интернет форум

Жалпы, осы уақытқа дейін өткен алты съезде де сот жүйесінің жұмысын алға жетелейтін талай ілкімді бастамалар көпшілік назарына ұсынылып, ол қолданыста өзінің дұрыстығын дәлелдегені белгілі. Сондай-ақ, Елбасының қазылар съезінің тұрақты қонағына айналуы шараның маңызын арттыра түскені анық. Осыдан төрт жыл бұрын өткен VI съезде де Мемлекет басшысы сот жұмысына баға беріп, судьялар қауымына тапсырма жүктеген болатын.

Осы алқалы жиында Жоғарғы Соттың абыройы Қазақстанның абыройы, жалпы биліктің абыройы екенін қадап айтқан Президент алдағы уақытта әлемнің отыз озық елінің бірі болуды мақсат етіп отырған Қазақстанның қазылары да сол межеге лайық қызмет етуі керектігін жеткізген. «Біз реформа жасағанда экономикада, саясатта сот жүйесін, жалпы құқық қорғау жүйесін түземесек, көздеген мақсатымызға жете алмаймыз. Біздің азаматтар сот жүйесінде барлық мәселелерді шешуі керек, өзінің құқығын қорғай алуы керек»,- дей келе Нұрсұлтан Назарбаев қазыларға бірталай тапсырма бергені есімізде.
Осы жиында Қазақстандағы сот өндірісі негізсіз ұзақ және реформальды сипатқа ие екендігі сыналып, сот төрелігін атқару тәртібі мен ережелерін біртіндеп жаңғыртуға, сот өндірісінде ақпараттық технологияларды кеңірек пайдалануға кеңес берілді. Міне, жетінші съездің алдында тұрып біз осы тапсырмалардың сапалы орындалып жатқанын сенімді түрде айта аламыз. Өйткені, қазір сот ісі мейлінше жеделдетілген. Аралық сатылардың азаюы да азаматтар мен үшінші билік арасындағы сенімді нығайта түскені дәлелдеуді қажет етпейді. Ал, заманауи технологияның қолданылуы кең сипат алғанына сіз бен біз куә болып отырмыз. Қазір шалғайдағы аудандық соттардың өзінде сот отырыстары дыбыс-бейнежазба құрылғыларымен қамтамасыз етілген. Соттардың өзара байланысын нығайтуға бейнеконференц жүйесінің енгізілуі көп комектесті. Соңғы жылдары қолға алынған «Сот кабинеті», «Төрелік», «Гибридті почта», «БААТЖ» жүйесі сот құрылымдарын қағазбастылықтан арылты, жеделдікке қол жеткізгенін де айтқан орынды.
VI съезінде Елбасы соттардың бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысын жолға қою керектігін айтып, судьялардың өз қызметтері мен қабылданатын шешімдер туралы нашар хабар беретіндігін сынға алған болатын. Аз уақыт ішінде бұл сыннан да жақсы нәтиже шығара білдік. Қазіргі Жоғарғы Соттан бастап барлық сот құрылымдарының өз сайты жұмыс істейді. Журналистер ғана емес, одан қарапайым азаматтар да өзін қызықтырған маңызды ақпараттарды жедел ала алады. Қызметін жақсы жолға қойғандықтан болар Жоғарғы Соттың сайты мемлекеттік құрылым сайттарының көшбасшысы саналады. Біз осы биік межеден түспеу үшін бір кісідей жұмылып жұмыс атқарудамыз. Және азаматтармен арадағы байланысты нығайту мақсатында қоғамдық қабылдаулар, ашық есік күндерін өткізуді дәстүрге айналдырдық. Жоғарғы Сот төрағасы, Облыстық сот төрағасы интернет конференция өткізіп, шалғайдағы ауыл тұрғындарының сұрағына жауап беріп, ұсынысын тыңдауға тұрақты көңіл бөліп келеді. Мұның жағымды жақтары да аз емес. Осындай екіжақты байланыс арқылы қызметтегі жетістіктер мен кемшіліктерді таразылуға, көпшілік пікірінен қорытынды жасауға үлкен мүмкіндік туып отыр.
Өйткені сараптамай, болашаққа бағдар жасау мүмкін емес. Бүгін біз алдыңғы съезде берілген тапсырмаларға талдау жасай отырып, Жоғарғы Соттың белгіленген межені бағындырғанын сенім мен айта аламыз. Ал, алдағы VII съезде судьялардың жаңа Әдеп кодексі талқыға ұсынылмақ. Бұл құжат осы уақытқа дейін талай сараптан өтті. «Кеңескен істе кемшілік болмайды». Ендеше, көпшілік сынынан өткен Әдеп кодексі де өз биігінен түспейтіні даусыз.

М. КОЖИЕВА
Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының бас маманы