мұнайгаз

Кеше «Қаламқас» кенорнында грифон анықталғанын хабарлаған едік. Осы оқиға бойынша ақпарат таратқан «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жұртшылықпен байланыс бөлімі су-газ қоспасының 22 мамыр күні сағат 18.20 шамасында атқылағанын мәлімдеді. Ұңғыма сағасында қысымның 2,2 атмосфераға дейін төмендеген, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

«22 мамыр күні сағат 18.20 шамасында Қаламқас кенорнында орналасқан №8237 ұңғымасы жанынан биіктігі 40-50 сантиметр болатын су-газ қоспасының атқылауы (грифон) пайда болды. Сондай ақ №8237 ұңғыма сағасында қысымның 4 атмосфераға дейін жоғарылауы байқалды. Жүргізілген арнайы шаралардан кейін құбыр ішіндегі қысым 2,2 атмосфераға дейін төмендеді», — делінген ММГ хабарламасында.

Мұнай компаниясы болған жағдай туралы мамлекеттік құзырлы органдарға хабар берген.

ММГ хабарлауынша, биыл наурыз айында грифондардың бірінен өрт шыққаннан кейін «НИИ ТДБ «Қазмұнайгаз», «ММГ» АҚ және тәуелсіз сарапшылардын қатысуымен жұмыс тобы құрылған.

«Аталған жұмыс тобы №8237 апаттық ұңғымасының айналасынан ауданы 4 шаршы шақырымды құрайтын зерттеу аймағын белгіледі. Бұл аймақта 98 ұңғыма тексеруге алынды, олардың арасында жұмыс жасап тұрғандары, жұмыс жасамай тұрғандары және ликвидациялық ұңғымалар бар», — делінген хабарламада.

Мұнай компаниясы зерттеуді грифондардың пайда болу, табиғи газ бен су шоғырланған жер қабаттарындағы техногендік газ көшкіні себептерін анықтау мақсатында жүргізген.

«Грифондардың қайта пайда болуы — күтілген жағдай. Осыған орай тиісті іс-шаралар мен дайындық жұмыстары алдын ала  жүргізілді. Техногендік газ бен судың қайта шоғырлануы байқалған кезде №8237 апаттық ұңғымасы босатушы ұңғыма ретінде пайдалануға дайындалған болатын. Ұңғыма сағасы өртке қарсы құрылғылармен жабдықталып, босаған газ бен суды технологиялық ыдыстарға құю желісі орнатылды», — деп мәлімдеді компанияның жұртшылықпен байланыс бөлімі.

Қазіргі таңда жедел штаб құрылып, су-газ қоспасының пайда болу аймағында қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету, оны оқшаулау жұмыстары жүріп жатыр:

— қауіпті аймақтар анықталды, қауіпті деп табылған аймақ қоршауға алынып, авария салдарын жоюға тікелей қатысы жоқ адамдарды өткізуге тыйым салынды;

— грифон бетіне мергель топыраған төгу жұмыстары жүргізілді;

— ұңғыманы басқару тетіктері сақталған, атындыны болдырмау жабдықтарымен жабдықталған, дроссельдеу және тұншықтыру блоктары қондырылған;

— Ұңғыма қысымын экологиялық ыдыс арқылы және ұңғыманың технологиялық шамы арқылы грифон қысымын азайту шаралары жүргізіліп жатыр;

— Радиуысы 500 метр аумақта 8 су айдау ұңғымасының жұмысы тоқтатылды.

Компания болашақта бұрғылау жұмыстарын жүргізу және кенорынды игеру кезінде мұндай жағдайлардың орын алмауы үшін тиісті шаралар тұрақты жүргізілетінін айтты.