Бейнеу Жезқазған магистрал

2012 жылдың шілде айынан бастап, 2014 жылға дейін құрылысы жүрген «Бейнеу — Жезқазған» теміржолы республика ішіндегі көлік және экономикалық байланыстарды тиімді ету мақсатында салынған болатын. Екі жыл ішінде жаңа жоба аясында көптеген қыруар жұмыстар атқарылып, 1200 шақырым теміржол рельсі он алты айда төселіп, «Бейнеу- Шалқар -Сексеуіл- Жезқазған » жаңа теміржол желісі пайдалануға берілді. Тікелей телекөпір арқылы 2014 жылдың 22 тамызында Елбасымыздың өзі салтанатты түрде тұсауын кескен жаңа жол бүгінде ел кәдесіне жарап, жүк тасымалын оңтайландырып отыр. Алдағы уақытта станция ғимараттары ішіндегі жұмыстар толық аяқталғаннан соң, үстіміздегі жылдың бірінші жартысында «Маңғыстау — Алматы » бағытындағы жолаушылар пойызы жүрмек.

теміржол

Мемлекет басшысының тапсырмасымен арнайы салынып, геосаяси мәні бар, ұзақ жолды қысқартқан, Орталық Қазақстан мен Батыс Қазақстан аймағы арақашықтығын жақындатқан игі жоба қазіргі таңда өз жемісін беріп отыр. Өңірлердің бір — бірімен байланысуы, жүк пойыздарының жеткізілу уақытының біршама қысқаруы, қазіргі нарық заманында сапалы қызмет жеделділікті талап еткен тұста уақыт үнемдеу, транзиттік ағымдардың өткізу қабілеттілігін жоғарылату, аймақтардағы әлеуметтік, экономикалық жағдайды жақсарту , елдің экспорттық бағытын оңтайлы ету секілді ұтымды тұстары мемлекет үшін зор маңызға ие.
Еліміздің батысы мен шығысына алтын көпір болып отырған шойын жолдың 292 километрі Маңғыстау облысы аймағы арқылы өтеді. «Нұрлы жол» бағдарламасы негізінде соңғы жылдары «Бейнеу — Тассай» , «Боржақты — Ерсай», «Өзен — Болашақ» жаңа жолдардың іске қосылуы Маңғыстау жол бөлімшесіне қарасты теміржол тарамдарының ұзындығын 1050 шақырымға созып, жалпы ұзындығын 1327 км- ге жеткізді. Стратегиялық маңызы зор Бейнеу -Тассай теміржолының пайдалануға берілуі тасымал қашықтығын 1200 шақырымға қысқартты.

Бүгінде Бейнеуден Тассайға дейінгі теміржол желісіне маңғыстаулық теміржолшылар жауапты. Жаңа жолдағы жұмыс қарқыны туралы Маңғыстау жол бөлімшесінің шұғыл басқару бөлімінің бастығы Амантай Нұрсапин мырза былай дейді:

— Қазіргі таңда «Бейнеу Жезқазған» теміржол желісімен жүк пойыздары өтіп жатыр. Тәулігіне екі пойыз жіберіп, екі пойыз қабылдап отырмыз. Жаңа жол 2014 жылы іске қосылғаннан бері бізге тиесілі теміржол бойымен 1166 жүк пойызын қабылдап, 928 жүк пойызын жөнелттік. «Бейнеу — Тассай» теміржолында 11 раздельный пунктіміз бар. Оның үшеуі Сам, Тұрыш, Құрсай — станциялар. Жаңа станциялардың бастықтары да тағайындалды. Бүгінде жаңадан салынған Құрсай, Тұрыш станциялары ғимараттарының ішінде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Теміржол салынған кезде «Иридиум» спутниктік байланысы орнатылған еді, қазір стационарлы байланысқа көшіріліп, СИРДПЕ, ВОЛС, «Эбилог» құрылғылары арқылы микропрцессорлық басқару жүйесіне енгізілді. Диспетчерлік орталықтан бүгінде монитор арқылы бақылап отырмыз. Тағы да айта кетерлік нәрсе, Бейнеу Б паркі станциясынан бастап Тассайға дейін станция , бекеттердің теміржолшылары бұрын көшпелі вагонда жүрген болса, бүгінде барлығы ғимараттарға ауысты. Қазір ол вагондарды алып тастадық, жұмысшыларға жағдай толығымен жасалып, олар ауысым арқылы станция, бекет басында кезектесіп жұмыс жасауда».

Елдің әлеуметтік деңгейін көтеріп, теміржолшыларды жұмыспен қамтуда жаңа жол өз игілігін берді. Маңғыстау жол бөлімшесіндегі кадр бөлімінің бастығы Екпін Қожахметовтің айтуынша, бүгінде Маңғыстау жол бөлімшесіне қарасты 88, Бейнеу жол дистанциясынан 147 адам, ЭЧ мекемесінен 68 адам жаңа желіде қызмет етіп жатыр. Олардың басым бөлігі Бейнеу ауданы мен оған іргелес жатқан ауыл тұрғындары екен.

Бір кездері тек мал бағуды кәсіп етіп, томаға тұйық қоңыр тірліктерін кешіп жатқан Бейнеуден әрі Сам құмы, Тұрыш жайлауы секілді маң даланың бойындағы ел енді күнде пойыз дөңгелектерінің дүрсілін естіп, бірі теміржолшы баласын, бірі вагонқұрастырушы жолдасын қызметке шығарып салып жүр.

Анаргүл ЖЕКСЕМБАЙ