Бүгін облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мен «ЕСМ technolgies» компаниясы арасында серіктестік туралы меморандумға қол қойылды. Меморандумға аталған басқарма басшысы Сапар Аманбеков пен индустриалды компания президентінің кеңесшісі Азат Бекетаев қол қойды.

Жиынды ашқан облыс әкімі Ералы Тоғжанов құнды құжат аясында Маңғыстау ауданында қуаттылығы 12 мВт болатын күн стансасы салынатынын хабарлады.

– Бұл жоба елімізде «жасыл» экономиканы дамытуға бағытталған. Осы уақытқа дейін еліміздің 3 өңірінде жобамызды іске асырдық. Пилоттық жобаны салуға даму қарқыны белсенді, күн шуағын төгіп тұратын Маңғыстау облысын таңдадық. Қытайдағы серіктесіміз стансаның салуын қаржыландырса, құрылысына, озық үлгідегі құрал-жабдықтармен жасақталуына француздық тарап жауапты болады. Құрылысқа жергілікті мамандар тартылады. Құны 20 млн.доллардай болатын жаңа стансада 50 жаңа жұмыс орыны ашылады. Кадрларды француз мамандары Астана қаласында оқытып, іске баулиды, – деді «ЕСМ technolgies» компаниясы президентінің кеңесшісі Азат Бетекбаев.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сапар Аманбеков аймақта алғаш рет салынатын күн стансасы электр энергиясына қажеттілік туындап отырған Шетпе ауылынан басталатынын хабарлады. Жоба сәтімен жүзеге асса Батыр, Ақшұқыр ауылдарында да күн стансасы салынбақ. Сапар Халилұлы облысымызда осындай күннен қуат алатын озық- үлгідегі стансалар саны артса, электр энергиясының тарифі арзандауы мүмкін екенін жеткізді. Жобаның құрылысы маусым айының аяғында басталса, жыл соңында пайдалануға берілмек.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