сот

Әнуар ЖӘНІБЕК

“Көке, кешір!”

Облыстық соттың көшпелі құрамы қараған, өзім тікелей куәсі болған бұл қылмыстық істі қағазға түсірудің сәті енді түсті.

Сотталушы орындығында жан-жағына жәрдем тілегендей жәутеңдей қарап, он алтыдағы боз бала Бақыт Байтасов (аты-жөні өзгертілген) отыр. Боз торғайдай бүріскен түрі көңілге қаяу түсіреді. Сонда да сөзге тартым. Жанашыр жанға тап болғандай бала бірден ақтарыла сөйледі.

  • Әкесін жек көретін бала аз шығар, ағай. Мен де әкемді өлердей жақсы көрдім,- деп бастады Бақыт әңгімесін.
  • Ал пенде азайын десе қас қағым сәт екен. Көкем ақындай ақкөңіл, өте балажан адам еді. Құрылысшы болып істеді. Алайда мына келген аласапыран, қатыгез қоғамнан тез торығып түңілді ме, елуден аса еңсесі езілді. Жолдастарымен бөтелке қуып кетуі көбейді. Анам да, ағайындар да адамды аздырар арақты қоюын талай рет өтінді, қоймады. Ақыры жұмысынан қуылды. Түгел отбасымыз бір анамың азғантай ақшасына қарап қалдық. Күніміз күн болмады, кейде қатқан қара нанға да зәру болдық. Анам аудандық ауруханада аспазшы еді. Үш баланы асырау оңай ма, жұмысынан жасырып қалған-құтқан қалдық тамақ әкеледі үйге. Үлкені мен оныншы сыныпта оқимын. Сабағым жақсы, бірақ үйдегі жүдеу тірлік еңсе көтертпейді. Сабақтан соң Бейнеудегі теміржол вокзалына барып, жеңіл-желпі жүк тасып, аздаған тиын-тебен табамын, ал әкем болса бізді асырамақ түгілі арақтан аузы босамайды. Онысымен қоймай бізге орынсыз тиісіп, жүйкемізді жейді. Үнемі ашқұрсақпыз. Үйде нан болмайтын күндер көбейді.

Содан бір күні оқудан келсем, анам ағыл-тегіл жылап отыр. Көйлегі жыртылған, көз алды көгерген

  • Не болды? – деп сұрадым.
  • Әлгі аты өшкір, албасты әкең келіп, сенің вокзалда жүк тасып тапқан аз ақшаңды тартып алды. Жалынсам да тыңдамады. Арақта басы қалғыр!..

         Не болғанымды білмей қалдым. Аяқ асты ашудан көз алдым қарауытып кетті. Кішкентай іні-қарындасыма көйлек аламба деп, тірнектеп жиған ақшам еді. Оны да әкем сайтан суға жұмсамақшы. Үйден атып шықтым.

  • Бақыт, тоқта, қайда барасың? Әкең сені де аямайды, сабайды, барма, — деген дауысты еміс-еміс естідім.

Ауыл маскүнемдері жиі жиналатын үйлерді білуші едім. Соның біріне құстай ұшып келдім. Ашудан-ау деймін аяқ-қолдарым қалтырайды. Жапырайған жер үйге кіріп келсем, екі-үш кісі ішінде әкем де бар арақты айдап отыр. Жерге жайылған ескі газет үстінде екі жарты ақ арақ бір буханка нан жатыр. Нан тілуге қойылған үлкен ас пышақтың қолыма қалай іліккенін білмеймін.

         Әкеме қарап:

  • Әкел ақшамды!.. – деп қалшылдадым.
  • Жоқ, жұмсап қойдым, балам… – деп ол жерге қарап күмілжіді.
  • Шешемді неге сабайсың? Не кінәсі бар?..
  • Қысқарт кәні!.. – деп әкем жерден тұра берген еді. Ар жағы есімде жоқ. Дәл жүректің тұсынан ас пышағымен ұрыппын. Отырғандар:” Ойбай, өлтірді әкесін! Пышақ салды! – деп тұра қашыпты. Ал әкем болса кескен қарағайдай еденге сылқ ете түсті. Сол сәтте ғана есім еніп, қатты ашу үстінде кешілілмес күнәға батқанымды білдім. Қолымдағы ас пышағын жерге тастай салып әкемнің басын көтердім де:
  • Көке, кешір!.. – дегенім есімде.
  • Күшік-ай, тура қақ журегімнен қадалды ғой… – деді де көз алдымда үзіліп кетті. Сол арада анам да аңырап жетті. Әкем екеумізді құшақтай алып, сай сүйегімізді сырқырата боздады-ай келіп. Тас бауыр тағдырға қарғысты да жаңбырша жаудырды. Міне, бар болған оқиға осы, ағай. Енді мені неше жылға соттар екен, мектепті де бітіре алмадым-ау. Анам мен кішкентай іні-қарындасым енді қалай күндерін көреді? – деп Бақыттың жанарынан жас көрінгенде, жүрегім шаншып кетті.

 Иә, аласапыран ашу үстінде аңдаусызда ас пышағын жұмсағаны анық. Алайда әкесін өлтіремін деген ой тіпті де болған жоқ. Осы себептерді ескерген облыстық соттың көшпелі қылмыстық істер қарайтын құрамы Бақыт Байтасовты бес жылға бас бостандығынан айырып, жазаны жалпы режимде өтеуге үкім шығарды. Тас бауыр тағдыр тағы бір бейкүнә жасқа түрме есігін ашты. Өкінішті-ақ!..                                                                                                      

Қара нанның қатқаны

 Облыстық соттың қадағалау алқасына қатысуға келген кішкентай сотталушы мен оңаша сұхбаттасудың сәті түсті.

  • Түрмеге қалай түстің?
  • Ұрлық үшін, ағай…
  • Себебі…

Ол түкке түсінбегендей бетіме бажырая қарады. Сәлден соң тығыны атылған шөлмектей ақтарыла жөнелді.

  • Әй, ағай, не ұрламадым мен? Тұрмыс тауқыметі, жоқшылық не істетпейді? Соңғы рет бір ауқатты ағайынымыздың үйінен он мың теңге ұрлаймын деп ұсталдым.
  • Бұл жолға қалай түстің?

Бекзат бала бетіме тағы да аң-таң күйде тесіле қарап, тістене сөйледі:

  • Егер қара нанның қатқанына да зар болып, түрме тірлікті көрсеңіз, бұлай сөйлемес едіңіз, ағай. Кім жетіскеннен ұрлық істейді? Менің де жеті атамда ұры болған ешкім жоқ. Ал мен бесіктен белім шықпай жатып, ұрлыққа амалсыздан бардым. Неге дейсіз бе, айтайын.
  • Иә, айтшы кәне…

Сотталушы жасөспірім кәдімгі көпті көрген кексе кісідей көсіле кетті:

—   Бейнеудегі бір разъезде тұрамыз. Отбасымдағы баланның үлкенімін. Өзімнен кейін кішкентай іні-қарындасым бар, олар мектепте оқиды. Сабақтары жақсы, бірақ жанұямыздың тұрмыс жағдайы адам аярлық. Маған оқуды тастауға тура келді, сегізінші кластан кейін оқыған жоқпын. Үнемі ашқұрсақпыз, тойып тамақ іше алмаймыз. Анам – маскүнем, арақтан аузы босамайды. Әкем оны күнде сабайды. Сонда да қоймай анам үйдегі жарамды заттардың бәрін арақ үшін сатып құртты. Тіпті ас-су ішер, іліп алар ыдыс-аяқ та қалмады. Талай рет далада құлап жатқан жерінен жетектеп әкелдім. Масқара емес пе? Әйел адамның маскүнем болғаны сұмдық екен, ағай. Нағыз сұмдық!.. Кей күндері үйімізде ең болмаса ыссы суға  жібітіп жейтін қара нанның қатқаны да болмайды. Көршілерімізді де мез қылдық. Бірде көршіге нан сұрай барсам, ас столы үстінде су жаңа бес мың теңгелік жатыр. Жүрегім атша тулады. Інімнің жазу дәптеріне де жарымай жүргені есіме түсті. Содан ақшаны жып еткізіп, қалтама ұрып жібердім. Бір дәндеген соң қоймайды екенсің. “Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады” деген рас екен. Сабақтан соң, ауыл үйлерін аралап, аңдитынды шығардым. Жеуге жарайтын, не ақша жасауға келетін бірдеңе көрінсе қағып кетемін.

Мен осылай іні-қарындасымды ұсақ ұрлықпен асырасам, ал арқа сүйер анамыз өзін сайтан сумен ғана асырады. “Әйел бұзылса – түзелмейді” деген шындық екен. Ішуін үдете түсті. Алимент алғанда, апталап ішіп, үй көрмей кетеді. Біз, үш тірі жетім, не істерге білмей жылап-еңіреп үйде қаламыз. Күн ұзағына қорегіміз қатқан қара нан мен сүтсіз қара шай. Өзімді емес, маған жәутеңдеп, жәрдем күте қарайтын іні-қарындасымды аяймын, ата-анама деген ашу-ызадан жынданып кете жаздаймын. Сұмдығы – вокзал басынан жук тасып тапқан азғантай тиын-тебеніме дейін шешем ұрлайтынды шығарды. Мұндай да азғындау болады екен. Анамды тіпті көргім келмейді!.. Ондай шешенің барынан жоғы жақсы емес пе?

          Бірде іні-қарындасыма екі күнге жетерлік тамақ тауып, әкемді көрейін деп кеттім. Ол мені жақсы қарсы алды. Сағынып-ақ қалған екен, бауырына басып, жылап алды. Алайда өгей шешемнен жылы қабақ көрмедім.

  • Не болды жылап? Одан да ана алқаш анасының көзін құрт! – деп әкеме зеки сөйледі. Бейшара әкем бұрыңғы үйдегідей емес, қатты шөгіп, жүдеп кетіпті. Бәріне өзін кінәлі санағандай, көзін жерден алмайды. Шай үстінде аш-жалаңаштығымызды айтып, ақша жағынан көмектесуін сұрадым. Өгей шешеміз өре түрегелді:
  • Алимент алмайсыңдар ма, сол ақша қайда кетеді? Біздің де бала-шағамыз бар, өзімізге де жетпейді…

Әкем:

  • Балам, ақылың бар ғой, мен малға жаңа шықтым. Бар көмегімді беремін,- деп күмілжи сөйледі. Содан азын-аулақ дәм алып, үйге келсем, шешем жоқ. Сөзіне тұрмай, тағыда ішіп кеткен.
  • Аға, қарнымыз ашты! Екі күн болды, тамақ ішкен жоқпыз,- деп іні-қарындасым қосыла жыламсырады.
  • Қазір, — деп әкелген аз тамағымды екеуіне бөліп беріп, өзім қазір келем деп кеттім. Ауылда бір ауқатты ағайынымыз бар еді. Өзінің жеке шаруа-қожалығы бар. Түнделетіп, сол үйге бардым. Терезелері тас қараңғы, сірә, үй иелері қонаққа кеткен. Есікті қағып едім, ешкім ашпады. Сол сәтте үйдегі аш-жалаңаш, жадап жүдеген іні-қарындасым есіме түсіп, тәуекел етіп үйге терезеден түсуге бел будым.

          Төргі бөлме терезесінің бір үлкен әйнегін алдым да ішке секіріп  түстім, алдымен ақша іздедім. Шифонер суырмаларының бірінен су жаңа он мың теңге табылды. Соны қуана қалтама сүңгітіп, енді сыртқа шыға бергенімде, қас қылғандай үй иелері машинамен келіп қалып, қолға түстім. Сол құдай атқыр он мың теңге үшін екі жылға бас бостандығымнан айырылдым, ағай. Мен түрмеге түскен соң іні-қарындасымды балалар үйіне өткізіпті. Анам арақтан уланып, қайтыс болды. Інім:” Аға, сағындым сені, бізді алып кетші!” деп балалар үйінен үсті-үстіне жалынышты хат жазады. Осы амалсыздан ұрлыққа барған қиын жағдайымды ескеріп, сот алқасы жазамды жеңілдетіп, бостандыққа шығарса, іні-қарындасымды қолыма алар едім, — дегенде боз баланың жанарына жас үйірілді. Менің де мазам кетті.

         Әй, өткінші жалған, тас бауыр тағдыр-ай! Еш кінәсі жоқ бейкүнә баланы бір үзім нанға зар қыласың. Ал алаяқ біреулер арам ақшаның астында жатады. Осы да әділдік пе?..

      Облыстық соттың қадағалау алқасында қаралған бұл іс оң шешім тауып, бас бостандығынан айыру жазасы шартты түрге аударылды. Қуанғаннан жас бала сот залында жылап жіберді. Сот залынан босап, қуанышы қойнына сыймай балалар үйіндегі кішкентай іні-қарындасын көруге асыққан Бекзатқа қалтамдағы барым мың теңгені қолына ұстаттым. Тас бауыр тағдырдың тауқыметін жастай тартып, амалсыздан ұсақ ұрлықпен айналысқан осы Бекзат сияқты кінәсіз пенделер қанша? Солардың жабырқаған жанын түсінуге ұмтылайық, ағайын!              

Ойрандалған отбасы

Өрікгүлдің өгей әкесінен көңілі қатты қалып, қаны қарайғалы қашан. Талай рет елуді еңсерген анасына: “Осы итке қайдан кездестің? Жібі түзу басқа біреу табылмады ма? Ішкенімізді ірің, жегенімізді желім қылды. Аузы арақтан босамайды. Сені тектен-тек ұрып-соғады. Айырыл бұдан!” деді.

Соңғы 2-3 жылда қиюы қашқан отбасы тірлігінен басы айналған Алмагүл де 20 жасар қызының жаны ашуымен іштей келіссе де, жағымсыз жарынан құтылудың жолын таппай дал болды. Кет дегенге ол кетпеді. Бұрынғы жолдасы автомобиль апатынан қаза болған соң кездескен, он жылдай отасқан бұл күйеуінен бала жоқ еді. Кезінде бірін-бірі ұнатып қосылды. Алғашқы 6 жылда ұрыс-керіссіз тату тәтті тұрды. Күнінде бір зауыттың білдей аға инженері қас-қағым мезгілде осынша азып-тозар деп кім ойлаған. Бар бәле Иван Петровичтің АТЗ-дағы инженерлік қызметінен қысқарып, коммерцияға келуінен, ашығын айтқанда алып-сатарлықпен айналасуынан басталды. Сауда-саттықпен жүріп үйге жиі түнемеуі, ішіп келуі көбейді. Әйелі оның басқа бір жастау біреумен байланысып жүргенін де сезді. Қояр деді қоймады. Ал Өрікгул болса өгей әкесін о бастан-ақ мүлдем жаратпады. Ар-ұяттан безген ол бетсіз де бір-екі рет ессіз күйінде, анасын қоя салып қызына ашық қырындағысы келген-ді.  Ал, ол көнбек түгілі көргісі келмеді!..

Қабағы қату қызының соңғы кезде бір сұмдыққа іштей әзірленіп жүргенін ана жүрегі анық сезді.

  • Осы сен не істегелі жүрсің?
  • Көзін құртамын ол бичтің!
  • Кімнің дейсің?
  • Сол сұмырайдың!
  • Ашып айтсайшы…
  • Жоқ мама сен мұны білмей-ақ қой, кезінде көрерсің, — деп қызы жауапты келте қайырды.

  Өгей әкесінен құтылуды жеделдетуді жөн көрген Өрікгүл, бұл іс өз қолынан келмесін сезген соң, өзінің көңілдесі Серік деген жігітке жалынды. Жас та болса жауыздығы ерте оянған өрімдей қыздың: “Өгей әкемді өлтір!” деген оқыс тілегіне жігіт ең әуелі сенер-сенбесін білмеді. Бірақ ашыналық жаймен әрбір оңаша кездескен сайын қыз өтінішін қайталауды қоймады. Тіпті болмаған соң: “Осы айтқанымды орындасаң, мың АҚШ долларын беремін” деді. Қазіргі жер-жаһанды көк қағаз билеген заманда мың доллар беремін дегені Серікті ойландырып тастады.

