1954 жылға дейін Маңғыстау ауданында 29 колхоз болды. Колхоз орталықтарының көбінде жеті жылдық, бастауыш мектептер болса, кейбіреуінде мүлде мектеп болмады. Жетінші класс бітірушілердің барлығын аудан орталығы Таушықтағы жалғыз Шахта орта мектебіне жинап, емтихан тапсыртатын. Сол жылы 30 оқушы 7 класс бітірдік. 1953 жылдан бастап Шахта орта мектебінде VIIІ класс төртеу болды. Интернатқа жағдайларына қарап қабылдайтын. Жататын үйі жоқ кластастарым Аңшыбай Науханов, Әбіш Қалиев, Қаниев Айса ауылға қайтып кетті.

Оқу басталды, кластастарымызбен таныса бастадық, достар таптық, ара тұра киноға баратынбыз. Бірде концерт болады деген соң Әбішке (Ниязов Мұқырдың үйінде, мен Жаманбаев Сағынның үйінде жатамыз) барайық деп едім. Ол VII класс. Барғысы келмейтін ыңғай танытқан соң, өзім кетіп қалдым. Клубқа барып, алдындағы апайға жалынып-­жалбарынып, маған орынның керегі жоқ, жерге отыра кетемін деп азар кірдім-­ау. Концерт басталды. Әуелі хор болды. Хабарлаушы жеке номерлерді хабарлап, жүргізе бастады. Бір уақытта жалаңбас, қос бұрымды, талдырмаш сары өңді қыз, отырғышқа жақындай бергенде: Құрманғазының күйі Адай. Орындайтын VIIІ класс оқушысы Дәуітова Қабақ деді. Жұрт тып тыныш күйді тыңдады. Орындап шықты. Жұрт ұзақ қол шапалақтап, қызды жібермей тағы күй сұрады. Қабақ «балбырауынды» орындап, болар болмаста көрермендер орындарынан тұрып кетті. Қабақтың аты тез тарады.

Мектеп балдары домбырашы қызды көруге класс есігін жаптырмай ұмтылып, жығылып, келген мұғалімге жол бермегенін көзімізбен көрдік. Қабақ «а» класында, мен «в» класын­ да болдым. Бұл Маңғыстаулықтардың тұңғыш рет домбыра тартқан қыз баланы бірінші рет көруі еді. Қабақ күйді өз бетімен, әркімнің тартуынан үйренген. Қабақ сөзшең, балдармен де тіл табысып үйренісіп кетті. Кешке интерната домбыра дыбысы басылмайтын. Қазірде телевизордан Айгүл Үлкенбаева күй тартқанда есіме марқұм Қабақ түседі. Отырғышта отырып, көрерменге әдемі, жұмсақ көз қарасы, домбыраны еркін ұстауы, өзіне-­өзі күш түсірмей тартқан күйлеріне жымиып отыруы, қандай тамаша еді!?

Қабақтан кейін Маңғыстаудан Розамыз шықты. Қабақ пен Роза алғашқы қарлығаштарымыз.

Тағы оқыңыздар: Жаңаөзенде қаңғыбас иттер қаптап кетті

Қабақты жақсы білетін азаматтарда азайды. Әріптес бірге жұрген әнші-­күйшілер Туғанбаева, Ахметова, Білеубаев, Жұмағалиев, Сабытаев, Ыбыраев, Омарова т.б. азамат­тар бар. Ауданда соңғы жылдарда жақсы бастама, белгілі азаматтарға мектеп аттары берілді. Соғысқа қатысушы азаматтарға көше атын беріп, мәңгілік есте қалдыру үрдіске айналғанына қатты қуандық. Енді есімін мәңгі қалдыруға тұрарлық тұлғамыз Маңғыстаудың төл перзенті, тұңғыш домбырашы қызымыз Қабақ Дәуітқызы деп ойлаймын. Сондықтан күйші қызымыздың атын мәңгі есте қалдыру үшін аудандағы мәдени орындардың біріне «Ай Қабақ» деген ат берсек еш артықшылығы жоқ деп ойлаймын. Қабақты білетіндер, әріптестері, мәдениет қызметкерлері қолдайды деп сенемін.

Бисенғали ӘБІЛДІКҰЛЫ,

ауданның Құрметті азаматы