Тату тірлік пен бірлік табысып, ынтымақ пен ырыс қабысқан күн

Ұлық мереке – ұлыстың ұлы күнінде Маңғыстау ауданының орталығында өткен Наурыз тойын көргенде арманда, көрмегенде арманда болды. Орталық алаңға қаз қатар тігілген темір сүйекті қазақ үйлерді аралаған көпшілік сахнада шырқалған әуезді әннің үніне елтіп, ет қайнаған қазанның буына балқып, ұлттық киімі қонымды келін ұсынған наурыз көшеден дәм татып мәре-сәре болды.

Аудандық прокуратура ғимаратынан басталған салтанатты шеруге қатысушылар шад-шадыман көңілмен, айналасына нұр шашып ауылдың бірнеше көшесін жүріп өтті. Ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар және аудан басшылары бастаған көштің соңын бөлім, мекеме басшылары, ұстаздар мен мемлекеттік қызметкерлер жалғады.

Қазақтың салт-дәстүрін дәріптеген сахналық қойылымдар, ер-тұрманы күмістелген жарау ат мінген жас жігіт, қос етек бүрмелі көйлек киіп, шашбау таққан бойжеткен, алтыбақанда шалықтай күліп жарасым тапқан жастар, кимешек киген әже, қол жайып көпшілікке ақ батасын арнаған ақсақал, көгендегі қозы-лақ, асық атқан бала мен  күш сынасқан бозбала бәрі бәрі жарасымды, наурыздың нақыштарын айшықтай түскен көз қарықтар көрініс болды.

Жиналған көпшілікті Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаған аудан әкімі Жармағанбет Айтуаров. «Қадірлі аудан тұрғындары! Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамымен құттықтаймын! Жер-жаһанның жаңаруының белгісі болып саналатын осынау тамаша мерекеде әр шаңыраққа мол қуаныш пен бақыт  тілеймін!

Халқымыз ежелден жыл басына санаған, ұлы күнге балаған Наурыз мейрамы ырыс пен ынтымақтың, татулық пен тазалықтың, бірлік пен кісіліктің мейрамы болып есептеледі.  Халықтар арасындағы достықты бекітуде, татулық пен келісімнің нығаюында, әр ұлттың салт-дәстүрінің қайта жаңғыруында бұл мейрамның орны ерекше.

Наурыз мейрамынан бастау алатын   жаңа  жылда  осы уақытқа дейін қол жеткізген жетістіктерімізді заман талабына сай жетілдіре түсетін боламыз.   Әрбір  тұрғынның, әр отбасының әл-ауқатының артуы біз үшін қай кезде де басты міндет болып қала бермек. Сондықтан, бұл жылы да осы мақсаттағы жұмыстар жалғасын тауып, белгіленген шаралар өз кезегімен жүзеге асырыла береді.

Наурыздың көктемгі шуағы  баршамызға ырыс-береке, бақ-дәулет әкелсін!  Қазақ елінің туы әркез биікте желбіреп,  берекесі  арта берсін!»,-деп ақжарма тілегін арнады.

Сахнаға көтерілген ауданның құрметті ақсақалдары Итемген Орынбаев, Аманқос Ертілеуов, Алдаберген Құрмашев, Жалғас Жапақов, Сабақбай Тілегенов «Ұлыс бақты болсын,  төрт түлік ақты болсын» деп жиналғандарға бата берді.

Халқымыз үшін қасиетті де қастерлі ұғымның бірі де бірегейі-отбасының бірлігі, шаңырақтың биіктігі, керегенің кеңдігі мен босағаның беріктігі. Ақ тілектер қабыл болатын ұлық мереке күні шаңырағы көтеріліп, уықтары шаншылған жас отауға бақ қонып, бағы баянды болсын деген ниетпен жас шаңырақ иелерін құттықтаған аудан басшылығы сый құрмет көрсетті.

Қазақстанның эстрада жұлдызы Индира Расылхан Әз Наурыз мерекесімен аудан халқын құттықтап, әннен шашу шашты. Аудан өнерпаздары мен балалар өнер мектебінің дайындаған мерекелік концертіне ұласқан Наурыз тойынан көпшілік көтеріңкі көңілмен тарасты.

Лаура ТЫНДЫРҒАНОВА

IMG_0509 (2)

IMG_0387 (2) (1)

IMG_0375 (2) (1)

IMG_0380 (2)