Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай құқық қорғау органдары, арнайы және күш құрылымдары қызметкерлері арасында қойын-қолтық ұрыстан өткен спартакидадан маңғыстаулық ІІД-нің командасы үздік атанды. Екінші орыннан ҚР-ның Ұлттық гвардиясы көрінсе, үшінші орынға-ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі тұрақтады. Ақтау қаласындағы теннис орталығында өткен республикалық жарысқа еліміздің барлық өңірінен келген 250 сала қызметкерлері қатысты.        

02

— Бұл жарыс құқық қорғау қызметкерлері арасында ұйымдастырылып отырған «Динамо» денешынықтыру спорт қоғамы орталық комитетінің V жазғы салалық Спартакиадасы және ҚР Ішкі істер министрлігінің жекпе-жек сайысы бойынша республикалық чемпионат. Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Маңғыстау облысы ІІД-нің құрамында өнер көрсеткен Айболат Мұратұлы, Мұхтар Әбдіқалықовтың шайқастары әсерлі болды. Жалпы облыс құрамасының қатарында Мардан Есекенов, Арман Салтанатов, Мерген Калимжанов, Парахат Әбдіжамалов, Парахат Мантак, Асхат Аманов, Руслан Әмірбеков  өнер көрсетті. Спортшылардың алдағы уақытта бақ сынайтын халықаралық жарыстарда да биік белестерді бағындыруларына тілекшімін. Жарыс жеңімпаздарын марапаттарымен құттықтаймын. Спорттың қай түрі болмасын тәртіп сақшыларының жұмысына өте қажет. Күнделікті қылмыскерлермен бетпе-бет келіп, өмірлеріне кейде қауіп те төніп жататыны белгілі. Сондықтан да қызметкерлеріміздің спорттың барлық түрін меңгеруіне жағдай жасаймыз,-деген Маңғыстау облысы ІІД басшысының орынбасары, полиция полковнигі Бөкен Жұмағали жарыс жеңімпаздары Астана қаласында қойын-қолтық ұрыстан өтетін Жоғары Бас қолбасшының Кубогіне жолдама алғанын айтты.

Байрақты бәсекеде Маңғыстау облысының намысын қорғаған спортшылардың арасында Айболат Мұратұлы да бар. Бұл жолы да қарсылас шыдатпаған спортшымыз дүбірлі додада алтынды иеленіп, жерлестеріне тағы да жеңіс сыйлады. Айболат-бұған дейін Атырауда ересектер арасында спорттық және жауынгерлік самбодан өткен Ел біріншілігінде топ жарып, ҚР-ның чемпионы атағын иеленген болатын.

— Жарысқа қатысуға қолдау көрсеткен Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің басшысы Қ. Дәлбековке алғыс айтамын. Жарыста жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жерлестеріме жеңіс сыйлағаныма өте қуаныштымын! Енді облыс намысын Астана қаласында өтетін жарыста қорғайтын боламын,-дейді Айболат Мұратұлы.

         Венера МИРЛАН

03-11