Оның айтқаны: “Жақсы, қабырғаммен кеңесейін. Бірақ аузыңа берік бол! Бұл іс оңай емес, дело мокрое! Ал алдасаң, өзің өлесің!” деді.

Ешкім секем алмасын деп Өрікгүл соңғы күндері өзін сабырлы да салиқалы ұстауға тырысты. Бұрын сәл нәрсеге өгей әкесімен келіспей, кетісіп қалатын ол, енді:

  • Егер арағыңды қойсаң, бұрыңғыдай тату-тәтті тұрып та кетерміз, — деп күлімсіреп қояды. Тек анасы ғана қызының бір оқыс байламға іштей бекінгенін сезіп, қорқып жүрді.

Ымырт үйіріле үйде теледидардан футбол көріп отырған Иван Петрович әлде не есіне түскендей, атып тұрып, қоңыр курткасының қалтасынан машинасының кілтін іздеді. Қалтасынан кілт таппаған соң диванда, қасында отырған өгей қызына тап берді.

  • Кілт қайда, тағы қайда тығып қойдың? – деп әй-шайға келместен қыздың жағына шапалақпен тартып жіберді. Қыз тістеніп, сыр бермей бозара түсті.
  • Алған жоқпын, өзің бір жерге қойған шығарсың…
  • Жоқ, кілтім қалтамда еді, бұл сенің ісің, мені машинамен ешқайда кетпесін деп кілтімді тағы да тығып қойдың…

Ал ақиқатында, машина мен гараждың кілтін қыз бұдан бір сағат бұрын өгей әкесінің қалтасынан ұрлап алып, Серікке берген еді. Иван Петрович аяқ асты қатты ашудан жынданып жүріп Өрікгүлмен бірге сыртқа гаражға кілт іздеуге шыққанда, қыз көп бөгелмей үйге кіріп кетті. Қара көлеңкеде гараждың бұрышында тығылып тұрған Серік машинасын қарауға келген иесін аңдаусызда лом темірмен қарақұстан бір ұрып сұлатты да, оны машинасына көтеріп салып жүріп кетті. Рульде белгісіз біреу отырды…

Бұл қылмыстық іс бойынша тергеу шаралары кезінде қыз сезікті жан  ретінде жауапқа тартылды. Алайда ол әр түрлі жалтарма жалған жауап айтып, бұлталаққа салып бақты. Тіпті ол: “Бұдан бір жыл бұрын өгей әкем үйде оңаша ұйықтап жатқанымда мені зорлады. Өзіне ашына жасағысы келді. Мен Серікке оны өлтірн деген жоқпын, тек өшімді алып бер, ұрып қорқыт дегенмін. Ал ол байқамай өлтіріп алыпты” деп те соқты. Мұның шындығы да жоқ емес еді. Өгей әкенің күнәсі де қара бұлттай қою. Кейінгі кезде сайтан суға тойып келіп қызға тиісетінді де шығарды. “Жасың жиырмада сенің қыз емес екеніңді білемін. Маған ашына бол шешең қартайды” деген сөзді бір-екі рет ашық текспен айтып салды. Келіспеген соң қызды соққыға да жықты. Бұл жайды полицияға хабарлауға естіген елден ұят деп анасы жылаған соң, бармап еді. Енді соған өзі де өкінеді. Онда іс басқаша бағыт алып, кісі өлімі де болмас па еді, кім білсін… 

Сотта судьяның:

  • Жақсы, өгей әкең кінәлі дейік, онда полицияға хабарламадыңыз ба? Анаңды көндіріп, сот арқылы заңды ажыраспай ма? Неге кісі жалдап өлтірттің? – деген сауалына:
  • Кет дегенге кетпеді, шешем айырыл десем айырылмады. Маған көрсетпегені жоқ, сонда қалай құтылуым керек? – деп сотталушы қыз судьяға қарсы сауал қойды.
  • Заңды жолы бар емес пе?
  • Айттым ғой сізге, оған анам көнбеді…
  • Сосын…
  • Сосын Серік деген жігітке айттым, бірақ өлтір дегенім жоқ, өшімді алып бер, қатты қорқыт деп едім, ал ол байқамай өлтіріп алған…

Сот Өрікгүлді өгей әкесін өлтіруді ұйымдастырушы ретінде кінәлі деп танып, оны жеті жылға бас бостандығынан айырды. Ал бұл қылмысты тікелей жүзеге асырған Серік зым-зия жоғалып кетті. Тиісті органдар оны әлі күнге іздеп таба алмауда.

Береке-бірлігі бұзылған бір отбасы тірлігінің осылай ойраны шықты. Жағымсыз жардан өлілей, жалғыз қызынан тірілей айырылған байғұс ана екі бөлмелі үйде жападан жалғыз тас тағдырына  қарғыс айтып, аңырап қалды. Аңырап!..                                                                                                   

Қызғаныш құрбаны

Қамшының сабындай қысқа осы жиырма екі жасында Сергей Николаевич (аты-жөні өзгертілген) екі рет түрмеге түсіп үлгерді. Бірінші рет он жеті жасында ұсақ ұрлықпен ұсталды. Екіншісінде кісіге қасақана қастандық жасап ауыр жарақат салғаны үшін Ақтау қалалық соты үш жылға бас бостандығынан айырды. Қазір ол түрмеде отыр. Өзі адам айтса сенгісіз қызғаншақ пенде. Онысы айықпас ауру секілді. Осыдан үш ай бұрын бейбіт өмірдегі көңілдес қызы Юля колониядағы Сергейге кездесуге келгенде қасында бейтаныс жігіт болып еді. Сергей сол бейтаныс жігіттен қызын қатты қызғанып аяқ асты қан қысымы көтерілді. Күні бойы қызға,ныш уы бойын буып, берекесі кетті. Көңілдесінің тәртібін тексермекке, онымен оңаша сөйлесуге бекінді де, колония бастығына бір жақсы сылтау тауып, жарты күнге сұранып, Ақтауға қалаға келді.

Юляның үйінде анасы бар екен. Содан екеуі дос қызы, көршісі Ленаның үйіне барды. Оңаша бөлмеде сөйлеспек ниет жасағанмен әңгімелері жараспады. Бұрынғыдай емес, аралары суып үлгергені сезілді.

Юля: “Біздің махабаттымыз аяқталды!” деп төтесінен қойып қалып, Сергейдің бетіне бажырайа қарады. Аяқ асты ашуға булыққан Сергейдің көз алды кенет қарауытып стол үстіндегі ас пышаққа жармасты.

  • Неге? – деді ерні дірілдеп.
  • Сол, бітті! Сүймеймін сені!..
  • Иә, тағы кімді таптың? Бүгінгі өзіңмен бірге колонияға келген жігіт пе ?
  • Жоқ…
  • Енді кім? Айт жаныңның барында! Әйтпесе мына пышақпен тап қазір бауыздаймын!..
  • Сергей, зорлама адамды. Сезімнің де бас-аяғы бар емес пе? Болды…- деп Юля басу айтқан еді.
  • Соқпа өтірікті! Айтшы Лена мынау не дейді?
  • Рас па?
  • Мен қайдан білейін. Бұған мені араластырма, өз проблемаларың… Өздерің шешіңдер…

   — Сен де Юляны жақтап тұрсың ғой, а? Екеуіңді де қолымдағы пышақпен жарып тастайын ба? Кімді келеке қылмақсыңдар,- деп Сергей көгере қалды. Ал қыздар болса түк болмағандай күліп жібергені сол еді, сотталушы қолындағы ас пышақты оңды-солды сілтеп екі қызды да сойып салды. Және анау-мынау жеңіл жарақат емес. Еден қызыл ала қанға боялды. Содан соң Сергей түк те болмағандай алдындағы арақты қағып салды да, сыртқа шығып кетті.

Көп кешікпей колонияда өткен көшпелі сот мәжілісінде сотталушы Сергей Николаевич бұрынғы жазасының үстіне бес жылды қосып алды. Қыздардың екеуі де ауыр жарақаттан ұзақ емделді.

Міне, шектен тыс қызғаншақтықтың кесірінен онысыз да қиюы қашқан тірлігі тамұққа айналды.                                                                                      

Арам ақша

Алпысты алқымдаған Айтбай Асқаров Жаңа Өзен қаласындағы бір мұнай мекемесінің бастығы еді. Бүгін бір делдал досынан оңай олжа  түскен. Сол қалың көк қағаз қолын қыздырып, көңілін көкке көтеріп “мұны не істесем екен?” деп ойлады.

Сол сәтте кабинетіне күлімдей кірген отыздағы оттай ойнап тұрған орыс келіншегі, өзінің хатшысы Катя бастығының қолындағы бір пәшке долларды көргенде көзі жайнап кетті. Соны сезген кәрі көкжал бір елулікті келіншектің қолына қыстыра салды да креслосына керіле:

  • Бұрынғы жерге ме? – деп жымиды.
  • Болады, тек кештеу…
  • Сонда неше?
  • Он…
  • Жақсы, он екіде үйге ораламын. Жаңа жылды отбасымда қарсы алуым керек.
  • Екі сағат жетеді. Бәріне де үлгереміз, — деп кербез келіншек қылмыңдай қалды.

 Кәрі қасқыр: “ Құйрығының түлкіше ойнауын қараш, тағы инфаркт алмасам жарар еді… Әй, өзекті жанға бір өлім ажалым сонда тұрмаған шығар…” деп өзін қайрап қойды. 

Үстіміздегі тауық жылын Ақтаудағы аз кластастарымен қарсы алуға асыққан Анатолий ақ “Жигулиін” жүйткітіп жеткен. Әттең, ойлағаны толық болмады. Айдар мен Бористен басқасы әр түрлі себеппен теңіз жағасындағы “Жемчужина” кафесіндесі жаңа жылдық дәстүрлі кездесуге келмеді. Үш дос үш сағаттай оңаша отырып, сырласқан соң тарқауға келісті. Анатолий да Жаңа Өзендегі үйіне, кербез келіншегі Катяға жетіп, жаңа жылдық сюрприз жасамақшы болды.

Бір шоқ гүл мен бір “Советтік” сұлу шампанды саквояжына салып, түнгі он екіге таман қара шаңырағына да жеткен еді. Үйдің терезелері тас қараңғы. Сірә ата-анасын жаңа жылмен құттықтауға кеткен шығар деп, оларға телефон шалды. Келіп кеткен деді. “Енді қайда? Сыралғы сырласы Соняға барған шығар. Мұнысы несі, менің Ақтауға кеткеніме қуанғандай болып еді… Қап, бәлем, тұра тұр!” деп ашуға булыққан Егоров досының үйіне де телефон соқты. Шаққа көтерген трубканың ар жағынан еркек-әйелдің көңілді күлкілері естілді.

  • Бұл кім?
  • Ақтаудан, Николаймын. Катя сіздікінде ме? — деп бұл табан асты қулықа көшті.
  • Бізде жоқ, үйде өзіміз… – деп күмілжіді Соня.

Тіпті сасқаны сондай, бірін бірі жаңа жылмен құттықтауды да ұмытып кетті. Анатолийдің ішінде күдіктің күшігі қыңсылады. Ашу басына тепкен ол мұздатқышты ашып қарап еді, ішінде жартылай ішілген ақ арақ тұр екен. Оны асыға үлкен кәсеге толтыра құйып қағып салды да, үйдің төбесінде тығулы тұрған әкесінің құс мылтығын иығына іле сыртқа шықты. Далада ақ боран екен. Машинасын зорға тапты…

— Сәлем, мырзалар мен ханымдар! – деп сыртқы есікті теуіп ашып, Аяз атадай аппақ болып, үйге Анатолий кіріп келгенде, төрде отырған төртеудің тілдері байланып қалды. Екі әйел екі еркектің көңілді күлкілері су сепкендей басылып, мастықтары тез тарқады. Сірә, “Аяз атаның” иығына ілінген құс мылтықтың әсері күшті болды.

— Неге тілсіз қалдыңдар!? – деп аппақ қарға көмілген Анатолий алдымен Катяның бастығы жасы алпысты алқымдаған Айтбайға қарады.

  • Сөйле, жаңа жылда көңіл көтеруге жас келіншек керек болды ма? Катя қызыңнан кіші емес пе? Әлде бастыққа бәрі бір ме?..
  • Сен массың, Анатолий жүр үйге. Бәрін өзім түсіндірем… – деп столдан көтеріле берген әйелін иықтан бір қойып отырғызды.
  • Мен бе мас? Қазір мен сендерді тыр жалаңаш билетемін! Тез шешініңдер! Қане үшке дейін санаймын. Бір, екі…

Иығындағы құс мылтықты қолына алып, әйеліне қарай оқталды.

  • Әй, жындымысың қалай шешінеміз?
  • Міне былай… – деп енді мылтықтың аузын Соняның күйеуі Кудринге қаратып, шүріппені басты да:
  • Бір, екі… – деп санай бастады.

Кудрин  қорықаннан қол-аяғы дірілдеп шешіне бастады. Қалған үшеуі де іш киімдерімен ғана қалды.

  • Ал енді твист билейсіңдер!..
  • Мен билей алмаймын, жақында инфаркт алғанмын, — деді әйелінің желжуан бастығы демігіп.
  • Қалайша? Инфаркт алсаң жас әйелде нең бар? Көтіңе қарамайсың ба?
  • Анатолий, қойсайшы енді жетті ғой! Бұл кісінің кінәсі жоқ, — деп булығып жылады әйелі.
  • Қонақтарды Сонямен келісіп жаңа жылдық дастарханға шақырған мен. Бәріне мен кінәлімін! Мені өлтір! – деп Катя еңірей жөнелді.

Сол сәтте сыртқы есік қатты қағылды. Оны Анатолийдің өзі ашып еді, сау етіп екі полиция кіріп келді. Сірә, көршілердің бірі телефон соққан болды.

  • Бұл не спектакль? Мылтықты бізге бер! Ал сендер тез киініңдер қазір акт жасаймыз, — деп екі полиция үрейлері ұшқан төртеуді тілге келтірді.

Түнгі сағат екіде айықтырғышқа жеткізілген Жаңа Өзендік жас бұрғышы Анатолий Егоров 2005-тауық жылын сонда қарсы алды. Бұл бұзақылық іс-әрекеті жаңа жылдық сюрпризі үшін ол бір жылға шартты түрде сотталып  тынды. 

 Жүректегі  жара

Махабат дерті соққан Еңілік жиырмаға жетпей Ерікке есі кете ғашық болды. Аққұба, жадау жүзді , дәулескер домбырашы ұл басынан бір шықпады. Ол өзінің құдайы көршісі әрі бала кезінен  қозы- лақтай бірге ойнап өскен жан жолдасы еді. Әкесі қатардағы мұнайшы. Кіндіктен  жалғыз бала болған соң ба, тым ерке, еш қиындық көрмей  тарпаңдау болып өсті. Тоқ тірлігі  арзан сауық сайранға құмарлығын да қоздырды. Ақтаудағы өнер мектебінің домбыра класын үздік бітірген Ерік обылыстық, республикалық жарыстардың жеңімпазы болды. Екеуі биыл  үйленуге де бел буған-ды. Тек қыздың әке-шешесінің қарсылығын ғана жеңе алмай жүрген-ді.

Қыздың әкесі облыстық үлкен бір өндірістік мекеменің  бастығы еді. Соңғы он жылдағы алмағайып , аласапыранда  мемлекет мүлкін мол қарпып кеудесіне нан піскен  дөкей жалғыз  қызының  қатардағы мұнайшының боқмұрын баласына тұрмысқа шыққанын тіпті де қаламады. Өз ойын әйеліне кесіп айтты. “Қызыңа айт, ана жын қуған  домбырашыға  бермеймін”. Өзімнің ен таққан күйеу балам бар. Әкесі де түйедей құрдасым, ескі досым. Баласы  Болат шет елдік бірікен кәсіпорында  бөлім бастығы, Академия бітірген. Отызға келсе де әлі үйленбеген. Анадай білімсіз бишара емес!  Домбырашы деген немене?..  Талант ас болайды! Махаббат ақша емес!

Ерікті қимай қанша жылап қиналғанымен билікқұмар, байлыққұмар қатыгез әке  қызын өз дегеніне көндірді. Аяқ асты дүрілдетіп тойын өткізіп, Болатқа қосты.

Бес жыл бірге тұрып , ен байлыққа батып, Болаттан ұл тапса да Еңліктің Ерікке деген жүрек жарасы жазылмады. Махаббаты басылмады. Қайта сирек те болса да  көшеде  кездескенде  сүйген жігітінің азып-тозған түрін көріп, еңсесі езілетін. Оның бұл қайғылы күйіне өзін тікелей кінәлі санайтын. Осынша мерзім ерлі-зайыпты ғұмыр  кешсе де  Болатқа  мүлдем жүрегі жылымады, ол олма  әкесіне егіздің сыңарындай өте ұқсас үш жасар ұлын да сұмдық жек көреді. Өзі де жыл өткен сайын жүдеп барады. Қаралмаған дәрігері қалмады, бірақ  олар  ауруының дұрыс диагнозын қоя алмады.

Әкесі жалғыз қызын жанындай жақсы көреді. Оның бақытты болуы үшін ештеңесін  аямайды. Оның көңіліне еш қаяу түспесе екен дейді.

Бірде әкесі қызының туған күнінде отырғанда оған Еріктің қайтыс болғанын айтып қалды. Ондағы ішкі ойы қызы оны ойлаудан мүлдем тиылсын  деген тілек еді.

— Бір жыл болыпты. Әне мені тыңдамай  оған шыққаныңда  жастай жесір қалады екенсің -, деп қосып қойды.

— Жоқ, папа, қателесесің,  ол баланың өліміне кінәлі мен! Мен!  Сосын Сен! Егер мен уәдеме тұрып, үйленгенімізде ол ішіп кетпес еді. Жүрегі өте нәзік, дарынды бала еді. Мені өлердей сүйетін! Мен де ғашықпын оған! Біз кінәліміз  оның өліміне! Біз, бапа …- деп бетін баса булығып жылап, бөлмеден  атып шықты. Әкесінің аяқ асты қан қысымы көтеріліп , “жедел жәрдем” шақырылды.

Осыдан соң Еңілік қоймай жүріп, Еріктің қалай қаза болғанын, артында үш жасар қызы қалғанын, ол қазір жетім балалар үйінде екенін анықтады. Тіпті оны барып ешкімге білдірмей көрді де. Содан ол тосын шешімге келді. Еріктің қызын өзі асырап, тәрбилеуге бел буды. Ол күйеуінің де, әке-шешесінің де қарсылығына қарамады. Егер бұған келіспесеңдер  Болаттан кетемін , жалғыз  тұрамын дегенге дейін барды. Болат та сүйікті ұлы үшін, оны тірілей жетім  етпейін деп, әйелінің бұл келеңсіз қылығына да көнді.

Еңілік сүйген жігіті Еріктен тамшының сыңарындай аумай қалған  үш жасар  бұйра бас қызды сот шешімімен, заңды түрде өзіне қыз етіп асырап алды. Сөйтіп жүрегіндегі махабат жарасын сәл де болса жеңілдеткісі келді. Хан сарайындай төрт бөлмелі үйде Болат ұлымен бөлек,  Еңілік қызы Гүлжанмен бөлек бөлмеде тұрып жатыр.

Жексенбіде қызына әке-шешесі  кезекті  қонаққа келген еді. Олар  Еріктен аумай қалған  арық қызды көргенде аң-таң қалды. Мұнша ұқсас болар деп ойламаған-ды. Сонда  барып, ата-анасы өздерінің өмірде жіберген  басты қателерін  түсінді. Қызының махаббатына қатты қиянат жасағандарына  мықтап  өкінді.

Ал Еңілік болса  жүзіне қан жүгіріп, жақсара бастады. Үш жасар Гүлжанды қасынан қыл елі  қалдырмайды.  Тіпті туған ұлынан артық көреді.  Бар аңсары соған ауған.  Күйеуі де, әке-шешесі де махаббатқа дауа жоқ екеніне  көздері жетті. Билік те, байлық та  жүрекке түскен ғашықтық жарасын жаза алмайды екен.

Ақшұқырдағы “Қошқар ата” қауымында мәңгілік мекенінде жатқан Еріктің туған күні  жетінші қазанға Еңілік  үш жасар  қызы Гүлжанды  ерітіп,  қара “Мерседеспен”  келді. Тұңғыш рет туған қызының қолымен жас қабірге, әке басына гүл қойды. Қанқызыл гүл.  Қара мәрмәр тастағы суреттен  Ерік те бұларға үзіле, үздіге қарайды.

“ Не кінәм бар , тірліктегі бар  жазығым сені ессіз  сүйгенім бе… Ал сен болсаң …”- деп  кінәлай  сары домбырасына  сүйеніп тұр. Еңілік те іштей егіледі. “ Кеш те болса  кешірім сұрай келдім, сенің тірліктегі  көзің қызыңды асырап алдым, Ерік. Әкем де өміріндегі ең үлкен қателігін  мойындап менен  кешірім сұрады, Ерік …” деп күбірлегенде  жиырма алты  жасар  келіншектің жанарынан  жас парлады. Түкке түсінбеген  құрттай  қызы оның жүзіне  жаутаңдай қарайды.

Сатылған сүйіспеншілік

Бәрі сатылатын  заманда ештеңеге таң қалудан қалдық. Пара алып, бес жылға сотталған, елуді еңсерген  шенеунік  әйелдің мына тірлігіне  не дерсіз, оқырман.

Орда бұзар отыздағы Орысбай Орақұлы сырттай қарағанда нағыз жігіттің сұлуы  еді. Ол осы өміріндегі  бас көзірін  қыз-келіншектерге мықтап пайдаланды. Облыстық деңгейдегі  дөкей бастықтың жалғыз ұлы  болып, өте ерке өскен оны өзгенің өмірі қызықтырмады. Ар-ұят, обал-сауап  дегендер түсіне де кірмеді. Тек өзі үшін ғана өмір сүрген  тоғышар, тоқ тірлік оған не істеткізбеді. Отызға жетпей екі әйел алып, жіберіп те үлгерді. Екеуінде де бала кетті. Оларға тиісті  алиментін де дұрыс төлемей қашып жүр.  Бір жұмыста тұрақты істеп те жарытпайды. Ауырдың асты, жеңілдің үстімен  жылжып  жүргенді жақсы көреді.

Орысбай тағы бір кезекті спектаклін бастады. Қалалық  акиматта бөлім бастығы болып істейтін Анна Дмитриевнаның басын шыр айналдырып, кезекті құсы ретінде қолына  қондырды. Ағайындары Аннаны өзінен жиырма жас кіші адамға тұрмысқа шығатынын естігенде қатты ренжіді. Тіпті оның қыз-күйеуі де анасының бұл қате қадамын  құптамады. Түбі өкініш өртіне ұрынарын  ашық айтты.

— Ол сені мүлдем сүймейді! Үйіңе, жақсы жағдайыңа қызығады. Қой оны , мама!  —  деп ашына айтқан қызы Ленаның сөзіне де тоқтамады. Дүрілдетіп тойын өткізіп, күшік күйеу Орысбайды үш бөлмелі үйіне кіргізіп, тіркеуге  де тұрғызды.

Шет елдік сәнді кереуетте керіліп жатып Орысбай ойлайды: “Енді не істесем? Ең алдымен машина алдырамын…”

Аппақ семіз борсықтай Аннасын  құшағына құшырлана қыса түсіп:

— Бірдеңе жетпейді бізге, — деп құлағына  үздіге сыбырлады.

— Ол не , жаным?

— Машина алайық , жаяу жүргеніміз елден ұят!  Білдей бастықсың…

— Жарайды, жаным! — деп сары майдай еріген Аннасы жас күйеуінің құшағына құлай кетті. 

Бар жиған-тергені жетпеген соң қосымша кредит алып, екі айдан соң сувенир күйеуіне  “Мерседес” мінгізді.  Сөйтіп, Орысбайдың ойлағандары  оңынан оралып  жатты. Ендігі кезекте  гараж бен дача алу мәселесі тұр  еді. Соңғы екі жылда Анна Дмитриеваның қызметі де өсе түсті. Әкиматтағы тұрғын үй бөлу бөлімінің бастығы болды. Алайда бір де бір іс ақшасыз шешілмейтін болды. Пара алуын да үдетті.  Бұрынғыдай қысылуды да қойды. Елуді еңсерген кербез әйел әріптестерінің көз алдында  бұзылып, ар-ұят дегенді шетке ысырды. Бар ой-аңсары жетесіз жас күйеуінің дегенін істеуге ауды. Кезекті парасына гараж алды.  Енді дача алу үшін жанталаса клиент  іздеді. Бұл мезгілде өз ой-іс әрекетінің түбін ойлаған залым күйеу  машинаны шешесінің атына, ал гаражды әкесінің атына үн-түнсіз заңды  түрде аударып, өзі шет елге емделуге  жолдама алдырып, елден кетіп үлгерді.

Ал кезекті бір пара алуы үстінде  Анна Дмитриевна  полиция қолына түсті. Түбі осылай боларын білгендей ол өзін аса сабырлы ұстады.  Еш қарсылық көрсеткен жоқ. Сейфке сақтаған ақшаларын да берді. Үш айдан кейін оның соты болды, бірақ ол сотқа  күйеуі  келмеді. Шет елде жатып алған  Орысбайдың  ойы  елде қалған  үй, машина, гаражды қалайда қымбат бағасына сатып, бұл әйелден де ың-шыңсыз  құтылу  еді.

Ал бұл кезде түрмеге түсіп, жаны жабыққан  Аннаға туған қызынан басқа жан баласы қайрылмады. Өзінің бұл өмірде оңбай қателескенін  қызына  ғана  айтып, жылаумен болған  ол түрмеде жатып жәбірленушілерге хат үстіне хат жазып кешірім сұраумен болды. Көбі кешірді. Үш  жылдан астам  отырған  соң, ерте босады. Әбден жадап-жүдеген, үй-мүлкінен айрылған Анна Дмитриевна қыз-күйеуінің қолына келіп тұрды.

Ал  жалғанды жалпағынан басып жүрген Орысбай Орақұлы  болса түк болмағандай  тағы бір бизнесмен  бикештің,  қырықтағы кәрі қыздың  соңына түсіп  қуалап  жүр. Сірә көп кешіктірмей оны да қақпанына түсіретін сияқты.

Пай, пай, небір су жұқпас алаяқтардың  алшаңдап  басқан заманы- ай!…

Баксың болмаса…

Бүгін қалалық прокуратураның аға тергеушісі Ағыбай Ақтайлақов кабинетінде көңілді отыр. Кеше алақанын жақсылап майлаған-ды. Соның құрметіне бір жас сұлумен саунаға барып сілтеп те алған. Сүлік қара қиық мұртын сипап жіберіп, өзіне риза көңілмен алдындағы ақ қағазға енді үңіле бергенде біреу батылсыздау есік қақты.

  • Да, да, кіріңіз, — деді бұл әндете. Сол сәт есіктен аршыған жұмыртқадай аппақ құмырсқа бел келіншек имене басып кірді. Қабағында кірбің бар.
  • Иә, не шаруаңыз бар? – деп Ағыбай кербезденіп креслосында шайқала қозғалды.
  • Қалай айтсам екен…
  • Қысылмаңыз айтыңыз, шаруаңызды шешіп берейін, — деп тергеуші жігіт аяқ асты қылмаңдай қалды.

         Оның оттай жайнаған көзі келіншекке деген құмарлығын көрсетіп қойып еді. Әккі сұлу мұны сезіп қалды. Содан соң өзін батыл ұстай, келген шаруасын айтты. 8-класта оқитын жалғыз ұлын “токсикоман” деп қамап қойыпты. Соны шығарып берсең дейді.

  • Ә, көрейін, бірақ… – деп Ағыбай келіншектің албыраған алма бетіне тесіле қарап, тілсіз қалды. Сосын бірдеңе есіне сарт етіп түскендей, әй-шәй жоқ:
  • Баксың бар ма? – деді. Қатардағы мұғалім келіншекте қайдағы бакс… Ол не айтарға білмей қызарып кетті.
  • Бакс? О не?
  • Не баксты білмейсің бе? Ол АҚШ-тың көк қағазы!
  • Замандас-ау көк қағаз менде қайдан болсын… – деп бұл да оның торсық бетіне тесіле қалды.
  • Онда қиындау…
  • Баксың болса шаруаң тез шешілер еді…
  • Басқа бірдеме… – деп сұлу келіншек төмен қарап міңгірлеген. Талайды қақпанына түсірген әккі тергеуші төтесінен тартты.
  • Баксың болмаса, басқасы…

Сол сәтте ішінен бір дауыс: “Ағыбай, ақымақ болма, ақ сазаннан айырылып қалма! Бір-ақ қылғыт” деп айқайлады. Бұл бойын тез жиды да:

  • Уақытың қалай еді? Теңіз жаққа бара аламыз ба? – деп іштегі тентек тілегін төте білдірді.

Мұндай анайы емеуріннен есеңгіріп қалған келіншек бірден не айтарын білмеді. Сол сәтте жалғыз ұлының уақытша қамауда қамығып отырғаны есіне түсіп, бармаса болмайтынын біліп, үнсіз келісті. Аға тергеуші креслосынан атып тұрып, сұлу келіншектің белінен сүйсіне құшақтай сыртқа беттеді. Ақ сазандай аппақ келіншекті ақ “Жигулиіне” отырғызып, Ақшұқыр жаққа асты. Ал сұлудың құлағында “Баксың болмаса болмайды!” деген аға тергеушінің жағымсыз даусы әлі күнге дейін ызыңдап тұр.

Қара айғырдың ажалы

Маңғыстау облыстық сотының 1973-1995 жылдары төрағасы болған Қ.Т.Мәмбетовке арналады

Қалы кілемдей құлпырған тау баурайында қаннен қаперсіз жайылып жүрген қара айғырдың үйіріне қарай құйындатқан ескі “Москвичтің” ішінде екі кісі отыр. Көздері қанталаған сүлік қара, сүр мас Марат дегені дегені бұрын да ұрлық үшін үш жыл түрмеге түскен. Қазір де жұмыста жоқ, кәнігі “кәсібіне” қызу кіріскен, Қарақияның қасқыры атанған айтулы ұрылардың бірі. Кеше құдайы көршісі, жігіт ағасы жасындағы Бисен екеуі өкіртіп ішіп отыр еді.

  • Әй, Марат, — деді көршісі жерден жеті қоян тапқандай қуанып, — мына көрінген тау бөктерінде жылқы үйірі жатыр дейді. Ішінде бір бөтен бесті байтал бар көрінеді. Соны ертең қуырдақ жасасақ қайтеді? Алты айдан бері ақша алған жоқпыз, бала-шаға аш…
  • Да-вай! Қалай ұстаймыз?
  • Менде қос ауыз бар, машинаны да өзім табам. Сенің жұмысың — байталды ату… Келісемісің?
  • О не дегенің, давай! Біздің үйде де ет жоқ. Ал байтал кімдікі?
  • Оны біліп қайтесің… Ұсталсақ жаныңдамын ғой, жауабын өзім беремін.
  • Жақсы…
  • Ендеше ішуді осымен доғарайық, ертең ерте жүреміз.

