Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен 1 мамыр- Қазақстан халықтарының бірлігі күніне арналған мерекелік шара «Достық» үйінде болып өтті. Өлкемізді мекендейтін түрлі ұлт өкілдері өздерінің және қазақтың ұлттық тағамдарын дайындап, асыл тастармен көмкерілген киім үлгілерімен таныстырды.

Ұлттық тағамдар мен киімдер көрмесіне түрлі этнос өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер және қала тұрғындары жиналды. Бүгінгідей әлемдік дағдарыс пен өзгерістер тұсында халықтар бірлігі мен достығы маңызды болып отыр.

-«Достық» үйіне қош келдіңіздер! Қазақстан халықтарының бірлігі күні қарсаңында өткізіліп отырған шараға аймағымыздағы түрлі этнос өкілдері белсенді араласуда. Өйткені, біздің елімізде халықтар ассамблеясы институты жақсы дамыған. 17 миллион қазақстандық үлкен бір отбасы тәрізді. Біздің облысымызда тұратын өзге ұлттар да ел дамуына өз үлестерін қосуда,- деді облыс әкімінің орынбасары Б.Нұрғазиева.

Маңғыстауда 21 этнос өкілдері тұрады. Олардың барлығы да өзге жерде жүрсе де, діндеріне берік, өз ұлтының салт-дәстүрін сақтап, туған тілінде сөйлейді.

Саясаткер ретінде ғана емес, қарапайым азамат атынан айтатын болсам, мен қазақ жерінен қонақжайлылық пен адалдықты таптым. Тағдыр жолында қызметімді ауыстырып, өз еліме кетсем де, бәрібір Қазақстанға қайта оралдым. Осы бір ақжарқын, достыққа берік, ынтымақшыл қазақ халқына аса ризамын!- дейді Ақтау қаласындағы Әзірбайжан Республикасының бас консулдығының жетекшісі, консул Э.Зейналов.
Ақтау қаласындағы биік те әсем ғимарат «Достық» үйінде жиі бас қосатын этно-мәдени бірлестіктер өкілдері ұлттық тағамдар дайындап, киім үлгілерін көрсетті. Әр тағамның өз дәмі, киімдердің өз тарихы бар.

Ұлттық киімдерді күнделікті киіп жүру қиындау. Бірақ, ғасырдан ғасырларға жеткен ата-бабамыздың қолынан шыққан ұлттық жәдігерлер мен бұйымдарды дәріптей білу – жас ұрпаққа міндет. Би, музыка, ән – ұлттың мінезін, болмыс-бітімінің көрінісі іспеттес.

Башқұрттың ұлттық киімі өте бай әрі әдемі. Ердің де, әйел адамның да киімі ялян деп аталады. Конус пішіндес ер кісінің бас киімі яғни башлык қымбат бағалы аң терілерінен тігіледі. Әйел киімі қызыл түстен тігіледі, ондағы мақсат – жын-шайтаннан қорғау екен. Өйткені, әйел — ошақтың анасы, үйдің тұтқасы. Көйлек жарқырап әрі сыңғырлап тұрады, жағасы күміс тастармен көмкерілген. Өкінішке орай, ұлттық киімдерді башқұрттар қазақтар секілді көп кие бермейді,-башқұрт этно-мәдени орталығы жетекшісінің орынбасары Э. Рахманова.
3 күнге созылатын көрме барысында қала тұрғындары ұлттық тағамдардан дәм татып, киім үлгілерімен танысады. Ұйымдастырушылар келушілерге Қазақстан жерінде тұратын халықтардың тарихы мен мәдениетінен мәліметтер береді.

Анар ШАМШАДИНОВА