Джиу-джитсу спортымен айналысқанына небәрі бір-ақ жылдай болған мұнайлылық Әлия Тлепова 16 наурызда Грекияның Афина қаласында өткен әлем чемпионатынан жүлдемен оралды. Әлемнің 45 елінен кіл мықтылар қатысқан жарыста даралана білген спортшымыз кеудесіне қола  медалін тақты.

Жерлесіміздің бұл әлемдік деңгейдегі алғашқы жеңісі. Чемпионат жолдамасына осы жылдың басында Алматы облысында өткен Қазақстан кубогы үшін жарыстың I орынымен ие болған еді.

Әлия - әлем чемпионатынан жүлдегер

—  Бірінші сайыста германиялық, екіншісінде грекиялық, үшіншісінде аустралиялық, төртінші белдесуде тағы грекиялық қыздармен шықтым. Бәрінің де бабы мықты, осал қарсылас емес. Әсіресе Германия және Аустралияның спортшыларымен күрес өте тартысты өтті, өзімді өзге қырымнан танығандай болдым. Дегенмен бұл мен үшін  үлкен тәжірибе алаңы еді. Келер жолы міндетті түрде бас бәйгені аламын,-дейді Маңғыстау спорт мектебінің оқушысы Әлия Тлепова.

Әлиянің жалпы спорт саласында жүргеніне 7 жылға жуықтапты. Осы уақыт ішінде ол жаттықтырушысы Болат Дүйсенбиевтен сабақ алып келеді. Джиу-джитсудан бұрын  дзюдо және самбомен шұғылданған.

Шахида Жұман