Қазақ газ өңдеу зауыты

Облысымызда көптен бері көтерілген сұйытылған газ мәселесінің көбесі сөгіле бастады. Көлденең кезіккен кедергілер «Қазақ газ өңдеу зауытын», жергілікті жүргізушілерді де, жауапты мемлекеттік мекемелерді де әбден әбігерге салған-ды. Көгілдір отынның тапшылығынан болған газ құю бекеттеріндегі ұзын-сонар кезектің арты баға өсіміне ұласты. Бүгінде жергілікті атқарушы биліктің күн тәртібінен түспеген түйткілді мәселенің түйіні тарқағандай…

Бейсенбі күні бір топ журналистер «Қазақ газ өңдеу зауытында» болып, өндірістік аймақтың өрісімен таныстық.

2

–Зауытта «Маңғыстаумұнайгаз», «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Тасболатойл» ЖШС, «Теңге» бірлескен кәсіпорнынан» келетін және өзіміздің табиғи газ өндіріледі. Өндіріс ошағында 1980 жылдары жасақталған газды тазалау қондырғыларына өз күшімізбен жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Газ өндіруде маңызды рөл атқаратын компрессорлық стансаға жаңғырту жұмыстарын жасауға 10 млрд.теңгеден астам қаржы қажет. Компрессорлық цех К-890 стансасынан және газомотокомпрессордан тұрады. Мұндағы құрал-жабдықтар арқылы сұйытылған газды өндіру үшін жоғары қысым мен төменгі температура керек. Бұл құрал-жабдықтар заман талабына сай автоматтандыруды қажет етеді. Құрғақ және сұйытылған газ өндіретін қондырғылардың қазір 4-і ғана жұмыс істеп тұр.Тағы 4 данасын жөндеу немесе ауыстыру керек. Өндіріс ошағын жаңғырту, қондырғыларды автоматтандыру бағытында зауытта стратегиялық даму жоспары жасақталу үстінде, –деді аталмыш зауыт директоры К.Нагманов.

3

Оның айтуынша, «Қазақ газ өңдеу зауыты» өткен жылы сұйытылған газды сатудан 1 млрд.957 млн.теңге, ағымдағы жылдың 4 айында 904 млн.теңге шығынға ұшыраған.
Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының орынбасары Бекқали Жұбанов облыс көлемінде 1 шілдеден бастап сұйытылған газдың бөлшек саудадағы бағасы тұрақталатынын хабарлады.

– ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ағымдағы жылдың 22 маусымындағы бұйрығына сәйкес, Маңғыстау облысының аумағында 180 күнге сұйытылған газдың бағасын уақытша мемлекеттік реттеу жүргізіліп жатыр. Аймағымызда автокөліктерге газ құю бекеттерінде көлік отынының 1 литрі 35 теңге болып бөлшек саудадағы бағасы бекітілді. Бейнеу ауданының жеке кәсіпкерлері үшін жұмсалатын көлік шығыны есепке алынғандықтан, сол өңірде газдың бағасы бір литріне 45 теңгені құрайды. Көлік отынының көтерме бағасы (қосымша құн салығынсыз) тоннасына 28 мың теңге, литрге шаққанда 16 теңге болады, –деді облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының орынбасары Бекқали Жұбанов.

Маңғыстау облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы Бақыт Бекмұратов бағаны белгіленген мөлшерден асырған жеке кәсіпкерлерге 100-250 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынатынын жеткізді. 24 маусымнан күшіне енген баға екінші рет негізсіз көтерілсе, 2 есе айыппұл салынбақ.

Мамандардың айтуынша, баға өсіміне тоқтау болатын оң шешім зауыттың аяққа тұруына, қарыздарды өтеуіне, қолданыстағы жабдықтарды жаңартуға жол ашады.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Қуаныш Исмайлов