ҚР Орталық коммуникациялар қызметі Маңғыстау облыстық алаңында өңірлік кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Венера Мұстапаеваның қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

«Өңірде туындаған көгілдір отын тапшылығы жөнінде мәлімет беріп кетсек. ҚазГазӨңдеу зауыты айына 14 мың тонна газ көлемін ішкі нарыққа жөнелтеді.  Осыдан екі жыл бұрын аталған көрсеткіш 11 мыңды құраған еді. Дегенмен, халықтың көгілдір отынға сұранысы жыл өте еселеп артуда. Жол бойы құжынаған көлікке лық толы. Автокөліктердің 70 пайызы газбен қозғалады. Көгілдір отынды негізгі кәсіп көзіне айналдырғандар жетерлік. Маңғыстау өңірі республика бойынша газ құю стансалары ең көп аймақ ретінде есептелінеді. Мәселен, газ саудалайтын 176 кәсіпкер,  216 газ құю стансалары тіркелеген. Газ тұтыну көлемі Алматы, Шымкент, Астана сынды халық саны көп әрі тығыз орналасқан мегаполистермен салыстырсақ бірнеше есе жоғары. Өткен жолы ҚазГазӨңдеу зауыты өте ескірген, күрделі құрылыс жұмыстарына зәру екендігін мәлімдедік.  Мамыр айында зауыт аумағында бір жұмаға созылатын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, осы уақыт аралығында газ өңдеу ісі тоқтатылатындығы туралы хабарланды. Соның нәтижесінде мамыр айында өндірілетін көгілдір отын көлемі 2 мың тоннаға қысқаратындығы да айтылды. Егер бұрын тәулігіне 450 тонна газ ішкі нарыққа жөнелтілсе, бір жұмада 210 тоннаға төмендеп кетті.

Маңғыстау облысы әкімдігінің Энергетика министрлігімен бірлесе атқарған іс-шаралары нәтижесінде Ақтөбе облысындағы «SNPS – Ақтөбемұнайгаз» АҚ тарапынан 2 мың тонна көгілдір отын Маңғыстау өңіріне тасымалданатындығы мәлім болды. Сонымен қоса газ тиеу бекеті Қостанай облысы болып белгіленді. Дегенмен, транспорттық-логистикалық ерекшеліктер мен  тасымалдау барысында кезігетін қиындықтарды ескере отырып, екі аптаға созылған келіссөздер нәтижесінде газ тиеу бекеті «Ақтау Порты» аумағына ауыстырылды.

Энергетика министрлігінің шешімі бойынша сәуір айының 25-і күні тасымалданған көгілдір отын Ақтау қаласындағы газ құю бекеттеріне таратылады. Облыс әкімдігі бекіткен жұмыс тәртібіне сәйкес газ тарату барысы тізімге сәйкес іске асады. Кәсіпкерлер тізімге тіркеліп, күтуде. Сонымен қоса, өңір басшысының тапсырмасына сәйкес «Жас Отан» Жастар қанатының өкілдері  газ құю бекеттеріне қоғамдық бақылау  орнатады. Барлық іс-шаралар облыс әкімдігі мен тиісті мемлекеттік құрылымдар тарапынан қадағаланады. Сонымен қоса, апта сайын жауапты тұлғалар БАҚ қызметкерлерімен кездесіп, сауалдарына жауап береді. Айта кетер жаңалық, ҚазГазӨңдеу зауытында жөндеу жұмыстары аяқталды. Кәсіпорын бүгіннен бастап толық қуатпен өндіріске кіріседі»,-деп мәлімдеді Венера Мұстапаева.

Голрох Жеменей