гимнастика

Ақтау қаласындағы «Каспий» спорт кешенінде «Русалочка» атты көркем гимнастикадан ашық турнир өтті. Облыс орталығында қатарынан екінші жыл жалауын желбіреткен бәсеке жекелей және топтық жаттығу бойынша өтті. Аталмыш жарысқа Маңғыстау, Ақтөбе облыстарының 120-ға жуық гимнасшы қыздары қатысып, бақтарын сынады. 4 пен 12 жас аралығындағы гимнасшылар музыка сазымен лента, доп, шеңбер арқылы гимнастикалық жаттығулар жасап, вальс билеп, өнерлерін ортаға салды. Салауатты өмір салтын насихаттап, талантты жастарды қолдау көрсетуге бағытталған турнирді балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебі ұйымдастырды.

05

Спорттағы сұлулық дегенде, алдымен ауызға көркем гимнастика ілігеді. Ерекше киім үлгісі, әдемі жүріс, ырғақпен қозғалу. Мұның бәрі дәл осы спорт түріне тән. Сондықтан да болар, қызының көркем гимнастикамен шұғылданғанын қалайтын ата-аналар саны аймақта да күн санап артып келеді. Тәуелсіз елімізде аталмыш спорттың қанат жаюын Әлия Юсупованың атымен байланыстыратынымыз тағы бар. Ал, зер салып қарасақ көркем гимнастиканың даму тарихы Ежелгі Грекиядан бастау алған көрінеді.

09

-Бір қызығы, спорттың бұл түрі ресми түрде кештеу мойындалып, тұңғыш мектеп 1913 жылы Ленинградтағы П.Ф.Лесгафт атындағы дене шынықтыру институтында ашылды. Мұнда негізінен би гимнастикасы мен би түрлері үйретілетін болған. Кейін 1963 жылы халықаралық гимнастика федерациясы жанынан спорттық гимнастика комиссиясы құрылып, 1998 жылы спорттың аталған түрі «көркем гимнастика» деп өзгертілді… Ал, бүгінгі жарыс осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Жарысқа алғаш рет қатысып, бақтарын сынап жатқан көркем гимнасшыларымыз да бар. Жарысымыздың тағы бір ерекшелігі-30 гимнасшы қызымыз алғаш рет вальс билеп, өнерлерін көрсетті. Аруларымыздың тек гимнастикамен айналысатынын көрсетіп ғана қоймай, олардың әр түрлі билерді алып шығуға қабілетінің зор екенін көрсеткіміз келді. Жарыстың мақсаты-облыста көркем гимнастиканы дамыту, жас гимнасшылардың спорттық шеберлігін шыңдау, достық қарым-қатынасты нығайту және өзара тәжірибе алмасу. Жалпы жарысқа облыстан «Жастар», «Динамо», «Арт лайф», «Мұнайлы» командалары және Ақтөбеден екі команда қатысып отыр,-дейді жарыс жөнінде балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінің көркем гимнастикадан жаттықтырушысы Светлана Седенкова.

12

Жарыс қорытындысында 30 медальмен «Жастар» спорт мектебінің гимнасшылары жеңіс тұғырынан көрініп, турнир жеңімпазы атанды. Өзге де жүлделі орындарды «Динамо», «Арт лайф», «Мұнайлы» және ақтөбелік командалар өзара бөлісті.

Венера МИРЛАН,
Суреттерді түсірген Талант Құсайын

08

13

16

20

32

27