латын

Латын әліпбиіне көшу мәселесі осыдан жиырма жыл бұрын басталған. Соңғы он жылдықта бұл мәселе өте белсенді түрде көтеріле бастады. Жақында ғана біздің Ел­ басымыз Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру жобасы бойынша жұмыс тобының мүшелерін қабылдады. Латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Сол себепті де өркениеттен қалмау үшін бізге бұл тұрғыда шапшаңдық таныту да қажет. Өйткені, «Көрінген таудың алыстығы жоқ» демекші, 2025 жыл да иек астында тұр.

Еліміздің үздіксіз білім беру жүйесінде қазіргі заман талаптарына жауап беретін, білім, білік дағдылары жоғары деңгейде қалыптасқан озық ойлы дарынды тұлға тәрбиелеу жолында ұстаздар қауымына үлкен жауапкершілік пен жаңа міндеттер жүктелуде. Яғни, мектепте оқу үрдісінің барысы әр түрлі педагогикалық әдіс­-тәсілдермен жүйелі түрде шығармашалық ойларын дамытып ғылыми көзқарасы мен белсенділігін арттырады. Жазу – ортақ мәдениеттердің жалғасы, яғни руханияттың ажырамас бір бөлігі. Елбасының өзі айтқандай, қазақ тілі — ол біздің рухани негізіміз. Осы жолда тілдің халықаралық мәртебесін көтеру біздің әлемдік өркениетке жетуіміздің басты кепілі. Сонымен бірге, жаңа әліпби – бүкіл әлем қазақтарын біріктіретін өте маңызды фактор. Қазақ жазуын латын әліпбиіне ауыстыру қажет пе, қажет емес пе деген мәселенің мәні шешілер сәті туды. Адам қателесуі мүмкін, қоғам да қателесуі мүмкін, тіпті заман да қателесуі мүмкін. Ал уақыт қателеспейді. Уақыттан өткен данышпан болмайды. Уақыт өз сөзін айтып үлгерді. Латын жазуы уақыттың сан ғасырлық сынынан өтіп болды. Қазір әлемдегі халықтың 80 пайызы латын графикасын игеріп, пайдаланып отыр. Әлемдегі ақпараттың 70 пайызы осы таңбамен таратылады. Латын әліпбиіне көшу бастамасы Қазақстанның рухани болмысы мен қоғамдық ой­санасын өзгертіп, жаңғыртуға зор үлесін қосады. Яғни, бұл қадамды жүзеге асыруға саяси, экономикалық, әлеуметтік негіздеме және қоғам тарапынан сұраныс болды деп толық айта аламыз. Әліпбиді өзгертудің тағы бір ерекшелігі, латын графикасы жер жаһанға кең тараған, соның арқасында жастар ғаламтор арқылы ақпарат айдынына еніп, білім мен ғылым саласындағы кеңістікке еркін енеді. Жаңа әліпби жаңарған елдің нышаны ретінде көнені келмеске кетіріп, сананы тілге тәуелсіздік әпереді, мәдени тұтастықты орнықтырып, ақпарат кеңістігін дербестікке жетелейді. Әліппе — мәдениеттің өлшемі, сонымен қатар ұлттың таңбасы, елдіктің айшығы, мемлекеттің тәуелсіздігі мен тұтастығын айқындайтын символдардың бірі. Бұл тұрғыдан алғанда төл таңбамызды белгілеу — өркениет жолын да белгілеу деген мағынаны береді. Сондықтан осы арқылы Мәңгілік ел мұратын тұғырлы ететін тарихи таңдау жа­ салды деп ойлаймын. Біз, білім саласының қызметкерлері, ұлттық құндылықтарымыз бен тари­ хымызды дәріптейтін, халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан адамгершілік қасиет­ теріне сүйенетін рухы биік «Мәңгілік елді» құру жолындамыз. Бұл жолдағы басты міндетіміз — ұлттық нақышымызды сақтай отыра, заманауи талаптарға сай білімді және өркениетті ел болу. Яғни, латын әліпбиіне көшу — қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп­өркендеуіне, болашақта еліміздің жан­жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелері сөзсіз. Сонымен қатар, бұл процесс — түбі бір, тарихи ортақ түркі халықтарымен жақындастыра түсетіні де маңызды факторлардың бірі. Олармен бірлесе отырып, гуманитарлық және ғылыми зерттеулерді жаңа сатыға көтеруге мүмкіндігіміз мол. Латын әліпбиі жалпы түркі халықтарының ортақ түсінісетін жазуы болары сөзсіз. Мемлекетіміз өз дамуының жолдарын стратегиялық түрде алдынала айқындап,залал-зиянсыз алға өрлеп келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кемел саясаткерлік, кемел стратегтік қолтаңбасы екенін халқымыз да, әлем де көріп, көз жеткізіп, жоғары бағалап отыр. Атап айтар болсақ, «Қазақстан­2050», «Нұрлы жол», «Мәңгілік Ел» сынды темірқазықтай айқын стратегияларымыздың жалғасындай әрі олардың әрбірінің өзегіндей болып қабылданған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы бүгінде бүкілхалықтық қолдау тауып, қоғамдық ой­-пікірде стратегиялық дамуымызға деген халық сеніміне зор серпін беріп отырғанын айрықша атап айтқым келеді. Қорыта айтсам, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру туралы мемлекет саясатын барша білім қызметкерлері болып қолдап, жүзеге асуына белсенділік танытатынына сенімдімін. Жаңа әліпбиді қабылдау осы кездегі заман ағымының дамуына сәйкес қажетті және өте маңызды шара екенін білім саласының өкілі ретінде өзім толықтай түсінемін және қолдаймын.

Қалжан ЕҢСЕГЕНОВА,

А.Меңдалыұлы атындағы орта мектептің директоры