Қазір дау да, кикілжің де көбейді. Оған бірден бір себеп – меншік түрлерінің көбеюі, нарықтық қатынастардың орнауы және ха­лықтың құқықтық сауаты мен талабының артуы. Кез келген ұсақ-түйек дау-шармен ел сотқа жүгінетін болды. Облыс, аудандар бойынша сотқа түскен істердің 35 пайызын ұсақ-түйек дау-шарлар құраған.

Ал, дамыған, өркениетті елдерде медиатор­лар азаматтық істердің 32 пайызына дейін қарайды екен. Нәтижесінде, олардың 85 пайызына шешім шығарылады, іс екі жақтың бітісуімен аяқталады.

Біздің елімізде медиация, медиатор деген ұғ­ым­дардың елімізде пайда болуына Қа­зақстан Республикасының 2011 жылғы 28 қаңтарда шыққан «Медиация туралы» заңы себепкер болды. Медиация термині латын тіліндегі геометриялық ұғым «медиана» – орта сызық деген сөзден шық­қан. Қазақы ұғымға сәйкестендірсек, ме­диа­тор – екі жаққа да ортақ, дау-дамайда ай­тысушы жақтарды мәмілеге келтіріп, тең шешетін ара ағайын, бітімгер.

23-маусым күні аудан орталығындағы «Нұр Отан» ғимаратында Медиация кабинеті ашылды. Бұл шараға аудан әкімі Темірбек Асауов, аудандық сот төрағасы Мәлік Кенжалиев, аудандағы құқық қорғау органдарының, жұртшылықтың және ардагерлер кеңесінің өкілдері қатысты.

-Медиация кабинетінің ашылуы – Елбасымыздың бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамындағы Заңның үстемдігін қамтамасыз ету талабына толық сай және оны жүзеге асырудағы маңызды шаруа болып отыр. Сот жүйесін жетілдіру бағытында ашылып отырған бұл кабинет тұрғындардың қажетіне жарайтынына сенімдіміз. Қазір біздің ауданымызда 22 медиатор бар екен, бұл өте жақсы көрсеткіш. Ата-бабаларымыз аузы дуалы ақсақалдардың бір ауыз сөзіне тоқтап, даудың бәрін бітімгершілікпен шешіп отырған екен. Сот жүйесіндегі бұл жаңалық сол дәстүрдің жаңғырғаны емес пе, -деді аудан басшысы.

Түпқарағанда медиация кабинеті ашылды

Мәлік Кенжәлиев медиацияның қандай жағдайда тиімді екенін түсіндіре келіп, бұл азаматтардың уақытын да, қаражатын да үнемдейтінін әрі жүйкенің тозуынан құтқаратынын айтты. «Әкесі мен баласы, жақын көршілері, құдағайлар өзара соттасатын жағдайлар болып жатыр. Оның бәрі, шынында да, сотқа жеткізбей-ақ шешуге болатын даулар. Медиаторлар осындай дауларды өзара  келісіммен, бітіммен шешуге көмектеседі. Бір ауыз сөзге тоқтаған қазақ дәстүрінің қазіргі заманымызға бейімделген түрі осы» деген ой айтты.

Мәлік Кенжәлиев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аман Күзембаев лента қиып, Медиация кабинеті ресми ашылды.

Айсағали ҚЫДЫР