Өткен сенбі күні Маңғыстау облысы әкімі ғимаратының үлкен залында, облыс әкімі А.Айдарбаевтың және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Төрағасының орынбасары А. Шпекбаевтың қатысуымен «Сыбайлас жемқорлықпен күресу, оның алдын алу бойынша атқарылған шаралар» тақырыбында семинар кеңес өтті. Бейне-конференция байланысы арқылы  өткен семинар-кеңеске селекторлық онлайн режимде облыс көлеміндегі барлық аудан, қала, елді мекен басшылары қатысты. Осыған байланысты, Қарақия ауданы әкімдігінің мәжіліс залына аудан басшылығы және барлық ауыл әкімдері мен бөлім, мекеме басшылары селекторлық семинарды тыңдады.

Семинарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбындағы баяндама тыңдалғаннан кейін, еліміз көлеміндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттағы атқарылған жұмыстар және мемлекеттік қызмет, сондай-ақ Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы таныстырылды. Сонымен қатар, қылмыстық-құқықтық саясатқа тоқтала келе, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған лауазымды тұлғаларға қатаң жаза қаралғандығын және бұл жаңа Қылмыстық кодекс те іске асырылып жатқандығын жеткізді. Сыбайластық жасап, пара алу үстінде ұсталған мемлекеттік қызметкерлер мен танымал шенеуніктер туралы жайсыз жаңалықтарды   бейне жазбалар арқылы  айқын көрсете отырып, ашық әшкереледі. Расында, оқиға ойландырмай қоймады. Бір кездері елімізге елеулі еңбек етіп, қоғамға танымал болған талай ардақты азамат аяғын шалыс басып, сыбайлас- жемқорлыққа жол бергені үшін, бір сәтте абыройдан жұрдай болғаны, өкінішті. Сыбайлас  жемқорлықтан сақтану, алдын алу мақсатында өткен селекторлық семинарды қорытындылаған  аудан  әкімі Ә.Дауылбаев ауыл әкімдері мен бөлім, мекеме басшыларына, сондай-ақ, әрбір мемлекеттік қызметкерлерге ескерту жасап, өзіне лайық этиканы ұстанып, адал, өз елінің патриоты  ретінде мінсіз қызмет атқаруды тапсырды.

Адамды абыройдан жұрдай ететін арам былықтан, төрдегі басыңызды есікке сүйрейтін ерсі қылықтан сақ болыңыз! Жемқорлық жерге қаратпасын!

 

Аршын КЕРЕЙ