Боз байталдың қара айғырдың үйіріне қосылғанына көп болған жоқ еді. Бірден басқа биелерді тастап, қара айғыр бесті байталдың жалына жабысқан-ды. Содан бері қасынан қыл елі кетпейді. Есті байтал да иесін жаңа тапқандай, есі кете берілді…

Бүгін де қара айғыр үйірдің шетінде боз байталдың сауырын емірене иіскеп, есі кетіп тұр еді. Қастарына елу метрдей жерге келіп тоқтаған “Москвичке” мән бермеді.

  • Ат! – деді рольде отырған Бисен артқы орындықтағы қос ауыз мылтықты қолына алған Маратқа.
  • Байталды ат! Айғырға тигізіп алма…

Махаббат буына елітіп тұрған боз байтал мына оқсы дауысқа жалт қарағанда, мылтық гүрс етті. Қақ маңдайдан тиген қорғасын оқтан дүние дөңгелеп жүре берді.

Көз алдында жанары жаудырап, талып түскен серігіне аяқ асты не болғанын білмей қара айғыр шошына оқыс оқыранып, шыңғырды-ай!.. Содан соң қар қадым жерде тұрған машинаға көзіне қан тола тура шапты. Келе айнала беріп, қос аяқтап тепті. Айғырдан мұндай қылықты күтпеген машина ішіндегі екі аяқты айуандар жан дәрмен машина еденіне екпеттеп жата кетті. “Москвичтің” терезелері тас талқан болды, ал ашуы басылмаған қара айғыр машинаны тістелеп, ажал оғының осыдан шыққанын сезгендей жан таласа кісінеп, жын қаққандай халге түсті. Екінші рет тағы да айнала беріп, тепкелі жатқанда Бисен бақырды:

  • Ат! Бұны да ат! Әйтпесе бізді өлтіретін түрі бар ғой…

Марат қорықаннан қолы қалтырай қос ауызды қолына алып, айғырды көздей мылтықтың қос шүріппесін қатар басты. Мынадай сұмдықты тірлігінде көрмеген жануар жан таласа шыңғырып, бүкіл тау бөктерін басына көтерді. Қатар атылған қос қорғасын оқтан қатты әлсіреп қалған қара айғыр енді машинаны тастай беріп, анадай жерде қанға батып жатқан боз байталға қарай ұмтылды. Қасына жете өзі де гүрс етіп, жерге қатар құлады. Боз байталдың мойнына басын салып, жапанды жаңғырта, соңғы рет сай сүйекті сырқырата кісінеді-ай келіп!..

Абайдың айтқаны ақиқат: “Айғыр биеге ие болмақта да махаббат бар”. Сол айтқандай қара айғырдың өз махаббатын жанын аямай қорғап, сол үшін екі аяқты айуандардың қолынан ажал тапқаны көкірегінде көзі бар адамды мұңға батырар. Ой-парасат пен сезімнен жұрдай екі аяқты айуандар өздерінің ит тірлігіне деген ашу-ызасын мына кінәсіз жануарлардан алғаны, олардың қасиетті қара айғыр құрлы қадір-қасиетінің жоқтығы ойлантады. Олардың Алла сотының, Ар сотының алдында құны тесік тиын. Өз басым мына екі итке қарағанда өз махаббатын қорғап, ажалын тапқан қара айғырдың киелі қасиетіне бас иемін!

Қарақия аудандық соты бұл қылмыстық істі жан-жақты қарап, әділ шешім алды. Жылқы құрлы сезімі жоқ пәтуәсіз пенделерді бірнеше жылға бас бостандықтарынан айырды.

Боталар неге боздайды?

Аштықтан бұралған ауылдан ақыл-ес кете бастады. Қазір кәдімгі қасқырға қарағанда пенде-қасқырдың іс-қимылы жан түршіктіреді! Жақында жолым түсіп қала іргесіндегі түйелі ауылға барғанымда түні бойы боздаған боталардың даусынан сай сүйегім сырқырап, көрер таңды көзімнен атқыздым. “Бақсам бақ екен” дегендей қала іргесіндегі бұл алақандай ауылда екі үйдің бірінің түйесі не ұрланған, не жоғалған, ал боталары жетім қалған. Содан енесін жоқтаған жетім боталар күні бойы боздайды. Ал ауыл адамдары “Адам үш күннен кейін көрге де үйренеді” дегендей бұл көңілсіз көрініске еттері әбден өліп кеткен. Сонымен бұл сұмдықты да көрдік. Қазір мал ұрлау таза қазақы қылмысқа айналды. Өйткені ауыл аш. Қай ауылға барсаң да ұрланған малдың азасын естисің, адам азса айуанан бетер болады екен…

Кезекті қылмысқа жол тартқан бұл үшеуі де Ақтау қаласының азаматтары. Үшеуі де үйленген, үшеуінің де екі-екіден жас баласы бар, екеуі бұрын сотталған. Үш қылмыскердің де жас шамасы орда бұзар отыздың о жақ, бұ жағында. Ал істеп жүрген істеріне қарасаң, жүрегің айнып құсқың келеді.

Өткен жылдың ақпан айының он сегізінші жұлдызы еді. Күн желкем, бұлтты болатын. Бұрыннан ұялас қасқырлар сияқты сыр иінез үшеуі тағы бір сұмдықты ойлады. Бастаған – Мұсахан. Алдыңғы күні кешке Телманда тұратын әкесінің үйіне барған. Сосын әкесінің “Москвичін” жөндетемін деп ешбір құжатсыз Ақтауға айдып келді. Қалтасы тесік еді. Тиын-тебен таппақшы болып, қала ішінде адам тасыды да түскі тамаққа Епеновтың үйіне барды. Содан екеуі түркменбаевты ерітіп, орталық базарға барып, төрт шөлмек ақ арақ алды. Сол жерде базардың басында екі шөлмегін үшеуі қылдай бөліп ішті. Қызып көңілдене түсті.

  • Ал, енді не істейміз? – деді Мұсахан, — Алты айдан бері ақша алған жоқпыз, бала-шаға аш отыр. Бір тірлік істемесек болмас…
  • Сонда өткен жолғыдай мал ауылға тартамыз ба, қайтеміз?
  • Ендеше бұл жолы Емірге тартайық, сонда қараусыз мал көп көрінеді.
  • Құрал-сайман бар ма?
  • Өткендегідей опық жеп жүрмейміз бе?
  • Құралдар бар, балта, тас қайрақ, қапшық, пышақтар алдым.
  • Ендеше ұрыста тұрыс жоқ, жүрелік жігіттер, — деді ұрылардың бірі.

Ұялас ұрылар бір-бірін қас қабағынан танып машинаға отырды. Содан бұлар кешкі сегіз шамасында үлкен Емір ауылының маңынан бір-ақ шықты. Сол жерде үшеуі қалған арақпен тағы да “қызуларын” көтерді. Сырдың суы сирағынан келмейтін жағдайға жетті. Сол сәтте іздегенге сұраған дегендей қастарынан қараңдап төрт-бес түйе өте берді. Бұлар қызыл көрген қорқаулардай тура ұмтылды, қолдарына шаққа қозғалып келе жатқан үлкен буаз түйе ілінді. Опыр-ай, обалы болар-ау деп бірі де ойламады. Сөйтіп бұлар жайылымда жүрген Б-ның бағасы 28 мың теңге тұратын буаз түйесін ұстап алып, сайдың ішіне апарып сойып жатқан сәтінде ауыл адамдары бөтен машинаның келгенін байқап, ұрылардың үстерінен түсіп тырп еткізбей ұстап алды.

Сотталушы Мұсахан Мақанов Ақтау қалалық сотында өткен сот мәжілісінде өзіне тағылған айыпты толық мойындап, болған жәйді жеріне жеткізе баяндап берді. Ұрылар қылмысына сай жазаларын алды. Үшеуі де түрмеге түсті, ал олардың от басыларында тірі жетім балалар мен тірі жесір жарлары қалды, зар жылап!

Адам азса айуаннан бетер болады екен. Боз даланы басына көтеріп, енелерін жоқтап боздаған жетім боталарға не бетімізді айтамыз?

Үйдегі тірі жетім бөбектерге не дейміз? Тұрмыс-тірлік қиындады екен деп айуан құрлы аяушылығымыз болмаған соң адам атанғанымыз да құрсын! Адам адамға қасқырша қарайтын қоғамға қайтып келгеніміз бе? Өз басым боталарын боздатқан, жас ұрпағын аздырып-тоздырып бетімен жіберген мына келген қарғыс атқыр қасиетсіз қоғамнан түңілейін дедім. Тіршілік көзі алдындағы малынан айырылған, аштықтан бұралған ауылдан ақыл-ес кете бастады. Әбден азды. Қазір кәдімгі қасқырға қарағанда  адам-қасқырдың іс-әрекетінен жан түршігеді! Үкіметіміздің “Ауыл өлмейді” дегендегі жеткен жеріміз осы ма? Боз даланы басына көтеріп боталар неге боздайды?!..

Қара дипломат (деректі әңгіме)

Сәл сылтау тауып, түскі тамаққа ертелеу шығып, облыстық сот ғимаратынан жылжи жөнелгенім сол еді. Бейтаныс біреу артымнан ентіге айқайлады:

  • А, Асеке!..

Жалт қарасам, ені мен ұзыны бірдей бір бөшке кісі домалап келеді. Маңғыстау күні мамырдың өзінде-ақ ми қайнатып, төбемді тесіп барады. Көзімде қара көзілдірік, өзімді өте важный адам сезініп тәлтиіп тұрмын. Облыстық радиодан облыстық сотқа ауысқалы аяқ асты жел бітіп, желкем күдірейіп қалғанды. Оның үстіне облыстық сот төрағасының орынбасары аққудай аппақ келіншек Ақбаланың күйеуімен егіздің сыңарындай ұқсастығым, мұнда маған адам айтқысыз абырой әкелді. Ал оның күйеуі болса облыстық транспорт прокуроры еді. Содан болар сотқа кірген кісі менің қолымды құшырлана бір қыспай кетпейді. Көзімнің еті өскені сонша, азып-тозып күнге күйіп қырдан келген қазақтармен қинала тілдесемін. Ал Ақтаудың иненің көзінен өткен коммерсант қулары келсе, көкемді көргендей арсалаңдап амандасамын.

  • Ассалаумағалейкүм, Асқар ағамысыз?..
  • Әу, мені біреумен… – дей түсіп, тілімді тістей қойдым.
  • Амансыз ба? Ойпырмай, құстай ұшады екенсіз, шаққа жеттім-ау, — деп ырсылдайды бөшке бейтанысым.
  • Жәй жүрсіз бе?
  • Қайдан жәй болсын…
  • Жаңа ғана Атырау-Ақтау поезынан түскен бетім. Мені сізге списально Сәрсенбай көкем жіберді. Мынаны тек өзінің қолына ғана тапсыр деді, — деп қолындағы қара дипломатқа сүзіле қарады.
  • Ау, бұл не?
  • Оны өзі біледі деген. Менің міндетім осы қара дипломатты алдырмай-жұлдырмай өз қолыңызға тапсыру ғана.
  • Әй, жарайды әкел, рахмет! Сәкеңе сәлем айт, шаруасы орындалады, — деп тастай ауыр үлкен қара дипломатты ала жөнелдім.

“Құдай-ау, мынаның ішінде не бар? Қолымды үзіп барады ғой”. Үйге кіре ентігімді де баспастан қара дипломатты ашып қалсам, мәссаған, саған өтірік, маған шын, іші толы қара тары… Икра!.. Не де болса ырсылдап үйге аман жеткізген еңбегім бар ғой деп көже ішетін кәрлен кәсеге толтыра салып, әй бір жедім-ау, жедім!..

Өмірімде қара тарыға ықылық ата тойғаным осы жолы шығар. Қатын-бала аң-таң: “Кім берді?” мұны дейді. “Мен қайдан білейін. Прокурорға қалғаны да жетер, тойып бір жеңдер! Жауабын өзім берем” деп күпсіп қоямын.

  • Сорлы-ау, сотталып кетпейсің бе? Тапа-тал түсте көктен түскен бұл не қылған батпан құйрық? – дейді жан жарым жанарына жас үйіріп, — Байқасайшы, жат жерде жалғыз жүрсің ғой отпен ойнама!..
  • Дымың ішіңде болсын! Тап осы үшін сотта жүріп соттала қоймаспын. Менен басқа жұрттың бәрі де жаппай жеп жатыр ғой, жеп жатыр! – деп әйелімнің көз жасын сүрттім, — Заманына қарай адам дегендей менің елу жылда адалдықтан тапқаным қайсы? Әлі күнге бір кітапшамды да шығара алмай жүрмін…

Осы сәтте стол үстіндегі телефон шылдыр етті. Кенже қызым:

  • Папа, сені бір ағай сұрайды, — деді. Ұртымдағы қара уылдырықты шайнамай жұтып, трубканы алдым.
  • Иә, кім екен?
  • Айып етпеңіз, Асеке, сізге бір атыраулық адам дипломат берген жоқ па?
  • Иә, алдым…
  • Әй, бәсе, солай шатасқанын өзім де сезіп едім. Бәрі сізге егіздің сыңарындай ұқсастығымнан ғой… – деді трубканың ар жағындағы дауыс.
  • Кедейдің бір тойғаны, шала байығаны деген бергенді ала жөнелгенім рас еді. Өзі тым тәтті нәрсе екен… – деп екпіндей сөйледім. Арғы жақтағы аса сабырлы дауыс:
  • Жақсы енді, екеуміз ұқсас болған соң шатастырған ғой, тісіңізден шығарма, сотта істейсіз, түсінесіз ғой… – деді прокурорым.
  • Түсінгенде қандай, өзін қимай-ақ тұрмын, бірақ амалым қайсы, адресіңізді айтыңыз, қазір үйіңізге жеткізейін…
  • Аузыңызға май, Асеке, ауыз бастырық болады. Күтем, тез келіңіз, — деп мекен-жайын айтқан өзіме ұқсас прокурорым жүрегі орнына түскендей жайлана үн қатты.

Содан бері де жылжып бір жыл өтті. Алқа төрайымы Ақбаланың қызметі өсіп, Астанаға кетті. Сол сол-ақ екен, мен пақыр бұрынғы айдай абыройдан айырылдым да қалдым. Тапқаным қапқаныма жетпейді. Күн ұзағына сотта оңаша кабинетте қағаз шимайлап, омалып отырғаным. Алты айдан бері ақша алмаған әйелім де бір асым ет аса алмай, аш қарын жатқан күндерде түсіме қара тары толы қара дипломат кіреді. Түн баласы оянып кетіп, ұйқым қашып төңбекшимін. Қайдасың, қара дипломат?!.. Қайдан ғана бұл өмірде табысты кәсіп прокурор, сот, тергеуші, қыл аяғы қорғаушы болмай, қаламгер болдым деп өрт өкініштен тілімді тістеймін. Енді елуден асқанда, кәсіп өзгерту де қиын, қолдан келер қайран жоқ. Құр талант ас болмайды екен…

Ертеңіне төсектен тұра сала айықпас ауруым қайта қозып, аш құрсақ күйімде қағаз-қаламға жармасамын. Қайтейін, ең болмаса өмірдегі өрт өкінішімді жазып өлейін де!..

                                                                                                       1996 ж.

Бір қозыға бола…

Маңғыстау ауданының Жыңғылды жерінде тұратын қос құрдас Қалижан мен Нұржан биылғы сиыр жылғы мамырдың тамылжыған бір түнінде үйден таза ауа жұтуға шықты. Екі сағат бойы көз алмастан құтырған шет елдік фильм көріп, ондағы ғажайып той-тірлікке қызығып, елітіп алған еді.

  • Е-е-е, жалған-ай, нағыз сұлу да сайқал өмір соларда екен-ау!.. Біздікі боқ тірлік болды-ау… – деп Қалижан қатты күрсіне жерге шырт түкірді.
  • Уа, не істейміз енді? Қиюы қашқан, қасиетсіз қоғамда, жұмыс деп жұмыс жоқ, ал өліп-талып бірдеңеге іліксек, айлап жалақысын ала алмаймыз. Не деген ит өмірге тап қылды, а?!..
  • Қазір, шынымды айтсам, үйімізде нан алатын да ақша жоқ, өмір бойы адал еңбек етеміз, адал адам боламыз деп жүргенде аштан өлуге айналдық. Осындайда есіме кемеңгер ақын Омар Хайамның мына шумағы түседі:

Сұм тағдыр сұмырайларға нан бересің,

Су мен жер, үй, салтанат сән бересің,

Бір үзім нанға зар боп жүргендер көп,

Ал маған адал жанда бар ма еді өшің?

  • Ту, қайдағыны айтқанша, бала-шағаға нан болатын ақша қайдан табамыз? Өлеңі несі? Өлең ас бола ма?
  • Білсем бұйырмасын!
  • Әй, сонда айдың күннің аманында жеті мүшеміз сау тұрып, бала-шағамызды аштан өлтіреміз бе? Бір амалын табайық та.
  • Ана аш отырған отбасымды ойласам өзегім өртеніп, тіпті жынданып кете жаздаймын!..
  • Әй, Нұржан осы мына жаппай ұрлық-қарлық, сыбайлас жемқорлық жайлаған қоғамда, құдайдың өзі кешірер, ең болмаса бір жерден бір семіз қозы ұрлап, Ақтауға апрып сатып, ақшасына тамақ алсақ қайтеді? – деді Қалижан қарап тұрмай.
  • Тап бір қозыға бола түрмеге тықпас, ә? — деп құрдасы Нұржан оған сауал қойды.
  • Әй, кім біледі, сол сотыңа да сенімім аз…
  • Қойшы, сенде нағыз су жүрек екенсің! Бір қозыға бола сотталып кетпеспіз.
  • Сонда не істе дейсің?
  • Ана Қойлыбайдың қорасынан бір семіз қозыны қақсақ қайтеді?

Содан аудандық сотта бұл қылмыстық іс қаралғанда Қалижан айтты:

  • Үстіміздегі жылғы 19-мамырда үйіме кештетіп құрдасым Нұржан келді екеуміз түңгі он екі жарымға дейін кино көріп, далаға шықтық. Сосын Қойлыбайдың қорасынан бір үлкен қозыны ұрлап, Ақтауға апарып сатуға келістік. Мен үйден пышақ алып шықтым. Ұрлаған қозыны екеуіміз ауыл шетіндегі бассейннің басына апарып сойып, басын сол жерде қалдырдық. Ертеңіне қозының етін терісіне орап, Ақтаудағы ет базарына бір мың үш жүз теңгеге сатып, ақшасын бөліп алдық. Бұл көк тиынымыз болмаған соң, отбасымыз үшін амалсыздан жасаған ұсақ ұрлығымызды мойындаймыз, өкінеміз, — деді айыпталушы шын өкініш білдіріп.

Міне, осы ұсақ қылмыс үшін орда бұзар отыздағы қос құрдасты аудандық сот ҚР Қылмыстық кодексінің 77-бабының екінші бөлімімен кінәлі деп тауып, иесі екі мың бес жүз теңгеге бағалаған бір қозыға бола екеуін алты айға бас бостандығынан айыруға үкім шығарып, сот залында тұтқындады.

“Тоқ бала аш баланы түсінбейді” дегендей аудандық соттың қатты кеткені көрініп тұр. Амалсыздан ұрлаған, бір қозыға бола апталдай екі азаматтың бала-шағасын, отбасын шулатып, оларды түрмеге тығуын қалай түсінеміз? Аудандық сот жаза тағайындағанда айыптылардың жауапкершілігін жеңілдететін мән-жайларға ат үсті қараған. Өйткені, бұл екі азамат та бұрын сотталмаған, тұрмыстық мінездемелері жақсы, екеуінің де отбасы, балалары бар, жәбірленушінің талабы жоқ. Бұл ұсақ ұрлық ауыр қылмыс қатарына жатпайды. Міне, осы мән-жайларды ескерген облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы аудандық соттың үкімін өзгертіп, Қылмыстық кодексінің 40-бабын қолданып, оларға тағайындалған жазаны шартты түрде деп есептеп, әрқайсысына бір жылға сынақ мерзімін белгіледі. Түрмеден дереу босатуға ұйғару шығарды.

Сөтіп, мына алмағайып аласапыран заманда жеңіл жолмен арам ақша жасап, бала-шағаны асыраймын деп жүрген қос құрдас аяқ асты түрме тірлікті көре жаздады.

Асылы қас қағымдық пенде тірлігінде қара су мен қара нан қарап қалсаң да қылмыстық жолдан аулақ жүргенге не жетеді.

                                                                                                                 1997 ж.

Қалыңдық құпиясы

Аллаң ақша болған заманда оған құныққан қулардың жасамайтыны жоқ екен. Ақтау қалалық сотында қаралған бұл қылмыстық оқиғаны жәбірленушілердің бірі — өзіме көптен таныс азамат айтып еді.

Қоңыр күз болатын. Кезекті еңбек демалысыма шығып, жыл бойы жиған-терген бар қаражатымды қалтама басып, балаларға қысқы киім-кешек алу үшін Ақтауға келдім. Халық құмырсқадай құжынаған бас базарда жүргенімде, өзіміздің Кәкеннің кездесе кеткені. Ежелгі ауылдасыммен алқаы-жұлқын ақтарыла амандасып жатырмын.

  • Жолың болсын!
  • Әлей болсын, балаларға киім-кешек алайын деп қалаңызға келгем…

Күндіз базардан базар қоймай жүріп, кеш түскенінде сезбей қалыппыз. Күн қара суық екен. Ақтау қонақ үйіне беттеп келе жатыр едік. Алдымыздан алыс жамағайыным Ақбайдың тап болғаны. Ол осыдан бес жыл бұрын аш ауылды тастап, қалаға көшіп кеткен.

  • Иә, не хабар?
  • Аманшылық, айналайындар! Жақсы кездестіңдер. Бүгін жалғыз ұлымыз келін әкелмекші еді. Қуанышымызға қуаныш қосыңдар, үйге жүріңдер! – деп бізге желімдей жабысты.

Бес бөлмелі үйі шет елдік жиһаз кілемнен көрінбейді. Айдындағы ақ сазандай жарқылдаған жеңгеміз де асты-үстімізге түсіп, әңгімені судай сапырып, қыздай қылымсып, болып-толып жүр. Сүт пісірімдей уақыт өтпей алдымызға үлкен дастархан жайылып, үсті түрлі тағаммен шөлмектерге толды. Ауылдың аш қасқырлары ежелден өзімізге таныс қызыл қуырдақ пен ақ сайтанға бас салдық. “Как хорошо жить на свете после двести граммов” деп кемеңгер жазушы Антон Чехов айтқандай, әкеміз арақтан өлгендей-ақ құйғанын құйғандай қылғытып жатырмыз. Біздің жайнаған жүзімізді жақсы аңғарған жеңгеміз соңғы тілегін айтты:

  • Қадірлі қайныларым, қуанышымызға ортақ болып жақсы келіпсіңдер. Бек рахмет! Бірақ мына келін әкелетін жаман інің көк жасық жігерсіз неме өздерің көмектеспесеңдер болмайды. Қашуға келіскен келініміз де алыста емес – осы қалада. Тек бүгін түн барып, бір-екі жігіт үйінен алып шықса – бітті. Келінді әкелуге мына жаман ағаңның мәшіні әзір…

Содан түн жамылып, сүріне-қабына Ақтаудың Ақщұқыр жақ бетінде тұратын келіннің үйіне де жеттік. Дәл жеңгеміз айтқандай, қыз бір бөлмеде оңаша, ал шешесі келесі бөлмеде қаннен қаперсіз жатыр екен. Келісім болған соң қоямыз ба, Кәкен аяқ жағынан, мен бас жағынан ұстап, көрпесімен қоса көтеріп сыртқа шықсақ, ағамыздың машинасы да дүрілдеп дайын тұр. Екі мықты қояндай қызды төсек-мөсегімен лып еткізіп машинаның арт жағына сала бергенде, ой несін айтайын, көрпе ішіндегі қалыңдық біреу бауыздап жібергендей бақырып, лақша секіріп атып тұрды… Содан әке-көкелеп қалыңдықпен арпалысып жүргенде мастығымыз да тарқады. Бір мезгілде қолшамдары жарқ-жұрқ еткен алпамсадай екі милиционер бізге тарпа бас салды.

  • Бұл не бассыздық! Қыз зорлап жатырсыңдар ма? Неге қаршадай қызға күш көрсетесіңдер? Қайда әкетпексіңдер? Зорлық қылғанның көкесін қазір біз көрсетеміз! Тас камераға тығып, көздеріңе көк шыбын үймелетеміз!

Екі милиционер әй-шайға қарамай есімізді шығарды. Біздің “қалыңдық қашуға өзі келіскен” деген уәжімізді құлақтарына да қыстырмады. Содан “әй, бұл не болды өзі?..” деп жан-жағымызға барлай қарасақ, ағайымыз да, машина да жым-жылас жоқ. Содан екі милиционер жігітке “әке-көке” деп біз қыздың келісімімен келдік деп жалынып көріп едік, ана екеуі міз бақпады. Кәкеннің үстіндегі шет елдік былғары куртканы, менің үстімдегі су жаңа жеңіл пальтоны қалтамыздағы бар қаражатты, ол аз болғандай екеумідің қолымыздағы неке сақиналарын да сыпырып алды.

Бұдан соң екі милиционердің айтқан соңғы сөзі құлағымызда әлі шыңылдап тұр: “Енді бұл арадан тез тайыңдар! Осы тойғандарыңа риза болыңдар! Осыдан құқық қорғау органына хабарласаңдар бізден жақсылық күтпеңдер! Түн жамылып, қыз зорлады деп қылмыстық іс көтереміз! Кәне құртыңдар көздеріңді!”

Содан: “Қой, құтырғаннан құтылған мына масқараға қалай тап болдық, енді қарсылассақ, милицияға әкетіп, тас камераға тығып, бүкіл елге абыройымызды ашар, кетейік” деп сүмірейіп, басымыз ауған жаққа сүйретіле жөнелдік. Бар ақша-қаражат киім-кешегімізден оңбай тоналдық…

Содан бұл “келіннің құпиясын” бір жыл өткен соң барып қалалық сотта қаралған, өзіміз жәбірленуші болып қатысқан қылмыстық істен білдік. “Бақсақ бақа екен” дегендей әлгі аға-жеңгеміз, ана екі милиционер мен “қалыңдық” бәрі бірігіп, осындай “операциялар” арқылы біз сияқты ауылдан келген ашық ауыздарды  арандатып, тонап ақша жасайды екен. Бұл да бизнестің бір түрі көрінеді.

 О, сұм заманның алаяқтары-ай, ақша жасаудың мұндай да әдісі болады екен. Қалалық сотта қаралған бұл қалыңдық “операциясына” қатысушылардың әрқайсысы қылмыстарына қарай әртүрлі жазаға кесілді.

                                                                                                      1999 ж.

Катяның қақпаны

Ақтау қаласындағы зауыттардың бірінде инженер болып істейтін Коля Ковалев қатардағы қоңыр тірлік кешіп жатты. Әйелі Людмила бұдан бір жыл бұрын өмірден озған еді. Өкініштісі одан бала сүйе алмай тұяқсыз қалды. Өзі елуді еңсерген, ағайыннан ада, қыз-келіншек қызығарлықтай көрік-тұрпаты да жоқ. Күнделікті ішіп-жегеніне мәз, томаға тұйық өзімен-өзі жүретін жан. Бар байлығы – екі бөлмелі үйі мен ескілеу қызыл “Жигули”.  Сүйікті жары өлген соң қайғы-қасіретін азайтқысы келді ме, әлде өзінің тоғышар тұрлаусыз тірлігінен түңілді ме Коля ішімдікке үйір бола бастады. Ол аз болғандай сирек те болса, есірткі шегетінді де шығарды. Кайф кезінде өмір оған өзгеше әдемілеу, тіпті ертегідей сұлу сезілетін. Ондайда өзінен-өзі ән салып, би билеп, сайранды салып қалады. Ал кайф тараған соң төңірегін қайта тұман басып, өмірінің мәнсіздігі жан-жүрегін езеді.

Қызмет күні аяқталған соң көптен күткен жалақыны алған Коля кезекті көңіл көтеру үшін, үйінің қасындағы кәсіподақ үйі астындағы оңаша барға кіріп еді. Буфетші мұны жақсы таниды, ашық әзілдесе береді:

  • Иә, Ковалев мырза, не ішесің?
  • Екі жүз грамм ақ…

Қырлы стақанға толтыра құйылған ақаңды ол үн-түнсіз кеңірдегіне құя салды. Содан қас қағым сәт өте жүзі алабұртып, ішінде ақ боран ойнап, көңілі көкке көтеріле бастады. Осы сәтте бардың түпкі бұрышындағы қызыл креслода алдында ашулы шарап, кірген-шыққанды қалт жібермей, клиент іздеп, тықыршып отырған тығыншықтай сұлу мұны өз столына шақырды. Коля әуелі мына үріп ауызға салғандай жас түлкідей сұлу келіншектің өзін шақырғанына сенбеді. Жан-жағына қарап еді, барда өзінен өзге еркек кіндік көрінбейді.

  • Жалғызбын, зерігіп отырмын, — деді қу келіншек салғаннан мұның іші-бауырына кіре.
  • Сіз де жалғызбысыз?
  • Иә…
  • Ендеше отырыңыз танысайық. Менің атым Катерина, сіз қысқартып Катя дей беріңіз. Ресейден қонаққа келгеніме бір апта болды. Ақтауда анам тұрады, соған келіп едім. Қалай мұнда қызмет табу қиын шығар, а? – деп жып-жып етеді.
  • Қиын екені рас…
  • Сіз тіпті сөйлемейсіз ғой?
  • Не айтамын?..
  • Жалғызбын дедіңіз бе? Әйеліңіз қайда?
  • Болған…
  • Кәне танысқанымыз үшін алып жіберейік.

Катя оған стақанға толтыра ақ құйды. Коля болса мұны да үн-түнсіз, закускасыз кеңірдегіне құлата салды. Сәлден соң:

  • Егер қарсы болмасаңыз, таныстықты біздің үйде жалғастырсақ қайтеді? Менің үйім жақын, — деп жаңа танысына сауалды төтесінен қойды.
  • Бірден бару ұят емес пе?
  • Несі ұят? Ұяттың заманы, социализм өтті емес пе? Мен жалғыз тұрамын…

Онысыз да от құшақты аңсап, өтірік қылымсып отырған отыздағы жезөкше  қуанғаннан айқайлап жібере жаздады.

  • Кеттік ендеше, сіз де маған ұнап қалдыңыз!..

Коля мен Катя салғаннан бір-біріне желімдей жабысып, бардан өте көңілді шықты. Жезөкшелік ғұмырында талай еркекті сан соқтырған айлакер де аяр жезөкше  арақтың буына батқан жігіттің төсегіне бірден құлады. Ертеңіне төсекте жатқан күйі анасына телефон соқты:

  • Мамочка, мені іздемей-ақ қой. Мен сүйікті сыңарымды жаңа таптым енді осы үйде тұрамын.
  • Ол кім тағы? – деді анасы.
  • Кейін бәрін білесің… Все, любимый, міне анама айттым бүгіннен бастап сенің басы байлы әйеліңмін, — деп жезөкше келіншек еркектің құшағына қайта құлап, тоймайтын-тоятын тағы тіледі…

Аяқ асты өзінен жиырма жас кіші сұлу келіншек кездескеніне есі кете қуанған Коля Ковалев бір жеті бойы жалақысы таусылғанша тойлады. Жұту жағынан Катя да қалыса қоймайды екен ас бөлме бөтелкелерге толды. Үйге қарайтын келіншек көрінбейді. Бар ойы, есіл-дерті қызылға қызыққан мына ақымақ еркектің көзін тез құртып, екі бөлмелі үй мен қызыл “Жигулиді” басып қалу. Күндікше күйеуінің ағайын-туыстан ада, тұяқсыз тұлдыр екенін де біліп алды. Сонан соң түпкі мақсатын орындау үшін тура шабуылды дереу бастады. Ең әуелі тездетіп, заңды некеге тұрып алды. Бұл құжат қолына тиісімен-ақ милицияны жағалап: “Күйеуім ішеді, есірткі де шегеді, мені күнде сабайды, нанбасаңыз жүріңіз, көріңіз” деп бір жап-жас қазақ лейтенантын үйіне әкеліп арақ-шарабын алдына тосып, тоты құсша құбылып отырып, оны да қақпанына түсірді. Сұлу сайқал сүт пісірім уақыт өтпей-ақ лейтенанттың құшағында жатты.

