Жазғы демалыс екендігіне қарамастан Ақтау қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 2 оқушысы 17-шілде мен 7- тамыз аралығында Малайзияда үш апталық жазғы дайындық курсынан өтіп қайтты.

Мектептегі педагогикалық кеңестің шешімімен: 12 «B» сынып оқушысы Сәттіғали Жолдасбай және 10 «C» сынып оқушысы Аман Жұмабек Куала-Лумпур қаласындағы Ноттингем университетінде «STEM Summer Programme 2016» бағдарламасы бойынша үш апталық курсқа жіберілді.

IMG_3671

— Оқушыларымызды Куала-Лумпурға жіберу үшін іріктеу жасау оңай болған жоқ. Педагогикалық кеңес барлық үміткерлерді обьективті тұрғыдан бағалап, оқуда да, мектеп өмірінде де белсенді әрі бағдарламаға қызығатын оқушыларды дауыс беру арқылы таңдады. Шет елге баратын болған соң оқушылардың ағылшын тілін білуі де маңызды рөл атқарды, — дейді іріктеу туралы мектеп директорының кәсіптік-сынақ жұмыс жөніндегі орынабасары Ринат Жұмабаев.

«STEM Summer Programme 2016» бағдарламасы бойынша университетке аттанған «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» 42 оқушысы «биоғылым, биомедицина, фармацевтика» және «информатика және инжиниринг» модульдері бойынша курстарда оқыды.

— Куала-Лумпурға үш аптаға оқуға баратынымды білгенде қатты қуандым. Бұл мен үшін үлкен мүмкіндік еді. Түрлі практикалық, лабороториялық жұмыстар жасадық. Алғашқы күні Ноттингем Университетінің малайзиялық кампусының тарихына тоқталудан бастадық. Аталған университет 2004 жылы ашылған. Қазіргі таңда әлемдегі ең үздік 100 оқу орнына кіреді. Мен «информатика және инжиниринг» модулі бойынша оқыдым. Бағдарлама барысында Scratch, Python сияқты бағдарламалау түрлерін, криптография, инжиниринг, геодезия және т.б үйрендік. Сонымен қатар Yakult сүт өнімдерін өндіретін зауытына барып, өндіріспен таныстық,- дейді Жұмабек Аман курс жайлы.

Ал «биоғылым, биомедицина, фармацевтика» модулі бойынша оқыған Сәттіғали Жолдасбай курстан алған әсері жайлы былай дейді:

— Мен «биоғылым, биомедицина, фармацевтика» модулі бойынша оқыдым. Әр күні бізге әр түрлі профессор дәріс өткізіп, микробиология, днк, аурулар түрлері, олардың дамуы мен емдеу жолдарымен, жануарлар организміне қатысты деректермен таныстық. Лабораториялық жұмыстар жасап, өсімдіктер отырғызып, оның өсу жолдарын бақыладық. Біз жәй ғана биологияны оқып қоймадық. Сонымен қатар, фармацевтика, микробиология, экология, психология, биотехнология тақырыптарын да қозғадық. Нақты мысал келтірер болсақ, біздің топ күнделікті өмірде қолданатын аспирин дәрісін жасаумен айналысты. Дәрі-дәрмек жасаудың оңай еместігін сынағымызды бірнеше рет қайталауға тура келгеннен кейін түсіндім. Сонымен қатар, біз сәбіз бен бұршақ өсірдік. Бұл да біздің үнемі бақылаған еңбектеріміздің бірі болды.

IMG_3843

Үш апталық курс барысында қатысушылар арнайы күнделік толтыру арқылы алған білімдерін қорытып отырды. Жас зияткерлер алдағы уақытта білімдерімен сыныптастарымен бөліспек ниетте.

— Бұл курс маған көптеген танымдық ақпарат беріп қана қойған жоқ. Алдағы уақытта мен Қазақстандағы барлық өсімдік түрлерін жинақтап, энциклопедия жасақтағым келеді,- дейді Сәттіғали.

Химия-биология бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі