21 қазан күні сағат 9.40 шамасында Ақтау қалалық ішкі істер басқармасы, жедел-басқару орталығына 4 шағынаудандағы 7-үйдің шатырында әйел адам отыр деген хабарлама түседі. Жергілікті полиция қызметінің 3 «А» шағынауданына бекітілген учаскелік полиция инспекторлары Әділбек Тұрлыбеков пен Бақберген Эргашұлы түскен ақпарлама бойынша, оқиға орнына жедел жеткенде, 10 қабаттан секіріп, өз-өзіне қол жұмсамақшы болған азаматшаны көреді.

Жоғарғы қабатқа көтерілген полицейлер адам өліміне жол бермеу мақсатында жедел қызмет көрсеткен. Полиция капитаны Ә. Тұрлыбеков азаматшаны ақылсыздыққа жол бермеуге, сабырға келуге шақырады. Осы сәтті пайдаланған полиция аға лейтенанты Б. Эргашұлы өз өміріне аса қауіпті әрекет жасап, көпқабатты үйдің шатырынан балконға секіріп түседі. Жалғаннан күдер үзген азаматшаны арқа тұсынан жоғары көтеріп, ажалдан аман алып қалды.

dsc_8065

Жасы әлі қырыққа толмаған келіншектің мұндай қадамға баруының себебін сұрастыра келе, оның төлей алмай отырған несиесінің кесірі екені анықталды. Азаматша ішкілікті күйде, биіктен секіріп өмірін қиюды – қиындықтан шығудың ең оңай жолы көрген сияқты. Дегенмен, қырағы да, батыл полицейлер оның бұл әрекетіне дер кезінде тосқауыл қойып, учаскелік полиция пунктіне жеткізген.

— Білесіздер ме?! Осы оқиғаның соңы трагедиялық жағдайға ұласпағаны қандай жақсы болды.
Өз өмірімізге қауіп төндірсек те, бір адамның өмірін құтқарып қалғанымызға өте қуаныштымыз. Бірақ, азаматша біздің айтқан кеңесімізді естіп, өмірдің мұнымен тоқтап қалмайтынын түсінді. Біздің қызметіміз – тұрғындар үшін, олардан мұндай әрекеттерге бармауын сұраймыз» — деді Ақтау қалалық ІІБ Жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы Бақберген Эргашұлы.

Адам өміріне араша болған полицейлер Маңғыстау облысының ішкі істер департаменті тарапынан арнайы марапатталып, мерейі арта түсті. Осы оқиға туралы «102» шұғыл телефонына қоңырау шалған азаматқа полиция алғыс білдіреді.

Маңғыстау облысының Жергілікті полиция қызметі, тұрғындардан қандай да бір құқықбұзушылық пен қылмыстың орын аларын білген немесе орын алған оқиғаға куәгер болған жағдайда «102» шұғыл телефонына хабарлауын сұрайды.

Бауыржан ӘНУАРБЕК
МО ІІД Жергілікті полиция қызметінің
қоғаммен байланыс маманы