Бұған дейін білім беру ұйымдарында зейнет жасына келген ұстаздарды құрметті демалысқа шығарып салу рәсімдері өтіп жататынын еститінбіз. Бірақ сол мекемелерде жылдар бойына еңбек етіп, өмірін тек сол саланың есеп-қисабына арнаған бухгалтерлердің дәл солай сый-құрметке бөленгенін көрмеппіз.

Жуырда білім бөлімінде өткен басқосу зейнет жасындағы мектеп есепшілеріне арналды. Білім бөлімінің басшысы Есен Овезов олардың салаға сіңірген еңбегі жайында әңгімелеп, естелік сыйлықтар және Алғыс хаттармен марапаттады. Кездесу еңбек өтілдері 30-40 жылдан асқан №5,6,10 мектептің және Қызылтөбе лицейінің есепшілері Ақжарқын Сулейменова,  Камила Төлегенова, Құралай Садувова,  Гүлбаршын Жұбаевамен өтті. Ардагерлер де өз кезегінде сөз алып, аудан ашылмаған кезде мұндағы  білім ордаларында материалдық жағдай мен жалақы жайында туындаған қиындықтармен бөлісті. Бүгінгі күннің жетістіктерін де тілге тиек етті.

— Кеңес Одағының іргесі сөгіліп, тәуелсіздіктің ілкі жылдары қаржы тапшылығы кездері біздің мамандықтағыларға оңай емес еді. Ақшаның ауысуын, инфляцияны да көрдік. Кейін төл теңгеміз айналымға шықты. Теңгені алғашқылардан болып ұстаған да біз болдық. Еңбек жолымызда жалақымен, қаржымен байланысты осындай түрлі өзгерістерді бастан кештік. Зейнетке шыққаныма міне бірнеше жыл. Десе де сондай сәттерден жинақтаған тәжірибеңіз жастарға қажет деп әлі де жұмыстан жібергісі келмейді,-дейді Ақжарқын апа.

Шахида ЖҰМАН