Тән ләзатына тойған соң милиционер жігіт қызу күйінде Ковалевтің көзін тездетіп құртуға көмектесуге уәде берді. Бірақ оған қарсы қылмыстық іс көтеруге дәлел аз болғандықтан милиция дәрменсіздік танытты.

Бұл ойы өтпеген соң Катя тың әдіс ойлап тапты. Ковалевтің жұмыс бабында Мәскеуге бір айға іс-сапарға кеткенін пайдаланып, желіккен жезөкше сол баяғы бардан әскери міндетін өтеп, Ресейге қайтқалы жүрген Сергейге де желімдей жабысып, тұзағына түсіріп, үйіне әкелді. Тегін тамақ, тегін ләзатқа тойған ақылсыз солдаттың әбден уысына түскенін сезген соң Катя онымен ішкі ой-жоспарын ашық бөлісті. Егер бұл “операция” сәтті аяқталса, үй мен машинаны тез сатып, Ресейге бірге қайтуға уәде байласты. Еңбегіне екі мың доллар бермек болды.

Бір айдан соң Мәскеуден оралған Коля Ковалев боз ала таңда үйіне келгенде, төсегінде қаннен қаперсіз айқасып жатқан екеуді көріп, қатты ашудан кенет қан қысымы көтеріліп, талып түсті. Сол жатқан жерде күйеуіне “Жедел жәрдем” шақырып, тез көмек көрсетудің орнына, сүйіктісі Сергейді оятып, тез іске кірісуге белгі берді. Өзі миына қан құйылып, талып жатқан адамды солдат сулы сүлгімен күре тамырынан басып, тұншықтыра салды. Өлі денені екеулеп көтеріп төсекке жатқызды да, үстіне ақ простыня жауып қойды. Содан үш тәулікке жеткізбей үйді асығыс сатып, қызыл “Жигулиді”  паромға тиеп, Катя мен Сергей Ақтаумен асығыс қоштасты.

Бұл қылмыстық істің қыр-сыры ашылып, тәнін сатып тірлік кешкен жезөкше Катя Ресейден алдырылып соты болды. Сегіз жылға бас бостандығынан айырылды. Ал қылмыстас серігі әлі күнге дейін Қазақстанның құқық қорғаут органдарына таптырмай, қашып жүр.

                                                                                                       1998 ж. 

Оққа ұшқан озбырлар

Дмитирий бұл екеуін бұрыннан біледі. Майтановпен мектепте бірге оқыған еді. Жақын жолдастары болмаса да, анда-санда кездескенде, бір-екі жартыны бірлесіп бөлісетін. Сырлас жандар емес. Дмитрий Жаңа Өзен қаласындағы бір өндірістік кәсіпорында слесарь болып жұмыс істейді. өзімен-өзі саяқ жүретін жігіт. Аяқталмаған жоғары білімі бар. Ал Ғалиақпаров пен Майтанов болса тойып-секіріп, заң бұзып торға түсіп, екеуі де екі-үш жылдан түрме тірліктің дәмін татқандар. әлі де сол адал еңбек етуден қашып, ауырдың үсті, жеңілдің астымен тоғышар тірлік кешіп жүрген, ұрлық-қарлыққа, озбырлыққа бейім пенделер. Әлсіздің асын тартып ішіп, қарындарын толтырып, арзан сауық-сайран салғанға мәз жандар еді.

Олар Дмитрий Квивцовтың ата-анасының Ресейге демалысқа кеткенін, оның үйде жалғыз қалғанын біліп, озбырлықпен оңай олжа табуға кірісті. Өткен жылдың маусым айының 24-күнгі түнгі онда екеуі келіп, есікті үнсіз қақты.

  • Кімсіңдер? – деп сұраған Дмитрийге әлгі екеуі:
  • Біз ғой, есігііңді аш, аз ғана шаруамыз бар еді, — деп мүләйімси қалды.
  • Түнде не шаруа? Ертең келіңдер…
  • Жоқ, біздің бір жартымыз бар, соны бірге ішейік. Неменеге қорқасың, біз тиіспейміз, — деп жалынғандай болған соң екеуін амалсыз үйге кіргізді.

Әкелген арағын ішіп, Дмитрийдің шынында да үйде жалғыз екендігіне көздері жеткен соң, Ғалиақпаров пен Майтанов бірден ашық шабуылға көшті.

  • Сен бізді білесің, екі сөйлемейміз. Давай, бізге жүз доллар ақша тауып бер, әйтпесе көкеңді танытамыз!
  • Оны қайдан табамын?
  • Оттама!
  • Доллардың сенде бар екенін білеміз. Бермесең, осы қазір быт-шытыңды шығарамыз!

Ана екеуі мұны ұрғысы келіп, өре  тұрды.

  • Қойсаңдаршы жазығым не? Үйге кіргізгенім бе?
  • Сөзді қысқарт, тап долларды!..

Бұлардан аман құтылмасын білген Дмитрий шарасыздан:

  • Қарызға ма? – деп сұрады.
  • Иә, — деді бір ауыздан келісіп қойғандай.

Бұл жүз доллар ақша тауып берді. Қуанып кеткен олар, бұған жымыңдай қарап еді, бірақ Ғалиақпаров сыртқы есіктен шыға бере:

  • Мә саған қарыз! – деп бас бармағын көрсетті.

“Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады” дегендей оңай олжа тапқысы келген бұл екеуі шілденің он бесі күні тал түсте Дмитрийдің үйіне тағы келді. Күндіз болған соң есікті байқамай ашып еді.

  • Әй, біз ғой, қорықпа! Мынаны ішіеміз де кетеміз, — деп Майтанов қалтасындағы бір жартылықты көрсетті.
  • Жоқ болмайды, мен жұмыстан кешігемін, — деп Дмитрий есікті жауып алды. Сол сәтте аналар асығыс жабылған есікті теуіп ашып, үйге кіріп келді.
  • Мә саған, козел! – деп аңдаусыз тұрған Дмитрийдің аузына Майтанов бар күшімен салып қалды. Оның тісі сынып, аузы қанға толды.

Ваннаға бетеген оны қос қорқау ұстап алып, иттей талап, сабап тастады. Жалғыз өзі жанталаса қарсылық көрсеткенімен, екеудің аты екеу “қап бәлем, тұра тұрыңдар!” деп бұл еденде ыңырси тістеніп бүктісіп, бүрісіп жатты. Озбырлар мұны ұрып-соғып жәбірлегенімен тынбай, үйден қолға түскен заттарды үш бейне касетті, мұның ақ туфлиін алып тұрып, кетерінде тағы да тапсырма берді:

  • Козел, кешке тағы келеміз. Егер жан керек болса, үйге екі литр арақ әкеліп қой. Және оған қоса он мың теңге тап, біз екі қызбен саған сабантойға келеміз, понятно тебе?

Ал Дмитрий болса, жауап беруге жасқанып, тістеніп еденде жатты.

Аналар тапсырмасын тағыда шегелей түсті.

  • егер осы айтқанымызды орындамасаң, сенің қарындасыңды қызыл қанға батырып зорлаймыз!..

Жаңа Өзенге белгілі бекейлердің екі айтпайтынын білетін Дмитрий енді қорғануға кірісті. Жұмыс орнында тығулы тұрған әкесінің аңшы мылтығы мен үш патронды үйіне әкелді. Озбырлардың бір емес, екі емес, қайта-қайта мұның жалғыздығын пайдаланып, ұрып-соғып жәбірлеуі, әбден қанын қайнатқан еді.

Айтқандай-ақ кешкі сағат онда қастарында екі қызы бар олар тағы келді. Төртінші қабатқа көтерілген Майтановқа Дмитрий қарсы кездесті. Анау салғаннан артық сөзге келместен:

  • Козел, қал қалай? Арақ пе,н ақша бар ма? – деді.
  • Жоқ, болмайды! Тез кетіңдер, әйтпесе… – деп Дмитрий қатты ашуланғаннан сөйлей алмай қалды.
  • Немене? Сен бізді қорқытамысың? Түс төменге, козел, разберемся…
  • Жақсы қазір келем, күтіңдер…

Қатты ашудан көзіне қан құйылған Дмитрий үйге кірді де, аңшы мылтығын оқтап, асыға басып төменгі қабатқа түсті. Мұның қолындағы мылтықты көрген Ғалиақпаров:

  • Козел, таста қаруыңды! – деп арыстанша ақырып, оң қолын қалтасына сала бергенде, бұл оны көздемей-ақ атып жіберді. Жерге жалп ете түскен досының қасына жетіп келген МАйтановқа:
  • Сен тез кет! Мен сені өлтіргім келмейді, — деді бұл.
  • Жындымысың таста мылтықты! – деп ол да оң қолын қалтасынапышағын алуға сала бергенде, екінші рет мылтық дауысы гүрс етті.

 Дәл мойнына қадалған қорғасын оны да жерге жалп еткізді. Түн ішінде оқыс атылған мылтық даусынан шошып сыртқа шықан адамдар Дмитрийді танып, оның қолындағы мылтығына жабысты. Үшінші рет мылтық оғы аспанға атылды. Сол арада милиция да шақырылып, “Жедел жәрдем” де келіп, жерде жатқан жаралылар мен Дмитрийді қаруымен қоса алып кетті.

Жаңа Өзен қалалық сотында облыстық соттың көшпелі құрамы қараған бұл қылмыстық істе сотталушы Дмитрий Кривцовтың қажетті қорғану шегінен асып кеткені үшін кінәлі деп тауып, ол үш жылға бас бостандығынан айырылды. Жаңа Өзен қаласы тұрғындарын дүр сілкінткен осы оқшау қылмыстық оқиға арамызда жүрген басқа да озбырлар мен содырларға сабақ болса жақсы.

                                                                                                       1996 ж.

Қара ниетті қыздар

Ақтау қаласын теңіздің қалың тұманы басып, ымырт үйіріліп қалған шақ еді. Ұшақ уақытында ұшпай, анасын жерлеуге үлгере алмай, Қостанайдан кешігіп келген солдат Дима Денисов қайғы шегіп, жас қабірдің жанында жападан жалғыз отырды. Жол сөмкесінің қасында енді ғана басталған ақ арақ тұр…

Ескі әдеттерімен арзан қызық қуып, ішімдік іздеп, құтырған қос бойжеткен Оля мен Валя да орыс моласына келді. Бүгін мында екі адамның жерленгенін естіген. Көше қарақшыларының көктен тілегені жерден табылып, жас топырақтың жанында қамығып отырған жас солдатты көргенде, жүздері жайнап сала берді.

  • иә, сәт! – деп оля құрбысына көзін қысты.
  • Бұдан өлсек те айырылмауымыз керек. Бойдағы барды салып желімдей жабысайық, — деп Валя да досын қуаттап қойды.
  • Тек қатты кетіп үркітіп алмайық…

Бұлар  бір-бірін қас қабағынан ұғатын. Екеуі де осы Ақтаудың қыздары. Жастары жиырмадан жаңа асса да, бұрын ұрлық істегендері үшін сотталып , үш жылдай түрме бұламығын бірге бөліскен шырақтар еді. Қазір де ұрлық-қарлықпен, жезөкшелікпен айналысатын үлкен топтың мүшелері.

  • Ей, солдат көтер басыңды! Қайғыңа біз де ортақпыз! Біз де бүгін апамызды жер қойнына бердік, — деп көлгірсіген Валя жас жігіттің жанына бірінші болып жақындады.
  • Темекің бар ма?
  • Бар…
  • Атың кім танысайық. Мен – Валямын, мынау досым – Оля.
  • Дима Денисовпын. Қостанайда әскер міндетімді өтеп жүрмін. Мамам үшін келіп едім… – деп солдат сөзінің соңын жұтып үнсіз қалды.

Жанары жасқа толы.

  • Қамықпа, Дима, өмір осы ғой… қайғы да аяқ асты келеді. Анаңның топырағы торқа болсын!.. Сәл қайғы басайық, анадан бізге де құй, — деген Оля әй-шәй жоқ, өзі қолын созып, ақ арақты кішкентай стақанға құя бастады.
  • Мә, тартып жібер! Мамаңның жатқан жері жайлы болсын! – деп жып етіп стақанды солдаттың қолына ұстатты.

Жігіт үн-түнсіз ішті де темекісін тұтатты. Содан соң қыздарға өзі құйып, арақ сигарет ұсынды. Қас-қағымда сыр алғы достардай жарасып жүре берді. Кенет Валя тұрып:

  • Коля, бүгін Оляның туған күні еді, сол үшін тағы бір алып жіберсек қайтеді? – деп жып етті.
  • Шынымен туған күнің бе, Оля? Онда құттықтаймын! – деп ашқұрсаққа ішкен арақ жеңе басатған солдат ағынан жарылды.
  • Сумкамда тағы бір жарты бар еді, алшы Валя. әй, бір ішейік…

Содан тамақсыз ішілген араққа үшеуі де тез масайып, мәнсіз сөйлесіп, тіпті, сүйісіп отырғанда, неден басатлғаны белгісіз, аяқ асты шатақ шықты. Сірә, солдаттың аңдаусызда шыққан “осы сендер жезөкшк емессіңдер ме?” деген сауал қыздарға жақпай қалса керек. Бірінші болып, аңдаусыз отырған жігітті Оля оңдырмай оң бүйірден қатты тепті. Мас солдат жерге құлап түсіп:

  • Не үшін тептің, сволочь! За что? – деп тістеніп жерден тұра бергенде, алдан ала келісіп алғандай-ақ, қара ниет қыздар үлкен әккілікпен, көз ілеспес шапшаңдықпен аяқ-қолдарын бірдей жұмсап, ұрып-теуіп, жігіттің үнін өшірді. Сөйтіп, аңғал солдат қос жезөкшенің қолынан қапыда қанға батты.
  • Тут, больше ловить нечего пошли!.. – деп айқайласқан екеуі солдат сумкасын алып, қабір басынан тайып тұрды.

Таң алдында мола күзетшісі көмекке шақырған біреудің ыңырсыған даусын естіп, оқиға болған жерге келеді. Тез “Жедел жәрдем” машинасын шақырып қансырап қалған солдатты емханаға жөнелтеді. Содан ай емделіп, аур дене жарақатын алған Коля Денисов екінші дәрежелі мүгедек болып қалады. Ал милиция мен алдын-ала тергеу органы қылмыскер қыздарды оның айтып суреттеуімен үш айдан соң ұстап қамайды. Бұл қылмыстық істі қараған  Ақтау қалалық соты қарақшы қыздарға лайықты жазасын берді. Екеуі де дес жылға бас бостандығынан айырылды.

Бұл қылмыстық оқиғадан түйген түйінім “түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би” дегендегі Майқы би бабамыз айтқан: “ болғанда ақыр заман су тартылар, жігітке қарап тұрған қыз артылар,” – деген кездің келгені ме? әйтпесе мына құтырған қос жезөкшенің жалғыз анасынан айырылып, қабірбасында қайғы жұтып отырған жас солдатты алдап-арбап өз арағына тойғызып, оған да тоқтамай сәл нәрсеге ашуланып, теуіп-теуіп тезегін шығарып кеткенін қалай түсінуге болады? Қалай? Солдат сорлының сондағы жазығы не? Аңқау байғұс құтырған қу түлкілердің кім екенін танымай қақпанына түсіп қалғаны үшін кінәлі ме? Байқаңдар жас бауырларым, бұл күнде қаламызда құтырған қыздар көбейіп келеді…

                                                                                                       1996 ж.

