Ұлыстың ұлы күні Ақтау қалалық перзентханасында 10 нәресте өмірге келді. Оның алтауы ұл және төртеуі қыз бала.

— Біздің орталықта 10 бала дүниеге келді. Жеті ана өздері босанды, үш анаға кесір тілігі жасалды. Осы күні өмірге келген барлық нәрестелердің денсаулықтары жақсы, жас аналар да өздерін жақсы сезінеді. Әр сәбиді өмірге аман-есен әкелу де үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан да барлық жағдайды жасап, жас аналарымыздың қасынан табыла білген акушер-гинекологтардың да еңбегі зор. Нәрестелер ата-аналарының қуанышы болып өссін деймін. Әр үйден сәбидің күлкісі кетпесін,-деген Ақтау қалалық перзентханасының директоры Ғалия Махимова өткен жылы дәл осы күні 13 сәби дүние есігін ашқанын атап өтті.

Мереке күні сәбиін өмірге әкелгендердің қатарында Бибігүл Надирова да бар. Тұңғышын босанған ананың денсаулығы жақсы, көңіл-күйі де көтеріңкі.

— Дәл осы Наурыз мерекесінде қызымды өмірге әкелгеніме өте қуаныштымын. Мерекеде бізге көңіл бөліп, арнайы құттықтап жатқан перзентхана қызметкерлеріне алғыс айтамын. Әрбір шаңырақ сәбидің күлкісіне бөленіп, татулықта тіршілік кешсе деймін. Мереке құтты болсын!-дейді жас ана .

Перзентхана ұжымы аналарды мерекемен құттықтап, 22 наурызда өмірге келген сәбилерге сыйлықтар үлестірді.

Венера МИРЛАН