Облыс әкімдігі ғимаратында өңір басшысының орынбасары Бану Нұрғазиеваның қатысуымен денсаулық сақтау саласы мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Алдымен өңірлік денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марал Қадыр сөз сөйлеп, ағымдағы жылдың 9 ай қорытындысына сәйкес облыс бойынша орын алған 1 жасқа дейнгі нәрестелердің өлім-жітім деңгейінің өсуіне тоқталды.

«Маңғыстау облысы бойынша соңғы үш жыл аралығын салыстырсақ сәби өлімінің бірқалыпты төмендеу динамикасы Мұнайлы ауданында ғана байқалады. Ал өзге аудандарда ахуал ушығып тұр. Әсіресе, жас нәрестелердің өлім-жітім деңгейінен Бейнеу, Түпқараған және Қарақия аудандары көш бастап келеді. Облыс орталығы Ақтау қаласында да көрсеткіш жоғары. Үстіміздегі жылдың 9 айы аралығында 14 826 сәби дүниеге келді.  Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл  көрсеткіш 604 нәрестеге көбейген. Облыс бойынша 1 жасқа дейінгі шетінеген нәрестелер саны 146-ны құрады. Туылған балалар санына шаққандағы сәбилердің шетінеу деңгейі былтырғы жылмен бірдей көрсеткішті құрап отыр»,-дейді денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марал Қадыр.

0937

«Басқарма тарапынан жүргізілген талдау қорытындысына сәйкес Ақтау қаласында сәби өлімі екі есеге артқандығы анықталды. Бейнеу, Түпқараған мен Қарақия аудандарында жүкті әйелдерді есепке алуды уақытылы жүзеге асырмау, толық деңгейде медициналық тексерілімнен өтпеу, уақытынан бұрын босану, сонымен қатар науқас сәбилерді мерзімінде стационарға емдеуге жатқызу шаралары өз деңгейінде орындалмау салдарынан өлім-жітім деңгейі артып  отыр. Бұл бастапқы медико-санитарлық және стационарлық көмек көрсету қызметкерлерінің ұйымдастыру жұмысының, қалалық,аудандық штат қызметі сапасының төмендігін көрсетеді. Дүниеден өткен нәрестелердің 68 пайызы немесе 95 сәби босандыру ұйымдарында, 28 пайызы немесе 42 сәби балалар ауруханаларында, ал 6 пайыз немесе 9 нәресте үй жағдайында шетінеген»,-деп мәлімдеді басқарма басшысы.

Туа біткен ақаулары бар сәбилер саны өткен жылмен салыстырғанда төмендеген. Бұл әрине өңірдегі неонаталды хирургия қызметі сапасының артқандығын көрсетеді. Биыл туа бітті дертке шалдыққан 18 шақалақ шетінеген. Былтыр бұл көрсеткіш 25–ті құрады. Жазатайым жағдайларда орын алған сәби өлімі 6 есеге көбейді. Үй жағдайында тіркелген нәрестелер өлімінің 50 пайызына сот-медициналық сараптама жүргізілмегендіктен нақты өлім  себептері анықталмай отыр.

0881

Облыстағы босандыру ұйымдары үш деңгейлі медицналық көмек көрсету бойынша өзара бөлінеді. Бірінші деңгейге аудандық ауруханалардың перзентхана бөлімшелері, екінші деңгейге — қалалық перзентханалар, үшінші деңгейге — облыстық перинаталдық орталық жатады. Талдау нәтижелеріне зер салсақ, бірінші деңгейлі босандыру ұйымдарында туу көрсеткіші 10 пайыз, ал перинаталдық өлім көрсеткіші 13 пайызды  құрап отыр. Бұл Бейнеу, Жетібай, Маңғыстау аудандарындағы босандыру ұйымдарының мамандар санаты мен материалдық-техникалық құралдармен қамтылу деңгейінің төмендігін көрсетеді. Мысалы, биыл Бейнеу ауданында 4 бала, Жетібай кентінде  1 бала  салмағы жетпей туылып, шетінеген. Мұндай ақаумен қауіпті топта тіркеуде тұрған әйелдер үшінші деңгейлі ұйымдарға жеткізіліп, сол жерде босанып, мамандандырылған медициналық көмек көрсетілуі тиіс. Бұл жүкті әйелдердің алдын-ала босануын жоспарлау жұмысының ауданда тиісті деңгейде жүргізілмейтіндігіне айғақ.

Мекемелер арасындағы мониторинг республикалық деңгедей жүкті әйелдерді уақытылы есепке алу 85 пайызды көрсетсе, Маңғыстау облысында бұл көрсеткіш бар-жоғы 81 пайыз ғана. Ең төменгі көрсеткіш Қарақия ауданында. Жаңазен қалалық №2 емханасы ғана 94 пайызды көрсеткен.

«Егер мекеме басшылары қарамағындағы медициналық қызметкерлер жұмысына жауапкершілікпен қарайтын болса, жоғарыда атап өткен келеңсіздіктер орын алмас еді.Бас дәрігер бірінші орынға жұмысты қоюы тиіс. Кез келге мәселе  жайында әкімшілік, немесе облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабардар болуы тиіс. Ана мен бала өлімі тек медициналық қызметкерлердің біліктілік деңгейінің ғана емес, қоғамның экономикалық-әлеуметтік даму процесінің ең басты көрсеткіші болып саналады. Сондықтан ана мен бала денсаулығын сақтауға бағытталған шаралар әрдайым  күн тәртібінде тұруы тиіс», — деді Марал Қадыр.

Өңір бойынша денсаулық сақтау ұйымдарында  424 дәрігер жетіспейді. Оның ішінде облыс медицинасы 43 анестезиолог-реаниматолог, 41 акушер-гинеколог, 25 терапевт және өзге медициналық мамандық  иелеріне  зәру.

05882

Сонымен қоса үйлестіру кеңесі отырысында «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы» сөз болды.  Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Клара Оралбаева инфаркт миокарды, жарақат, инсульт және қатерлі дерт ауруларында медициналық көмек көрсетудің интеграцияланған үлгісін енгізу бойынша Жол карталарының орындалысы туралы баяндады.

Голрох Жеменей
Суреттерді түсірген Серік Майемеров