Наурыз тойын аймақтағы медициналық мекемелер де жоғары деңгейде атап өтті. 150-ге жуық қызметкері бар облыстық наркологиялық диспансері жылдағы дәстүрден жаңылмай киіз үй тігіп, ұжым ішінде бірнеше аталымдар бойынша сайыстар өткізді.

Диспансердің 5 бөлімшесі алдымен ұлттық киім бойынша үздіктерді таңдады. Аруларға ерекше келбет сыйлайтын қазақы нақыштағы киімнің түр-түрі қызметкерлердің үстінен табылды.

Ұжым басшылығының ұсынысымен, екінші кезеңде әр бөлімше өзіндік өнер тартуын ұсыну керек. Ақ халаттылар бұл сыннан да сүрінбей өтіп, әуелетіп ән шырқап, мың бұрала би биледі.

5

— Жыл сайын Наурыз мерекесін асыға күтеміз. Биыл да жақсы көңіл күйде атап өтудеміз. Бұл мерекеге наркологиялық диспансерде қызмет еткен аға буын ардагер әріптестерімізді де шақырдық. Үлкендердің ақ батасын алып, жылымыздың жетістікті болуына тілек еттік,-дейді диспансердің бас дәрігері К. Қаражанова.

Аузымызды аққа жарытып, көңілімізге қуаныш дарытқан-Наурыз мерекесі облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында жоғары деңгейде аталып өтті. Салтанатты шараға облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Клара Оралбаева және бірқатар емдеу-сауықтыру мекемелерінің бас дәрігерлері қатысты. Құрметті қонақтарды ұжымның жасы үлкен аналары ақ кимешегін киіп, шашу шашып қарсы алса, жас келіндер иіліп сәлем салды.

Жұқпалы аурулар ауруханасының бөлімдері қазақы салт-дәстүрлерді дәріптеп, сырға салу, қыз ұзату, келін түсіру және бесікке салу рәсімдерін сахналады. «Ұлыс күні қазан толса, сол жылы ақ мол болар!» деп ырымдап, Наурыз-көже дайындады. Сонымен қатар, бауырсақ пісіруден сайыс та ұйымдастырылды.

6

— Мұндай шаралар денсаулық сақтау басқармасына қарасты барлық ұжымдарда өткізілуде. Біздің дәрігерлер тіршілікке жылулық сыйлап, жан берген Наурыз мерекесінде жұмыстары қиын болса да, қоғамдық-мерекелік шараларды өткізуге дайын. Басқарма атынан барша қазақстандықтарды, маңғыстаулықтарды Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Біздің тілегіміз – елдің тыныштығы, жанның саулығы. Жыл берекелі де, мерекелі болғай! – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а. К. Оралбаева.

Аурухана әкімшілігі өз жұмысын абыройлы атқарып жүрген, көп балалы және аз қамтылған отбасылы бірнеше қызметкеріне Ұлыстың ұлы күнінде қайырымдылық жасап, көмек көрсетті.

7

— Ұжымымызбен өте қуаныштымыз. Наурыз мерекесі қарсаңында тілейтін тілек көп. Маңғыстау өңірі айырықша қарсы алатын жыл басын осылайша, салт-дәстүрмен өскелең ұрпаққа дәріптеуіміз керек,-дейді, аурухананың бас дәрігері Қ. Діналиев.

Венера МИРЛАН