Соңғы жылдары еліміздің жастарына қолдау көрсетіп, тегін білім алуына, халық игілігіне қызмет істеуіне ықпал етіп келе жатқан – «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» — «Серпін» жобасы жайлы бірі білсе, бірі білмес. Оңтүстік, батыс аймақтағы жастарды солтүстік, орталық, шығыс өңірлерге тартып, ондағы экономиканы, өндірісті дамытуға  үлес қосып жүрген жоба бүгінде өз ауқымын кеңейтіп келеді. Оны жыл сайынғы «Серпін» бағдарламасы бойынша оқуға тапсырушылар санының артуынан анық аңғаруға болады. Дегенмен бұл бағдарлама аясында Маңғыстаудан оқуға аттанатындар саны анау айтқандай көп емес екен. Оны жоба өкілдері ақпараттың халыққа толық жеткізілмеуімен байланыстырады.  Осы мақсатта өңірімізге арнайы келген Ұлттық жобалар басқармасның бастығы Күлзия Тобатаевамен тілдескен едік. Бағдарламаға қатысты барлық сұрағымызды қойдық. Сіз де оқи отырыңыз.

«Серпін» бойынша білім алатын жастардың болашағы өте зор

-Құрметті Күлзия ханым, алдымен «Серпін» бағдарламасы жайлы айтып өтсеңіз. Жобаның негізгі мақсаты қандай?

-«Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» — «Серпін» әлеуметтік жобасы өз жұмысын 2014 жылы бастады. Бұл жобаның негізгі мақсаты – бірінші, экономикалық. Ол еңбек күші тапшы, бала туу көрсеткіші төмендеп кеткен (40 пайыз) өңірлер – ШҚО, Павладар, Ақмола, БҚО, Қостанай, Атырау, СҚО,  Қарағанды облыстарына жастарды тарту мақсатында жасалған оқу миграциясы. Жоба бойынша былтырға дейін 22, биыл 24 ЖОО және 55 колледжге 18-29 жас аралығындағы жастарды оқуға қабылдайды. Қазіргі таңда бұл жоба бойынша 12 мың студент білім алып жатыр. Биыл 4513 грант бөлінді, оның 3793-і ЖОО-ға, 720-сы колледждерге немесе кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарына берілді. ЖОО-ға бөлінген 9793 гранттың 1555-і білім саласына, 1898-і техникалық, 345-і ауылшаруашылық мамандықтарына бағытталған. Қазір Ш.Есенов атындағы КМТжИУ-де 22 оқу орынның өкілдері отыр, 24 оқу орнына құжат қабылдап жатыр. Ал колледжге түсемән деушілер 3 шағын ауданда орналасқан Маңғыстау энергетикалық колледжі ғимаратына келіп, құжат тапсыруларына болады. Биыл 22 колледж оқуға құжат қабылдап жатыр. Соның ішінде Павлодар облысының Баянауыл колледжі, Ақмола облысы Ерейментау ауданындағы агро-техникалық колледж, Қостанай қаласындағы және БҚО колледждері де бар.

-Бұл жоба несімен ерекшеленеді?

-Біріншіден, экономикалық маңыз, екінші, әлеуметтік маңыз. Жоғарыда аталып кеткен солтүстіктегі өңірлердің экономикасын көтеру. Әлеуметтік маңызы – еңбек күші артық, бала туу  көрсеткіші жоғары (60 пайыз) Маңғыстау, Алматы, Қызылорда, ОҚО және Жамбыл облысының жастарын сол өңірлерге тарту, оқу миграциясын жасау.

-Неліктен Маңғыстау облысына ерекше  көңіл бөлініп отыр?

-Қазіргі таңда 12 мың студенттің 50 пайызы – ОҚО студенттері. 31 пайызы – Қызылорда, 8 пайызы – Жамбыл, 7 пайызы – Алматы және 5 пайызы – Маңғыстау облысының студенттері. Яғни, «Серпін» жобасы бойынша оқып жатқан білімгерлердің ең азы осы Маңғыстау облысынан. Сондықтан облыстың, Жаңаөзен қаласы әкімдігінің сұрауы бойынша өңірлеріңізге келдік. Осымен үшінші рет келіп отырмын.

-Бұл бағдарлама бойынша Маңғыстаудан оқуға тапсырушылар саны неліктен аз деп ойлайсыз?