Аңдамай сөйлесең, ауырмай өлесің!

Тап осы сөздің растығына облыстық сотта қаралған бір қылмыстық іс көзімді тағы да жеткізді.

Олар бірін-бірі жақсы жолдас санайтын. Тұрмыс тауқыметінен қысылған кезде Нина Кошелева Татьянадан үнемі қарызға ақша алып жүрді. Кейін екеуі бірлесіп шағын сауда-саттықпен де айналысты. Нинаның жолдасы жұмыста жоқ, бір баласы бар еді. Ал Татьяна тағдырдан таяқ жеген жан. Естияр баласы мен күйеуінен бөлек тұрады. Сенер ешкім жоқ болған соң, барын салып барлық уақытын саудаға сарп етеді. Содан жиналған азын-аулақ ақшаны үйінде сақтайды. Кейде осы жинағынан жақын жолдастарына өсімімен қарыз береді. Нина Кошелева Татьянаға барлығы мың сегіз жүз АҚШ долларын бережақ еді. Келіскен уақытында қайтара алмады.

Өткен жылдың 23-қараша күні түс мезгілінде Нина өткізуге алған тіс пасталарын сатып бітірген соң 24-шағынаудандағы Татьянаның үйіне келді. Пастадын тапқан 3900 теңгені оған берді. Құрбысы мының төрт жүз теңгесін өзіне қайырып беріп:

  • Бұл еңбегің үшін, ал уақытың болса, маған ұлымның курткасын тігуге көмектесші, — деді.

Нина: — Жақсы, жарайды, — деп келісіп қаннан қаперсіз куртка тігуге отырған қос келіншектің арасында қайтарылмаған қарыз туралы сөз қозғалды.

  • Ал, Нина, қарызымды қашан қайтарасың? Уақыт өтіп кетті ғой. Қазір балама операция жасатуға шұғыл қаржы керек болып тұр. Ақша алатын ешкімім жоқ. Өзің білесің мұндай операцияға мың доллардан кем сұрамайды.
  • Операция қашан?
  • Жақында, дәрігерімен шаққа келістім. Алдын ала бес жүз доллар берсең, операцияны жасаймыз, — дейді.
  • Ойбай-ау, оған дейін таба алмаймын ғой. Тауарларым да өтпей тұр. Күйеуім де құр салпақтаумен жүр…
  • Кезінде үш айға деп алғансың, үйімді сатсам да қарызымды мезгілінде қайтарамын деп өлердей жалындың. Ендігің не сөз? Уәде қайда? Ұмытсаң мың сегіз жүз долларға қарыз екенің жазылған қол хатыңды көрсетейін.
  • Қажеті жоқ. Бірақ қазір қайтаратын ақшам жоқ. Сәл шыда…
  • Мұның сөз емес! Үйіңді сат та қарызды қайтар! Әйтпесе сотқа беремін! Сотқа!.. Түсінікті ме?
  • Сотқа?!.. Біздің жақта мұндай әрекет үшін өлтіреді. Оны білемісің?
  • Кісі өлтіру сенің қолыңнан келе ме өзі? – деп Татьяна жайбарақат оның бетіне қарап еді.

 Сол сәтте креслода куртка тігіп отырған оның мойнына қас қағымда Нина қос қолды салып қылғындырды. Анау мұндай оқыс қимылды күтпегендіктен қарсыласуға да шамасы келмей көгеріп, бірден есінен танып қалды. Қатты ашудан көзіне қан толған Нина Кошелева қылмыстық қимылын одан әрі жалғастырып, жазу стол үстінде жатқан скотчпен құрбысының аузы-мұрныны орап, тас қылып таңып тастады. Бұл аз болғандай басына өзінің орамалын жауып, өзі қылмыс жасаған үйден тайып тұрды. Кейін бұл қылмыстық ісіне қатты өкініп, туған туыстарына жазған қоштасу хатында неліктен бұлай болғанына қайран қалады. Сөйтіп ойда-жоқта отыздан енді ғана асқан келіншек “аңдамай сөйлеген аурмай өледі” дегеннің кебін киді. Асылы, адам құны тым арнзандап кеткен мына қасиетсіз қоғамда байқап сөйлемесең, осылай аяқ асты ажал ауылынан бір-ақ шығуың ғажап емес. Сотталушы бұл қылмыс үшін он жылға бас бостандығынан айырылды.

Сонда деймін-ау, сонда бұл адамдар не болып барады? Ата заңымыз бойынша ең қымбат қазынамыз адам болса, оның құны не мұнша құлдырайды? Азын-аулақ ақшаға бола қос құрбының бірін-бірі оңай өлтіре салғаны қалай? Ақыл-есі түзу, бұрын сотталмаған адамның аяқ асты осынша қатыгездікке барып, өз жолдасын қылғындырып өлтіре салуын қалай түсінеміз? Қалай? Осы сауалдар жанымды сыздатып, маза бермейді.

                                                                                                       1998 ж.

“Таныспасаң, таяқ жейсің!”

Бейнеу. Биылғы сиыр жылғы қаңтардың қара суық күндерінің бірі. Жасы жиырмаға да жетпеген, көйлегі көк, жұмысы жоқ, мектептегі тойға барып, тойып алған Нұрлан көшеде ұрынарға қара таппай ыдырынып келе жатты. Содан көктен іздегені жерден табылды. “Селхоз” ауылға қарай асыға басқан бір бейтаныс бойжеткен қарсы кездесті.

  • Оу, қарындас, тоқтаңыз танысалық, — деп жігіт оған аш қасқырша тап берді. Оның ақылдан ада, қызу күйде екенін көрген қыз, сыпайы ғана:
  • Жөніңізбен жүре беріңіз, мен сізді танымаймын, — деді.
  • Танымасаң танысайық! Ал таныспасаң, таяқ жейсің! – деп Қибасов төбеден қойғандай дүңк етті. Және былай деп қосып қойды:
  • Не мені менсінбейсің бе?
  • Жоға асығыспын, бөгемеңіз жолымды, осынша неге өңмендейсіз?
  • Мә саған өңмендеу! – деп мас жігіт қызды жұдырықпен жатқызды.

Ашуға булыққан Гүлшат та қарап қалмады. Ол да шапалақпен жігіттің жағына сарт еткізді.

  • Әй, шібіш, маған қол жұмсайтын сен кімсің? Қазір көкеңді көзіңе көрсетейін! — деп Қибасов боқауыз сөздерді қарша боратып, қызды аяусыз ұрып-соқты.

Қыздың киімі қанға боялып, дене жарақаттарын алды.

Осылай жол бойында мас жігітпен жан таласа жағаласып жүріп, Гүлшат жездесінің үйіне жақындады. Терезеден апасы көріп, мұны бірден танып, үйден атып шығады. Сотта берген жауабында ол былай депті:

  • Түс қайта көшеге шығайын деп киініп жатыр едім. Терезеден көз салсам, далада жол бойында бір жігіт пен қыздың жағаласып жүргенін көрдім. Қыздың бас киімі жоқ, шашы қопыраған, қол бұлғап, мені шақырғандай белгі берді. Содан үстіндегі киімінен сіңілім Гүлшат екенін танып, үйден атып шығып, оларға беттей бергенімде жігіт қызды кеудесінен қатты итеріп, тастай қашты.
  • Ұсташы ананы…
  • Не болды? – деп едім.
  • Таныспайсың деп ұрды оңбаған, — деді сіңілім.
  • Ол кім? Танисың ба?
  • Ой, бұл Нұрлан деген жігіт. Аздап танимын.
  • Қазір милицияға хабарлайық, — деп үсті-басы қанға боялған сіңлімді үйге алып келдім.

Аудандық сот үкімімен Н.Қибасовты үш жыл алты айға бас бостандығынан айырған еді. Кейін бұл іс касациялық шағыммен  қаралып, аудандық сот үкімінің жаза тағайындау бөлігі өзгерді.

                                                                                                      1997 ж.

Азандағы айуандық

Сәуірдің ақ таңы сібірлеп атып келеді. Аташ ауылының тұрғындары таңғы тәтті ұйқы құшағында жатыр еді. Кенет салдыр-гүлдір еткен оқыс дауыстан Амангкелді көшесіндегі тоқал тамда жалғыз тұратын жесір келіншек шырт ұйқыдан шошып оянды. Ойда-жоқта келген түнгі қонақтар сыртқы ауыз үйдің есігін топсасынан жұлып алып, енді екілене ішкі есікті төпелеп тұр.

  • Бұл кім, әй?!

Жалаң аяқ, жалаң бас, іш киіммен төсегінен атып тұрған келіншектің дауысында үлкен үрей бар.

  • Біз ғой, аш!
  • Бізің кім, кімсіңдер? Түнделетіп неге келдіңдер? Милиция шақырамын…
  • Тез аш, өйтпесең өлтіреміз!..

Қорыққанынан бозторғайдай бүрісіп, әйелдің үні шықпай қалды. Сол сәтте түнгі тентектер есікті темір сүйменмен бұзып ашып, ішке екпіндей енді. Жарықты бір ұрып сөндірді. Келіншек қараңғылықты пайдаланып, сыртқа қашып шықпақшы болып еді, екі қарулы қол үн-түнсіз тас қылып ұстап алып, жер төсекке қарай лақша бақыртып сүйреді.

  • Елмісіңдер, жаумысыңдар, неге қорлайсыңдар?
  • Өшір үніңді! Жат төсегіңе! Бала емессің ғой бақыратын.
  • Әй, жауздар-ау, бұл өлік шықан үй ғой… Не беттеріңмен басынасыңдар? Құдайдан қорықсаңдаршы!

Сол сәтте келіншектің сөзін аяқтатпай, Арылғапов оны ауыздан бір қойды. Ал Өсербаев болса оның бақырып жылағанына қарамай, теуіп төсекке жатқызып, аузына орамал тықты. Қанына қарайған қарулы келіншек те өліспей беріспеуге бел буды ма, жігіттермен жанталаса жағаласып, тістеп-теуіп жатыр. Ойлағандары тез болмағанға әбден ашуға булыққан екеу мына келіншектің тегін көнбейтінін көріп, аямасқа көшті. Екеулеп ұрып-соғып, тырдай жалаңаш шешіндіріп, жер төсекке жатқызды да, Өсербаев әйелдің екі қолын басынан асыра жоғары қарай ұстап тұрды. Ал Арылғапов болса қызыл көрген құзғындай өмірінде әйел етегін көрмегендей-ақ есі кете емеңдеді. Бірінші болып зорлап, жыныстық қатынас жасады. Келіншек мұны танып қалды:

  • Әй, сен Шыңбайсың ғой, мұның не? Менен басқа әйел құрып қалды ма, өлік шыққан үйге келіп, өлтірдің ғой…
  • Оттама, мен Шыңбай емеспін! – деп Шыңбай төсектен тұрып жатты.
  • Кел, кезегің келді.

Осы сөзді күтіп тұрғандай Өсербаев та келіншектің үстіне күшігенше қонжиды. Енді әйелдің екі қолын Мыңбай мықтап ұстап тұрды. Сол сәтте үстінде есі кетіп ентігіп жатқан Өсербаевты да терзеден түскен айдың жарығымен оның аузындағы жасанды тістерінен танып қалды.

Екі нәпсіқұмар “қорқау” істерін істеп болған соң:

  • Болары болды, енді осыдан милицияға хабарласаң, кешке келіп өлтіріп кетеміз, — деп тайып тұрды.

Міне, айтуға ауыз бармайтын қылмыстық оқиға осылай аяқталды.

Жақында ғана анасы қайтыс болып, қара жамылып, жалғыз отырған жесір келіншекті осынша айуандықпен зорлаған жауыздар кім еді?

Кейін белгілі болғандай олар сол ауылдың азаматтары, жәбірленушіні жақсы танитын жігіттер болып шықты. Екеуі де Форт-Шевченко қаласының тұрғылықты тұрғындары, екеуі де бұрын сотталған азаматтар.

Жәбірленушінің сот мәжілісінде берген жауабында:

  • Ет жақын туған туысым жоқ, жападан жалғызбын. Алты жасымда әкем қайтыс болды. өзімнің төрт балам бірдей өлді. Күйеуім маскүнем болған соң, одан кетіп қалдым. 1994 жылы ақпан айында жалғыз сүйенішім анам да қайтыс болды. Онысыз да қатыгез тағдырдың таусылмас тауқыметін тартып, тірліктен түңіліп жүргенімде, жалғыздығымды пайдаланып мына екі айуан тағы да масқаралады. Құдайға мұнша не жазғанымды білмеймін… – деп жылап жібергенде, сот мәжілісінде отырғандар да қатты қапаланды.

Бұл қылмыстық оқиға 1994 жылғы 27-сәуір күні таңғы төртте болған еді. Іс Ақтау қалалық сотында екінші рет қаралып, ар-ұяттан ада Арылғапов пен Өсербаев әрқайсысы жеті-сегіз жылдан бас бостандықтарынан айырылды.

                                                                                                       1996 ж.

Боқтаймын деп басын жұтты

Бұл күнде түкке тұрмайтын себеппен кісі өлтіре салу қалыпты әдетке айналып барады. Әсіресе, мұндай келеңсіз құбылыстың қазақ жастары арасында жиі кездесуі көңіліңді құлазытады. Кейде адам айтса сенгісіз қылмыстық оқиғалар кездеседі. Бұл да соның бірі.

Нұрлан мен Темірбек балалық балдауренін бірге өткізген, әрі туысқандық жақындығы бар нағашылы-жиенді, әзіл-ойындары жарасқан жас жігіттер еді. Нұрлан болса жасы жиырмаға жаңа толған, өткен жылдың мамыр айының аяғында әскери міндетін өтеп, туған ауылына оралған-ды. Салт басты сабау қамшылы ол 1995-ң маусым айының басында Бейнеу ауданындағы №464 разъезде тұратын туған ағасының үйіне қой бағысуға көмекке  келген-ді.

Маусым айының 9-күні жүз грамдай спирт ішіп алған Нұрлан көңілі көкке көтеріліп, іштей ыңылдап ән салып, қорада қозы сойып жатты. Мотоциклдің дауысы естілді. Келгендердің кім екенін білейін деп қорадан сыртқа шыққан. Көрші ауылдың баласы, 1974 жылы туған өзінің жиені Көптілеуов екен. Ол арсалаңадй қарсы жолыққан нағашысы Таңатароықа:

  • Әй, темекі берші, — деді.

Нұрлан үндемеді.

  • Неге үндемейсің? Темекі берші деймін, — деп Темірбек оған тақала түсті.

Анау: — Жоқ! – деп сөзді шорт кесті.

  • Өтірік айтасың, қазір қалтаңды қараймын, — деп Темірбек оның шалбарына жабысып еді. Нұрлан оны кеудесінен итеріп қалды.
  • Кетші-ай, темекі жоқ дедім ғой…
  • Әй, саған не болды? Жаман темекіңді аяйсың ба? өй, анаңның ақ сүтін… – деп бұл оны аузын толтыра боқтап жіберді де, кейін шегініп тұрды.

Қараса, Нұрланның түсі бұзылып кеткен. Жауар күндей түнеріп тұр. Қолында қозы сойып жатқан пышағы бар еді.

  • Маған қой сойысшы, көмектесші… – деді.
  • Немене бір қозыны өзің соя алмайсың ба? Соған да көмек сұрайсың ба? Өй, әкеңді!.. – деп түлен түрткендей тағы бір аузын толтыра боқтап жіберді.
  • Сен неге қайта-қайта боқтайсың мені? Қазір көрсетейін боқтағанды!.. – деп түнеріп кеткен Таңатаров қолындағы ас пышағымен аңдаусыз тұрған бұның жон арқасына қарай қатты сілтеп қалды.

