кітап

Өнегелі де өрелі істерге бастамашы болып, игі шаралардың бел ортасынан табылатын «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамында осы үрдіс жарасымды жалғасын тауып келеді. Халықаралық кітап және авторлық құқық күнінде аталған компания «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасына қарасты Асар кенорнында кітап беру пунктін ашып, мұнайшыларға тарту жасады.

«Маңғыстаумұнайгаз» акцонерлік қоғамының жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаменті орталық кеңседе акция жариялағаннан кейін қызметкерлер үйіндегі артық кітаптарды әкелген. Сөйтіп, ұжым қызметкерлерінен 400-ге тарта рухани қазына жиналған. Осы акцияға үн қосып, қолдау көрсеткен Қабиболла Сыдиықов атындағы облыстық кітапхана қорынан 100 кітап әкеліп, мұнайшыларға сыйға тартты.

Кітап беру пунктінің ашылу салтанатында жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаменттің басшысы Майра Ғұмарова құттықтау сөз сөйлеп, мұнайшылар уақыттарын тиімді пайдалана алатынын, рухани азық боларлық құнды дүниелермен сусындауға мүмкіндік туғанын айтып өтті.

– Құрметті мұнайшылар! Елбасымыз Н.Назарбаев жуырда жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылғандай, зерделі, көзіміз ашық, көкірегіміз ояу болуы үшін білімнің бұлағымен сусындауымыз қажет. Сондықтан да игілікті істі қолға алған «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының акциясына қатысуды жөн көріп, қорымыздағы көркем әдебетті және басқа да жанрдағы кітаптарды алып келдік. Ішінде қай уақытта да сұранысқа ие оқулықтар бар. Бәсекеге қабілетті ел болудың шарты – білімді болу. Бәсекеге қабілетті маман боламыз десек, оқып- тоқудан кенде қалмауымыз қажет. Мамандардың айтуынша, интернеттен оқылған ақпаратқа қарағанда кітаптан алған мағлұмат адамның есінде ұзақ сақаталады екен. Бос уақыттарыңызда зейін-зердеңізді оқуға бұрып, жан сарайларыңызды нұрға толтырыңыздар!, – деді Қабиболла Сыдиықов атындағы облыстық кітапхананың әдістеме бөлімінің меңгерушісі Нұргүл Еңсегенова.

Шара барысында мұнайшы жастар домбыраның шанағынан күй төгіп, жырдан шашу шашты. Жұмыстан бір сәт сергіп қалған мұнайшылар өнерпаздардың өнеріне тәнті болып, риизашылықтарын білдірді. Салтанатты жиын аяқталғаннан кейін мұнайшылар кітаптармен танысып, қызығушылық танытып жатты. Кенорнына тапсырылған 500-дей кітап жатақхана қабырғасына қойылған сөрелерге жиналды.

– Бұрын бос уақытымызда теледидарға телміріп отыратын болсақ, енді кітап оқуға жақсы мүмкіндік туып отыр. Кітап – біздің теңдессіз байлығымыз, тарихтың шежіресі, барлық білімнің қайнар көзі. Кенорнында еңбек ететін 150-ге тарта мұнайшы мұндағы қалаған кітабын оқи алады. Қазақ әдебиетімен қатар әлем әдеибиетінде танылған Әбіш Кекілбайұлы, Оралхан Бөкейхан сынды тұлғаларымыздың туындылары да бар екен. Олардың шығармаларын оқуға бүгіннен бастап кірісемін. Осындай ізгі істі қолға алған басшылығымызға, облыстық кітапханаға зор алғысымызды айтамыз, – деді Асар кенорнының аға механигі Қоныс Естеков.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жатақхана сөресіндегі оқулықтар алдағы уақытта басқа да құнды кітаптармен толығады.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Ербол АЙТБАЕВ