-Қазақтарда бір әдет бар ғой, мойнымызды бұрмаймыз, ойланбаймыз. Атырауға немесе Ақтөбеге бара саламыз. Оралға барамыз не Есеновтен шықпай қаламыз. «Серпін» жобасына кіретін ЖОО мен колледждердің бір ерекшелігі – заманауи технологиямен жабдықталған. Балалардың бәсекег қабілетті мамандықты меңгеріп шығуына жағдай жасалған. Кім біледі, олардың арасында зауыттың директоры не облыстың әкімі отырған болар немесе керемет бір шахтаның директоры отырған шығар. Жаңаөзен халқымен, Мұнайлы ауданы тұрғындарымен, осы Ақтау қаласындағы Білім инновациялық лицейінде мың жарым халықпен кездестім. Бәріне түсіндірілді. Бұрын құжат қабылдауға 5-6 ЖОО өкілдері ғана келетін, биыл көбейтілді. Университеттен үш аудитория бөлінді. Әр ЖОО-ның ректорларына дейін шығып, өзім шақырттым. ШҚО-дан үш күн жол жүріп келді.

-Бұл бағдарлама бойынша оқуға қабылдану үшін түлектерден не талап етіледі?

-Оқушылардан ештеңе талап етілмейді. ЖОО-ға түсу үшін ҰБТ тапсыру керек. «Сен Серпінге түсесің. Кез келген ұпаймен өте аласың» деген пікір болмауы керек. ҚР Білім және Ғылым министрлігінің бекіткен жалпы ережесі барлығына ортақ. Біз ешқандай ерекшелік жасамаймыз. Сол грант, еш жерге «Серпінсің» деп жазылмайды. Құжат тапсырған кезде ғана жобаға кіретін ЖОО-ның шифры тұрады. Сол шифрмен ғана құжат тапсырады. Одан соң тестілеу орталығына барған кезде  — «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» деген бағанмен шығады. Сол жерден 1-10 тамыз аралығында грант иегерлерінің тізімін білуге болады. Басқа ЖОО-лардан ешқандай айырмашылығы жоқ. Сырттай бөлімдері де, басқа да мамандықтар бар. Біздің мамандықтар bolashak-serpin.kz  сайтында ілініп тұр. Басқа да «серпін» деген атпен ашып алған алаяқтардың сайттары көбейіп кетті қазір. Бірақ біздің сайтымыз bolashak-serpin.kz, осыны қарау керек.

Ал енді колледжге құжат тапсыру жеңілірек. Өздері таңдаған оқу орындарымен хабарласып, құжат тапсырған кезде мамандық бойынша шағын тест тапсырады. Одан соң олардың қай уақытта келетінін хабарлап айтады.

-ҰБТ-дан аз ұпай алған студенттерге «Серпінге» тапсырыңдар, аз ұпаймен де грантқа түсіп кетулерің мүмкін» деген сөзді құжат қабылдаушылардан естіп жатамыз. Осы қаншалықты рас?

-Жоқ, олай емес. Халық шатасып қалмасын, төмен ұпай алған бала ЖОО-ға түсе алмайды. Өйткені ереже бәріне бірдей.  «Мәңгілік ел жастары индустрияға – Серпін» әлеуметтік жобасына жоғарыда айтып кеткен бес өңірдің балалары қатысады. Ең төмен ұпай былтыр колледждің өзіне 65 болды. Міне, екі күн болды осында жүрмін. 51,55 ұпаймен де өтпей жатқан балалар бар. Техникалық мамандықтар өте күрделі мамандықтар. Ол өңірлерде орыс тілі жақсы дамыған, сондықтан балаларға онда барған соң бірінші орыс тілін үйретеді. Ал техникалық мамандықты тез игеріп кету үшін қазақ, орыс тілдерін меңгергеннен кейін ағылшын тіліне көшіреді. Семей қаласындағы Қазақ гуманитарлық-заң инновациялық университетінде 22 «Серпіндік» студент оқып жатыр. Оның ішінде Маңғыстаудың да балалары бар. Олар Польша еліне барып 6 ай оқып келді. Қазір ол балалар төрт тілді, қазақ, орыс, ағылшын және поляк тілдерін меңгеріп шықты. Бұл жобаның бірінші мақсаты – халықаралық деңгейге шығу. Келесі жылы 1978 ЖОО студенті бітіргелі отыр, оларға «Серпіннің» магистратура грантын береміз. Халықаралық бағдарлама орталығына неге кіріп отырмыз? Біз қазір министрліктің шешімімен сол бағдарламаның ішінде «Серпін» ұлттық жобалар басқармасын құрып отырмыз. Сол басқарманың ендігі жұмысы – балаларды докторантураға, доктор PhD-ға жіберу. Яғни, «Серпін» бойынша білім алған жастардың болашағы өте зор.

