айырмашылығы болмаса, Халел Досмұхамедұлының берген жансақ деректерін қайталайды. Ғалымдар арасындағы дауды тудырып отырған оқиғаның кезінде Шабайдың 15 жаста болғандығы – негізгі басы ашық нәрсе. Оған жоғарыда аталған жауынгер ақын Қалнияздың атақты батырлық дастаны куәлік бола алады. Ер Шабайдың 1768 жылы Қоныс батырдың отбасында дүниеге келгендігін ескере отырып, оған батырдың Адайдың балықшы деген руынан шыққан Ер Қармыстың жазым болған кездегі 15 жасын қоссақ, аталмыш оқиға 1783 жылы орын алған болып шығады. Ескінің сарқыншағындай болып, ел ауызында сақталған тарихи деректерге сүйенсек, түрікмендерге қарсы адай жасақтарын басқарған Әнетұлы Ер Төлеп сол күнде орда бұзар отыз жасқа таяп қалыпты. Төлеп батыр 1756-1832 жылдары өмір сүрген болса, Далалық Ауызша Тарихнаманың бұл мағлұматтары шындық ауылынан кетәрі емес сыңайлы.

Қаратаудың ақпарындай ақындық шабыты бар Ақтан Керейұлы (1850-1912) өзінің «Бердәулет пен Жоламан» («Ерлік жыры»-С.А.) атты поэмасында:

 «Найза ұстаған Адайда,

Ер өткен жоқ Шабайдан.» (7) деп толғағандай, Кіші жүздің Табын деген руының ақсақалы Барақтан 13 жасында бата алып, 15 жасында Қара қасқа тұлпарының тақымынан тартып мініп, алғашқы рет жауға қарсы атой салған халқының қорғаны Ер Шабай есімі қазақ арасында үлкен ілтифатпен, қалмақ, түрікмен, казак жандайшаптары ортасында зор қорқынышпен жырлана бастайды.

Ендігі кезекте Шабай батырдың ерлік бастаулары турасында баяндалатын аңыздардың біріне тоқталып өткеніміз абзал:

«Баяғыда қалмақтар Ақтөбенің Шалқар деген аймағындағы жайылымға қазақтардың малын жайдырмай, қорлық көрсеткен деп айтады. Нұралы деген хан бастап, қазақтың батырлары құба-қалмақтарға қарсы аттаныпты. Сол кезде біздің Адайдың ел таныған жүректілері бас қосқан майданға Алты Қосайдың қарт батыры Атағозы мен он жетідегі Құнанорыстың Шабай дейтін жас батыры бірге кетіпті. Екі жақтың адамдары жинақталғаннан кейін, ортаға көк найзасын шошаңдатып қалмақ жақтан Тайшы деген батыр жекпе-жекке шығады. Нұралы ханнан бұйрық келіп, манағы Шабай дейтін жап-жас батыр «жекпе-жек» деп алға ұмтыла бастайды. Жас қыранға сенген қарт батыр Атағозы ақ жол тілеп, бата беріпті. Жекпе-жектің қызығына батқан Шабай найзасын екі қолымен қатар сермеп, жаңағы Тайшыны атынан құлатып, найза шаншып кетіпті дейді. Тайшы батырдың қансырап жатқанын көрген қалмақтар бас сауғалап қаша жөнелген. Қазақтар құба-қалмақтарды жеңіп, Шалқардағы Шаған деген өзеннің бойына қоныстана бастапты.» (8)

Бұл тарихи аңыздан байқағанымыздай, халық аузында қалмақ батырларының аттарының түрліше аталуы – Маңғыстау тарихында жиі кездесіп отыратын құбылыс екендігі баршамызға аян. Шын мәнінде, Ер Шабайдың қолынан жер құшқан қалмақ батырының аты Тайшы болмасы анық. Көптеген тарихи деректерде, Ақтөбе өңіріндегі Шаған өзенінің бойында болған қазақтар мен қалмақтар арасындағы айқаста Шабай батырмен күш сынасуға шығатын қалмақ батыры Серен деп айтылады. (9)

Уақыт өте келе әлдебір себептерге байланысты қалмақтың қолбасшысы Сереннің есімінің өзгеріске ұшырауы әбден ықтимал. «Қазақтың көне тарихында» Орта Азия мен Моңғолия жерінде 1635-1758 жылдары үстемдік құрған “Жоңғар империясының” қоғамдық-саяси құрылымына қатысты мынадай деректер берілген: «Шаруа халықтар өз ішінен «албатылар» және «шабинарлар» болып екі топқа бөлінген. Албатылар-әскери феодалдық шонжарларға, яғни хұнтайжылар мен тайшыларға, нояндарға және жайсаңдарға тәуелді болды.» (10)

Көрсетілген деректерден айқындалып отырғандай, тайшы – Жоңғар қонтайшысының қол астына қарайтын әскери-шонжарлар болып табылады. Соған байланысты, халық арасында «Серен Тайшы», яғни «Серен батыр» сөзінің «Серен» атауы түсіп қалып, «қалмақ батыры Тайшы» деп атанып кеткен деп топшылауымызға болады.

Халық батыры Ер Шабайдың алғашқы ерліктері туралы ауытқушылықтар жетіп артылады.

Шабайдың жастық шағында көрсеткен орасан зор батырлық қимыл-әрекеттерінің Маңғыстау тарихы үшін рөлі өте жоғары.

Сондықтан, Шабай батырдың ерлік бастамалары турасындағы тарихшы ғалымдар тарапынан жіберілген кемшіліктерді түзете отырып, тарихи-танымдық және ғылыми-теориялық тұрғыдан зерттей түскеніміз абзал.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Қуандық Нұранұлы. Ер Шабай. “Үш қиян” газеті, №11(85), 22.05.2002.
  2. Қабиболла Сыдиықұлы. Атамекен (мақалалар, толғаныстар).-Алматы: «Информ-А», 2001.-181 бет.
  3. Жыр-Дария. Маңғыстау ақын-жыраулары. Ақтау қаласы. 1995.-101-102 беттер.
  4. Қабиболла Сыдиықұлы. Атамекен (мақалалар, толғаныстар).-Алматы: «Информ-А», 2001.-181 бет.
  5. Халел Досмұхамедұлы. Аламан (Құрастырушылар, алғы сөзін және түсініктемелерін жазғандар – Ғарифолла Әнесов, Аманқос Мектепов, Шәмшәдин Керімов). — Алматы: Ана тілі, 1991.-131 бет.
  6. Қабиболла Сыдиықұлы. Атамекен (мақалалар, толғаныстар). — Алматы: «Информ-А», 2001.-183 бет.
  7. Б.И.Нұрдаулетова. Көне күннің жыр күмбезі. Алматы, «Жазушы» баспасы, 2007. — 199 бет.
  8. Форт-Щевченко қаласының тұрғыны, ардагер балықшы, 88 жастағы көнекөз шежіреші Бектеміс Жары руының төл перзенті Жаңбырбай Өмірбайұлының әңгімесі.
  9. Өмірзақ Озғанбай. Атан қамынан атом заманына дейін. – Алматы: «Нұрлы Әлем», 2007. — 336 бет+16 бет жапсырма. — 64 бет.
  10. Қазақтың көне тарихы / Дайындаған М.Қани. — Алматы: «Жалын» баспасы, 1993. — 269 бет.