Ұлыстың ұлы күнін мұнайлылық тұрғындар аудандық әкімдік жанындағы орталық алаңда атап өтті. Жағалай тігілген киіз үйлердің әрқайсысында мерекелік дастарқан дайындалды.

IMG_1136


Наурыз тойда жеті ауылдың әкімдігі, жер қатынастары, маңғыстау жылу бөлімдері, теміржол мекемелері және «Назым» мейрамханасы мен  «Мерей» қонақ үйі, тағысын тағы мекеме қызметкерлері барынша қонақжайлылық танытты. Қазан ошақта ет асылып, кең дастарқан тіл үйірерлік тағамдармен толды.

IMG_1152

─ Дін мен тілге бөлмейтін Наурыз мейрамы Тәуелсіздік жылдары ұлысты ұйыстыра түсті. Ұлы өркениетімізден тамыр тартқан Ұлыстың ұлы күні әлемге бірдей адамзаттың ортақ қазынасына айналды. Тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуымен бірге жаңарған наурыз мейрамы көп ұлтты Қазақстан халқы үшін мерейлі мерекеге айналып, бірлік пен ынтымақтың, саяси тұрақтылықтың нығаюына негіз болды. Елбасының ұстанып отырған оң бағыттағы реформаларының арқасында мемлекетіміз өркендеп өсіп, еліміздің әл-ауқаты артып келеді, — деді салтанатты шарада тұрғындарды наурыз мейрамымен құттықтаған аудан әкімі Нұрлан Тәжібаев.

IMG_1117

Наурыздап келген ағайын қазақтың ұлттық ойындарынан өткен сайыстарды тамашалады. Бойжеткендер мен бозбалалар алтыбақан тепті. Бір шетте жәрмеңке де ұйымдастырылды. Онда азық-түлік, көкөніс, жеміс-жидек тауарлары төмендетілген бағамен халыққа ұсынылды. Ата-анасымен қыдырып келген бүлдіршіндер ойыншыққа қарық болса, кейбірі түтіні будақтаған кәуап күтіп кезекте тұрды.

Әсел ТАҢАТАРОВА