2016 жылдың 18 тамызында Ақтау қаласының «Арман» жастар орталығының конференц залында Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік қызметшілердің арасында «Азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау қызметін жүзеге асырудағы қызметтік этика және жоғары рухани-адамгершілік ахуал» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті.

Дөңгелек үстел жұмысына «Қолдау-Қазақстан» көпсалалы коммерциялық емес холдингі» жеке-меншік мекемесінің директоры Л.М.Досметова, ҚР Мемлекеттік істер министрлігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Қ.О.Байгебаев, Маңғыстау облысының әділет департаментінің, Маңғыстау облыстық сотының, Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының, құқыққорғау органдарының өкілдері және бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.

ҚР Мемлекеттік істер министрлігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Қ.О.Байгебаев кіріспе сөзінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шараларына тоқталып өтті. Мемлекеттік қызметшілердің моральдық-адамгершілік бейнесіне және іскерлік қасиеттеріне қойылатын талаптарды жоғарылату мақсатында Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің ережелері мен талаптарын сақтау керектігін жеткізді.

Іс-шара барысында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» — Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық Бюросының Маңғыстау облысы бойынша департаментінің бас маманы А.Б.Сванбаеваның баяндамасы тыңдалып, Маңғыстау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталып өткізілген іс-шаралар кешені жайында сөз қозғалды.Сыбайлас жемқорлыққа жол берген мемлекеттік қызметкерлерді қамаққа алу, қамақта отырып істеген іс-әрекеттеріне өкінетіндіктерін білдірген видео-роликтер қатысушылардың назарына ұсынылды.

«Дөңгелек үстелдің» қорытындысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар жайында шақырылған жас мамандар арасында пікір алмасып, мемлкеттік қызметшілердің арасында сауалнамалар жүргізілді.

Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының баспасөз қызметі