Ұлт көшбасшысы – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айқындалған міндеттерді басшылыққа ала отырып, «Туған жер» бағдарламасының аясында Бейнеу политехникалық колледжінің бір топ студенттері мен оқытушылары шежіре тұнған өлкеміздің тарихымен тереңірек танысу мақсатында экскурсияға шықты.

Бір күндік сапардың алғашқы аялдамасы Ескі Бейнеудегі Бекет атаның жерасты мешіті болды. Тарих пәнінің оқытушысы Ербек Мұрынбаев студенттерге Бекет атаның жерасты мешіттері туралы мәлімет беріп, Ескі Бейнеудегі жерасты мешітінің бас имамы Қалымбет аға Бекет атаның өмірбаянымен таныстырып, батырлық, ағартушылық, сәулетшілік қырлары жөнінде студенттерге мол мәліметтер берді.

Түс ауа тоқтаған жеріміз Бейнеуден 40 шақырым жердегі Манашы сайының бойындағы Ақбота Жеменей руының перзенті Көркембай Бектұрұлының мешіті. Ел арасында діни білімді, имандылықты уағыздаушы адам ретінде танылған Көркембай атаның мешіті сәулет өнерінің ерекше құрылысымен таңдай қақтырды.

Орта жолдағы тұрақтаған жеріміз Таз руының ұранына айналған Төремұрат батырдың кесенесі еді. Кесене басында директордың оқу­-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары  Айгүл Байбатырова Төремұрат батырдың өз заманында палуан, мерген, домбырашы ретінде де елге танылғанын атап өтіп, тәрбие мен тәлімге толы Төремұрат батыр мен қыз Данай хикаясын әңгімелеп берді.

Тағы оқыңыздар: Маңғыстауда бесінші үшем өмірге келді

Соңғы тоқтаған жеріміз табиғилығы біршама жақсы сақталған, ерекше көрікке ие Күйкен тауы. Қожантай Орынбаев таудың неліктен Күйкен атанғаны туралы әңгіме өрбітіп, осы тауда өмір сүрген жұрт туралы аңыз әңгімелерін баяндап берді. Туған жердің тарихына терең бойлауды мақсат еткен топ кеш бата Бейнеуге жол тарттық. Бір күндік экскурсияны қорытындылап студенттер өздерінің алған әсерімен бөлісті. Туған жеріміздің тарихын тереңірек зерттеуге құлшынған жастар алдағы уақытта да осындай экскурсияны ұйымдастыруды қалайтындарын білдірді. Туып­өскен жерім туралы толғанып, ой жетегіне берілген шағымда үнемі Авар елінің нағыз патриот ақыны Расул Ғамзатовтың мына бір шумақтары ойыма оралады да тұрады:

Қымбат маған елімнің бар даласы,

Балтық пенен Сахалиннің арасы.

Қайда болсам қиям оған жанымды,

Туған жерден қазсын бірақ қабірді.

Туған жер туралы ой толғасаң, жан толғанысын айтып тауыса алмассың, сірә. Туған жеріне деген шексіз махаббатқа ие жүрегіммен барлық жастарға Туған жердің, қазақ елінің қадірін біле жүрейік дегім келеді.

Рахметулла ИСАТАЕВ,

Бейнеу политехникалық колледжінің

жастар ісі жөніндегі инспекторы