Бұл жайында облыстық онкологиялық диспансерінде өткен пресс-конференцияда айтылды. Журналистердің сұрақтарына облыстық онкологиялық диспансерінің бас дәрігері Нұрлан Джариев, облыстық онкологиялық диспансері директорының ұйымдастыру-әдістемелік жұмыстары бойынша орынбасары Жаңыл Жарылқасынова, облыстық онкологиялық диспансері директорының емдеу жұмыстары бойынша орынбасары Жандос Досаханов жауап берді.

Бүгінгі таңда аймақта онкологиялық аурумен ауыратын 3352 адам есепке алынған болса, оның 217-сін жатыр мойыны обыры құрайды. Өңірде қатерлі дерттен көз жұмған 361 науқастың 19-ы жатыр мойыны обырына шалдыққандар екен.

— Елімізде халықтың өлім-жітімі себептерінің арасында онкологиялық аурулар — екінші орында. Егер обыр диагнозы ерте қойылса, соғұрлым емнің нәтижесі де, өмір сүрудің сапасы да жақсарады. Тұрғындарды жатыр мойны обырының себептері мен алдын алу іс-шаралары туралы уақытылы ақпараттандыру, әйелдердің скринингтік бақылауларға қатысуы әлемдегі миллиондаған әйелдерді осы аурудан құтқаруға мүмкіндік береді. Сондықтан да облыс көлемінде өткізілетін ашық есік күндеріне немесе скрингтік тексеруге тұрғындарды белсене қатысуға шақырамыз,-дейді облыстық онкологиялық диспансерінің бас дәрігері Нұрлан Джариев.

Тұрғындардың денсаулығына алаңдаған облыс дәрігерлері қатерлі дерттің алдын алу мақсатында 18-28 қаңтар аралығында жатыр мойыны обырына тексерілу үшін он күндік жариялаған. Одан бөлек, тұрғындар сенбі күні облыстық онкологиялық диспансердің ғимаратында өтетін ашық есік күніне қатысып, білікті мамандардан кеңес ала алады.

       3

— Еліміздің барлық облысында 28-ші қаңтарға дейін жатыр мойыны обырына тексерілу үшін он күндік жарияланды. Сондықтан да қыз-келіншектерді келіп, тегін тексерілуден өтуге шақырамыз. Одан бөлек сенбі күні облыстық онкологиялық диспансерде ашық есік күні ұйымдастырылады. 30 жастан жоғары қыз-келіншектерді скрингтік тексеруден өтуге кеңес береміз. Скрининг — бұл алдын-ала тұрғындардың ауруларын анықтау үшiн белгiлi бiр жастағы денi сау адамдарды профилактикалық медициналық тексерiлуден өткізу, емдеу тиімділігін арттыру және ерте диагностикалайтын әдіс. Мұндай шараларды өткізу арқылы біз ауруды ерте сатысында анықтап, алдын алса, оған ем қонатындығын халықтың санасына жеткізуге тырысамыз. Көбіне әйелдер ауруға шалдыққанын естісімен, өмірден түңіліп, неше түрлі ойға беріледі. Науқасқа дер кезінде көмек көрсеткенде ғана өңірде онкологиялық аурудың көрсеткіші төмендеген болар еді,-дейді облыстық онкологиялық диспансері директорының ұйымдастыру-әдістемелік жұмыстары бойынша орынбасары Жаңыл Жарылқасынова.

Дәрігерлердің айтуынша, бұрын жатыр мойыны обырына жасы егде тартқан әйелдер көп шалдыққан болса, қазіргі таңда бұл кесел 25-тен жоғары қыздар арасында да белең алып отыр. Сондықтан да дәрігерлер тұрғындарға «баға жетпес басты байлық» денсаулығына жауапкершілікпен қарап, уақытылы медициналық тексеруден өтіп тұруға шақырады.

        4

— Өткен жылы онкологиялық аурумен ауыратындардың көрсеткіші 3190 адам болса, биыл есепке алынғандары-3352. Оның ішінде 217 науқаспен жатыр мойыны обырымен көш бастап тұр, 135 адаммен сүт безі обыры екінші орында және үшінші орында 83 адаммен асқазан обыры тіркелген. Қазақстанда жатыр мойны қатерлі ісігі-гинекологиялық қатерлі ісіктердің ішінде бірінші орында тұр. Жалпы жатыр мойыны обыры емдеуге келеді, егер ерте анықталатын болса,-дейді облыстық онкологиялық диспансерінің бас дәрігері Нұрлан Джариев.

Дәрігерлердің айтуынша, өкінішке орай, бірде-бір нәзік жанды бұл аурудан сақтандырылмаған. Алайда бұл ауру көбінесе гинекологқа сирек тексерілетін және обырдың дамуына әкелетін қабынбалы ауруларды емдемейтін әйелдерде көп кездеседі. Сондай-ақ қауіп факторларына жыныстық өмірдің ерте басталуы, жыныстық серіктестердің көп болуы, шылым шегу, жыныстық жолмен жұғатын аурулардың болуы, эрозия, полип және жатыр мойнының басқа да ауруларының асқынуы, жиі түсік жасату жағдайлары жатады.

Венера МИРЛАН