Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында теңіз қақпасы «Ақтау халықаралық теңіз-сауда портында» жаңа «Ембі» және «Талас» сүйреткіштері теңізге түсіріліп, еліміздің көк байрағы көкке көтерілді.

Өзендердің атауын иеленген көліктер «Қазақтеңізкөлікфлоты» ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясы, нидерландтық «Damen» кеме жасау кәсіпорны және «Al Hilal» ислам банкі арасындағы үшжақты келісім нәтижесінде құрастырылды. Жаңа сүйреткіштерді қабылдау салтанатына облыс әкімі Ералы Тоғжанов, «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ мұнайды тасымалдау жөніндегі аға вице-президенті Нұртас Шманов, «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚ» компаниясы ұжымы және облыстық мәслихат депутаттары, кәсіпорындар мен мекемелердің басшылары қатысты.

Салтанатты сәтте аймақ басшысы Ералы Тоғжанов жиналғандарды құттықтап, лебізін білдірді.

– Құрметті әріптестер! «Қазақтеңізкөлікфлоты» компаниясы қуатты, заманауи сүйреткіштермен толығып, отандық флот санын арттырды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының тапсырмасына сәйкес еліміздің көліктік- логистикалық әлеуеті артып келеді. Мемлекетіміздің экономикалық дамуы жолында мұнай өндіру саласында жұмыс жасап жатқан компанияларды жақсы білесіздер. Міне, бүгін мұнай өндіруге байланысты жүзеге асатын жобалардың бастамасын көріп отырмыз. Үш тарап маусым айында келісімге келген болатын. Қысқа мерзім ішінде сапалы, озық үлгідегі, бәсекеге қабілетті кеме жасап шығарылды. Көліктердің орташа құны 5 млрд.АҚШ долларын құрайды. Бұл сүйреткіштер облыстың, еліміздің экономикасының дамуына қызмет етеді деген сенімдемін. Игілікті іс құтты болсын! – деді облыс әкімі.

Ұзындығы 27 метр, ені 9 метр болатын сүйреткіштер солтүстік Каспийдің суы тайыз аймақтарында түрлі құрылғылар мен кемелерді сүйрету, оларға ассистенттік қызметтерді ұсыну, навигациялық көмек көрсетумен қатар басқа да көмекші міндеттерді орындайды.

– «Ембі» және «Талас» сүйреткіштерінің Каспий теңізіне жеткізілуі және «Қазақтеңізкөлікфлотына» тапсырылуы – «Теңізшевройлдың» келешекте кеңею жобасындағы қазақстандық қамту үлесін арттыруға қатысты міндеттемелерінің бұлжытпай орындалуы. Бұл екі кеме жоба аясында Қазақстанға жеткізілген алғашқы кемелер болып табылады. Тәжірибелі әрі арнайы оқытылған экипаж құрамымен жабдықталған көліктер солтүстік Каспий теңізіндегі жүк тасымалдау аясындағы жоба жұмыстарына үлкен қолдау көрсетеді. Кемелер сапалы құрастырылған, соңғы үлгідегі жабдықпен жасақталған және біліктілігі жоғары мамандармен басқарылады. Кемелерге сәт-сапар тілейміз, –деді «Теңізшевройл» компаниясының өкілі Аллан Марк.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мұнайды тасымалдау жөніндегі аға вице- президенті Нұртас Шманов жиналғандарды жаңа сүйреткіштердің қабылдануымен құттықтап, теңіздегі мұнай операцияларын орындауда жаңа жетістіктерге бастайтынына сенімділік білдіріп, «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚ» бас директоры Марат Ормановтың айтуынша, осы компанияда Қаратеңіз бен Жерортатеңізінде 2 үлкен танкер, Каспий теңізінің қазақстандық секторында 6 танкер, 5 кеме, 8 жүк сүйреткіші бар. Соңғы екі көлік Қашаған жобасында жасанды арал жасау үшін 6 млн.жүк тасыған.

– Жаңа кемелер –Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздік мерекесіне арнаған тартуымыз. Біздің компания келесі жылдың көктемінде Каспий теңізіндегі тасымалды атқаратын «Ырғыз» кемесімен толығады. Кемелер мен модуль жеткізуші кемелердің пайда болуы Қазақстандағы теңіз операцияларын жүзеге асыруға, мамандарды Алматы қаласында орналасқан теңіз академиясында дайындауға және оқытуға мүмкіндік береді. Бізге жүктелген міндеттерді мүлтіксіз орындап, еліміздің көк байрағын ашық аспан астында мақтанышпен желбіретеміз, – деді «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚ» бас директорының кеңесшісі Қуаныш Есетов.

Жиналған көпшілік салтанатты қабылдау рәсімінен кейін сүйреткіштердің ішін аралап көрді.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ,

Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