-Студенттерге қолайлы жағдай қарастырылған ғой?

-Қазір «Серпін» бойынша оқып жатқан 12 мың студенттің барлығы жатақханамен қамтамасыз етілген. Колледждің студенттері бүгінге дейін жатақханада тегін тұрды. Биыл жұмысшы мамандығын таңдаған балаларға тегін тамақ та қарастырылып отыр. Ал ЖОО-ларға 3000 теңгеден асырмаймыз. Яғни, айына жатақхананың бағасы 2, 2,5 мың. Студенттердің барлығы шәкіртақымен қамтамасыз етілген.

-«Серпіннің» түлектеріне тоқталып өтсеңіз.

-ЖОО-дағы алғашқы түлектер келесі жылы қолдарына диплом алады. Ал колледждегі 125 түлек оқуын бітірді. Оның 69-ын жұмысқа орналастырдық, 45-і «Серпін» грантымен ЖОО-ға түсті, үшеуі әскерге кетті, 8-і – ата-аналарының жағдайларына байланысты үйлеріне қайтарылды. Бірақ ол балалар кешенді тесті тапсырып, қайтадан келгелі жатыр. Ал биыл 1007 студент колледжді тәмамдады. Қазіргі таңда соның 486-сын жұмысқа орналастырдық. Ал 436-сы ЖОО-ға құжат тапсырып жатыр. Оны енді күзді күні көреміз. 16 бала әскерге кеткелі жатыр екен.

-Яғни, сіздер түлектердің жұмысқа орналасуын да қамтамасыз етесіздер ғой?

-Ол баланың өзіне байланысты. Алдымен жақсы оқып, өзін көрсете білуі керек. «Серпінмен» оқытады екен де, бар жағдайды жасайды екен» деген ой болмауы керек. Мен қаншама диплом қорғау шарасына қатысып жүрмін, сонда менің көзімше «Серпіндік» балалардың жартысынан көбін өздеріне алып қалып жатты. Колледжге жұмысқа қалдырылғандары да біршама. Өйткені ол жерде маман жоқ. Осы жылы Риддер қаласында 22 бала оқу бітірді, шахтерлар. Олар өндірістік тәжірибеден өтіп жүрген кезде-ақ 160 мың теңгеден айлық алып отырды. Ал диплом алғаннан кейінгі айлығы 300 мың теңгеден артық болады. Алдағы уақытта оларға үй бергелі жатыр. Өйткені ол жаққа, қайталап айтамын, жұмыс күші керек. Мамандық таңдай білген, алдына мақсат қойған жастар сол жерлерге барып оқуы керек.

-Бұл жоба бойынша солтүстік өңірлерде білім алған балалар өз өңірлеріне қайтып, сонда жұмыс істеймін десе, кедергі жоқ па?

-12 мың студенттің «қайтамын» деп отырған ешқайсысын көрмедім. Өйткені ол игерген мамандық сол өңірге керек. Мен 12 мың студенттің көзіне қараған адаммын, 75 ЖОО-ның барлығын аралап, барлық баламен кездесіп шықтым. Біреуі де қайтамыз деп айтқан емес. Қазір кешенді тест тапсырып жатқандар өте алмай қалсақ, қайтадан келіп, жұмысқа орналасамыз деп жатыр. Ал әкімдіктің сұрауы бойынша немесе ата-аналарының, отбасының жағдайына байланысты қайтамын деген жағдай болса, біз де адам баласымыз, біз де түсінеміз. Бірақ ондай бірен-саран ғана болуы мүмкін. Негізгі мақсат – сол барған өңірінің экономикасын, еліміздің экономикасын көтеру. Неге техникалық мамандықтарды көбейтіп жатырмыз? Өйткені зауыттар, фабрикалар, өндірістердің барлығы қозғаусыз тұр, соларға мамандар дайындап жатырмыз. Мәселен, геодезия және картогафия деген мамандық бойынша биыл 41 студент бітірді. Олардың 10-ы ғана ЖОО-ға тапсырып, 31-і Шығыс Қазақстан өңіріне жұмысқа қалды. Өйткені мұнда ондай жұмыс жоқ. Маңғыстаудың бәрі мұнайшы болып кетпейді ғой. Мұнай да таусылады. Сондықтан Маңғыстау жастарын біз басқа мамандықтарға шақырып жатырмыз. Құжаттар шілде айының 23-31 аралығында қабылданады. Ал колледждерге 20 тамызға дейін тапсыруға болады.

-Әңгімеңізге рахмет.

 Теңге БЕКМҰРЗАЕВА