Ақтау қаласында өткен «Әбіш оқулары» ІІ республикалық байқауында Маңғыстау облысы командалық есепте 1-орынды иеленді. Байқауға әр аймақтан келген 97 оқушы қатысты. Олар сахналық қойылым, мәнерлеп оқу, ғылыми жоба және иллюстрациялық сурет бағыттары бойынша сынға түскен еді, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Иллюстрациялық сурет салу бағыты бойынша 13 қатысушы бақ сынады. Жүлделі орын Ақтау қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 8-сынып оқушысы Дастан Чадыкуловқа бұйырды.

Ал жазушы шығармашылығын мәнерлеп оқу сайысында алматылық Ақниет Қажымұрат жеңімпаз атанды. Ол Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы.

 

«Әбіш оқулары» байқауының жеңімпаздары анықталды

Ғылыми жоба бағыты бойынша Жарас Джайлыбаев жеңімпаз атанды. Ол Маңғыстау облысы Жаңаөзен «Білім-инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы екен.

Сахналық қойылымда Мұнайлыдан келген Ш.Мұңалұлы атындағы №5 жалпы білім беру орта мектебінің оқушылары көрермен көңілінен шығып 1-орынды қанжығасына байлады.

Жазушының жұбайы Клара Жұмабайқызы мен облыс әкімінің орынбасары Руслан Сәкеев байқау жеңімпаздарын «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының дипломдары және арнайы сыйлықтарымен марапаттады.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА

Суреттерді ұсынған «Дарын» облыстық қосымша білім орталығы