Жауырына кірш ете түскен пышақтан шошып кеткен ол:

  • Өлтіресің бе? – деп айқайлап жіберді. Сол сәтте көз алды кенет қарауытып, дүние дөңгелеп жүре берді.

 Көптілеуов боқтаймын деп ойда-жоқта алған ауыр жарақаттан ауруханаға жетпей көп қан кетіп жол үстінде қайтыс болды.

Міне нағашылы-жиенді екеуінің бірін-бірі боқтаймын деп жүріп, арты қайғылы қазамен аяқталды. Бқл қылмыстық істі қараған облыстық сот Нұрлан Таңатаровтың оқыс қылмысты арақ ішкен мас күйінде жасағанын және оның кісі өлімімен аяқталғанын қатерге алып, оны сегіз жылға бас бостандығынан айырды. Байқап боқтайық, ағайын!

                                                                                                      1996 ж.

Баянның үзілген бауы…

“Өлетін бала молаға қарай жүгіреді” демекші, олар ең әуелі “Достық” сауда базарының басында кездесіп, арақ алып ішті. Қазіргі қаңғыбас жалғызбасты Қасым қасқа бұрын күркіреген милиция қызметкері болған, алпамсадай алып, ұрт мінезді жігіт еді. Соңғы он жылдың  жүзінде тірлігінің қиюы қашып, от басынан ажырасып, біржола ішімдікке салынып кеткен. Әкесін арақ өлтіргендей бірдеме ұрттамаса, отыра алмайтын халге жетті. Жеке пәтерде жалғыз тұрады. Көшедегі барлық қағылған-соғылғандар, маскүнемдер бөтелкелерін арқалап Қасекеңнің пәтеріне келіп, жын ойнақ жасайды. Өмірден баз кешкен бұл адам кейпіндегі айуандардың ортасында үй иесі таудай болып, ескі баянын боздатып ән салған болады.

“Дүние, жалған, салдым сайран-ау!..” дейді. Сонан соң қолы қалтырап алдындағы араққа бас қояды, басқа тірлікті ұмытқалы қашан…

Өткен жылғы мамыр айының үші күні де  Форт-Шевченкодан қаңғалақтап келе қалған Нұрбол Батыровпен бірігіп әдеттегі “әнін” салып отырған. Кенет оқыс тартып қалды ма, Қасымның қолындағы ескі баянның бауы үзіліп кеткені. Ол:

  • Мә, мынаны жөнде, бала, — деп гүж ете қалды.

Арақтың буына бөртіп, жағасы жайлау болған қонағы да қасқа неме екен, аяқ асты қасарысып қалды:

  • Жөндей алмаймын…
  • Неге?
  • Сол, қолымнан келмейді!
  • Мә, ендеше… – деп Қасекең қонағын қақ маңдайдан бір салып өтті. Байқаусыз ауыр соққыдан бөтелкелесі отырған отырғышымен омақысып түсті.
  • Енді жасаймысың?
  • Жоқ, жоқ! – деп жерде жатқан Батыров баянның үзілген бауын өзіне қарай лақтырды.
  • Қап, мынаны-ай, ә?! Қасарысуын қарашы, — деп үй иесі тағы да жуан жұдырықтарын жұмсады.

Сол күні кешке олар қайта кездесті. Бұл туралы сотталушының өзі сот мәжілісінде былай деді:

— Темекі алу үшін 27-шағын аудандағы сауда орталығына қарай бара жатқанда 30-үйдің артынан ет кесетін ұзындығы 30 см. пышақ тауып алып оны қалтама салып алдым. Сауда орталығына келген соң киоскінің қасында тұрған Рақымжановты көрдім, ол маған келіп: “інішек, 50 теңге бар ма, ақшам жетпей тұр” деді. Мен оған 60 теңге бердім, бір жарты арақ алып, екеуіміз тағы да оның үйіне келдік. Үйге кіріп курткамды іліп жатқанымда пышақ жерге түсіп кетті, Қасым пышақты алып қызыға қарады да: “Жақсы екен” деп үлкен бөлмедегі столдың үстіне апарып қойды. Сосын екеуіміз әкелген арақты іше бастадық, шамалыдан соң Рахымжанов маған: “Сен неге таңертең айтқанымды тыңдамай, баянның үзілген бауын жөндемедің?” деп тағы да тиісіп, бетіме салып қалды, менің мұрным қанады. Ваннаға барып, мұрнымның қанын жуып келгенде, Қасым тағы да: “Сен кейіме, ондай-ондай бола береді, ашуым келіп кеткені, кел ішейік” деген соң столға қайта отырып, арақтың қалғанын іштік. Мен тағы да арақ әкелдім. Осы екінші әкелген арақты ішіп отырғанда үшінші рет баянның үзілген бауын айтып, аяқ асты төбелес шығарды. Өзі денелі ірі адам, қорғануға шамам келмеді де, құлап бара жатып қолыма столдың үстінде тұрған пышақ ілінді. Мен қорғану мақсатымен өзіме қарай ұрғалы ұмтылған Рақымжановтың еңкейген мезгілінде желкесінен қолымдағы пышақпен екі рет қаты ұрғанымды білемін. Қалғаны есімде жоқ. Кейін есімді бір жисам, қолымда пышақ, Рақымжанов еденде шалқасынан жатыр, айналасы қан, қолында қанға былғанған баянның үзілген бауы болды. Мен қорыққанымнан қалған арақты іштім де, диванда ұйықтап қалыппын.

Содан таңға жуық оянып, 27-шағынауданда тұратын апамның үйіне барып жуындым. Күндіз көшеге қайта шықтым, бірақ қорыққанымнан тек арақ іше бергім келе берді. Ертеңіне 4 май күні Рақымжановтың үйіне өзімдегі кілтпен ашып кіріп, оның “Бирюса” деген тоңазытқышын жолда кездескен Соломон деген жігітке 1000 теңгеге  саттым. Сол күні кешке Сергей деген жігітке Рақымжановтың жұмсақ жиһазын бір шөлмек араққа айырбастауға келісіп, екеуміз келдік. Үйге кірген соң ол еденде өліп жатқан Рақымжановты көріп, қатты қорқып кетті ме, қолындағы коньягін тастай сала қашты.

Сотталушы Н.Батыровтың Қасымды қасақана өлтіріп, пайдақорлық ниетпен оның үйіндегі заттарын ұрлап сатқандығын өзі де толық мойындады, сондай-ақ оның бұл қылмыстық әрекеті іс материалдарымен де, куәлардің жауаптарымен де, сот-медициналық сараптаудың қорытындысымен де толық дәлелденген.

Бұл қылмыстық оқиғадан қандай түйін түюге болады? Жасы 20-дан жаңа ғана асқан, отбасы бар, орта мектепте жақсы оқыған, кішкентай ұлы бар, тым жақсы ғұмыр кешіп отырған жігіттің осындай қан құйлы қылмысқа баруы тек арақтың кесірінен дейміз бе? Әлде өмірдің сонша құнсызданып, адамның азғындауының бір көрінісі ме? Әйтеуір ақылды адамның санасы жетпейтін нәрсе. Сот алқасы жасалған қылмыстың сипатына сай қатаң үкім шығарды.

Сотталушы Нұрбол Батыров 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Міне өмір жолын жаңа бастаған жас жігіт түрме табалдырығын аттады. Мұның арты не болады? Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры демекші баянның үзілген бауынан басталған ұрыс-керіс осылай қайғылы аяқталады деп кім ойлаған?!

                                                                                                    1996 ж.

Қорғаушы ма, қорлаушы ма?

 Жақында бір дастарқанда құрдасым Қалимамен қатар отырып қалдым. Салғаннан маған тиісе, тістей сөйледі.

  • Сорлы-ау, сотқа барсаң да шыр бітпепті ғой… Әлі алуды білмейсің-ау… Әй, өмір сүре алмайсың ғой. Сен түбі адал боламын деп аштан өлесің! Мына ұры заманның келгенін білмейсің бе? Ана милициядағы құрдасың майор Молдабайға қарашы, қалай мына базар өмір басталды, солай құндыздай құлпырып шыға келді.
  • Ә, сөйтті ме өзі… – дедім мен самарқау ғана тіл қатып.
  • Сөйтпек түгілі ол теңіздің жағасынан екі қатарлы коттедж салып жатыр. Оның қазір қандай бизнеспен айналысатынын білемісің?
  • Жоға, ол қылмыспен күреспей ме?
  • Қылмыспен?! – деп Қалима жылан шағып алғандай шар ете қалды. — Өткен жексенбіде оның қылмыспен қалай күрескенін мына шыққыр көзім көрді.
  • Иә, қалайша?

— Жексенбіде бес әйел “Достықтың” алдындағы базарда арақ-шарап, темекі-шемекі дегендей кәкүр-шүкір сатып тұрғанбыз. Қайтеміз енді? Үкімет айлап ақша бермейді. Бала-шағаны аштан өлтіруге бола ма? Содан екінді мезгілінде сау етіп милицияның автобусы жетіп келді де біздерді әй-шәйға қаратпай, заттарымызбен бірге тиеп, қалалық милицияның бір подвалына қойша тоғытты. Қараңғы түсті. Жан келмейді. Бұнысы несі, біз не бүлдірдік? Бесеуміз бір-бірімізге қарап аң-таң болып отырмыз. Сұрайық десек, тірі жан жоқ. Содан бір мезгілде талтаңдай басып, аузынан арақ сасып майор Молдабай құрдастың келмесі бар ма. 

  • Әй, әкеңді… Кілең бір кемпір-сампырды әкелгені несі? Неғып отырсыңдар мұнда, кетіңдер… матри! – деп ақырды.
  • Әй, Молдабай құрдас, жәйла! Бізге арыстанша ақыратындай неңді бүлдірдік сонша… Не жазығымыз бар?
  • Қалимашпысың? Сен мұнда неғып жүрсің? Түрің түр емес, кемпір екен десем…
  • Бізді мына подвалға әкеліп қойша қамайтындай не қылмысымыз бар? Айтшы кәне. Сен осындағы бастықтардың бірі емессің бе?
  • Ұрықсатсыз кез-келген жерде сауда жасауға болмайды. Понятно вам? Тез кетіңдер, ал заттарыңды қалдырасыңдар,тексереміз…
  • Әй, нені тексересің? Біздердің сатып жүргеніміз арақ-шарап, темекі-шемекі емес пе? Сөмкелерімізге гранат тығып қойды дейсің бе?
  • Хватит болтать! Сөмкелеріңді қалдырыңдар. Өздерің табандарыңды жылтыратыңдар! әйтпесе таң атқанша қамап тастаймын. Понятно? – деп құқық қорғаушымыз қоқаң-қоқаң етті.

Біз бес әйел құтырғаннан құтылған дегендей заттарымызды тастай сала зыттық. Әне, менің милициям, мені солай тонады-ай. Ертеңіне бәріміз милицияға барсақ, сөмкелеріміз жым-жылас жоқ. Ешкім де ештеңе көрген жоқпыз, білмейміз деп, кешегі бізді әкелген милициялар бедірейіп бетімізге қарайды. Ал керек болса, сонда бұлар кімдер? Құқық қорғаушы ма, әлде құқық қорлаушы ма? Ал түсініп көріңіз. Бәсе, аяқ асты Молдабай құрдас қалай семіріп кетті десем, өстіп қатын-қалашты тонап та күн көреді екен. Сонда кім қылмыскер? Біз бе, ол ма? Осы біздің қоғамымыз қасқырлар мен қойларға айналып бара жатқан сияқты. Жақында қалалық милициядағы кейбір аяққа басқан әпербақандардың іс-әрекеті жұртқа жария болды. Ал майор Молдабайдың үстінен қылмыстық іс қозғалып, қызметінен қуылды деп естідік. Естіген құлақта жазық жоқ, құқық қорғау органынан қойға шабатын тағы бір қасқырдың кеткеніне қуандық.

                                                                                                       1996 ж.

Желіккеннің сазайы

Орда бұзар отыздан жаңа ғана асқан, сірә жастықтың желігі әлі басылмаған болуы керек, қызылөзендік Сәрсен (аты өзгертілді) аяқ асты өзінің құдайы көршісіне құмарлығы қозды. Үстіміздегі жылдың 13-қаңтарында, бір жолдастың соғымын сойысып, қызыл қуырдақ пен тентек суға кеңірдектен тойып, түңгі 11 шамасында Сырдың суы сирағынан келмей үйіне келе жатыр еді. Кенет көрші келіншек, әрі құрдасы Н-нің есіне сақ ете түскені. Ол бұның буланған көзіне күлімсірей қарап, от құшағын ашып: “Кел, келсейші құрдас! Жалғыздықтан жүрегім сыздап жүр”, — дегендей болды. Сол солақ екен Сәрсеннің  тіпті есі шығып кетті. Әй-шйәға қарамай батырым тура шабуылға көшті. Қамал бұзардай қаһарланып, көрші келіншектің ішінен ілулі тұрған есігін жұдырықтай жөнелді. Түн іші дүрсілдеген дауысқа атып шыққан Нағиманың:

  • Бұл кім-ай? Жау шапқандай тарсылдатып… – деген кейісті сауалына:
  • Мен ғой Сәрсенмін саған келдім, аш есікті! Сені сүйемін!.. Әйтпесе терезеңнен түсемін, — деп арыстанша ақырды.
  • Жындымысың-ай, сүйемің не? Кір үйіңе, сүйгіш болсаң өз әйеліңді сүй, албыстының араққа тойып құтыруын… – деп бұл өз-өзінен бұның көршісі Сәрсен екенін даусынан танып, түпкі үйге балаларының қасына кетті.

 Балалар да түнгі оқыс тарсылдан шошып оянып, қорқып жылап жатыр екен. Ал  Сәрсен ойындағысы тез болмаған соң, есікті қоя салып, бұлар жатқан бөлменің енді терезесін тарсылдатты.

  • Көрші-ай, қой, қоя ғой, елден ұят болар!.. түн баласы бізді бөліктірдің ғой, балаларым жылап жатыр, — деп басу айтып еді, ал анау болса бұл тілекті құлағына да қыстырмады. өрттей өрши түсті:
  • Аш есікті, аш! Әйтпесе терезеңнен түсемін, терезеңнен! – деп бұрқыратып боқтады-ай кеп…

Әлден уақытта әбден ашуы басына шапшып, көзі қарайған мас көршісі терезені таспен ұрып тас талқанын шығарды. Үй иесіне мүліктік зиян келтірді.

Сот тергеуінде сотталушы Сәрсен өз кінәсін толық мойындап, өзінің бұл әрекетке көршісімен құрдас болған соң, мастықтың кесірінен барғандығын, есікті ашпаған соң терезесін таспен сындырғанын сонан соң кетіп қалғанын айтты. Мастықпен істеген ісіне өкінетін, өзнің отбасында әйелі және екі кішкентай баласы барын айтып, аудандық соттан өзіне жеңілірек жаза тағайындауын сұрады.

Ал жәбірленуші Н.А. болса сотталушы шындықты айтып тұрғанын, оның келеңсіз қылығын көршісі әрі құрдасы болған соң кешіргендігін, мүліктік зиян өндірілгенін, басқа талабы жоқ екенін білдірді.

Бұл қылмыстық істі қараған Түпқараған аудандық соты айыпкерге артықтау жаза тағайындап, оны үш жылға бас бостандығына айырған еді. Алайда облыстық соттың  қылмыстық істер қарайтын алқасы бұл үкімді өзгертіп, тағайындалған жазаны шарты жаза деп есептеуге ұйғару шығарды. Сотталушы қамаудан босатылды.

Алайда, сотталушының жазасы жеңілдегеніне дәсерісіп кетпей, ендігі тірлігнде арақ әзәзілге алдырмай, құдайы көршісіне қол салып, өзін де, өзгені де ұяттың батпағына батырмай аман жүрсе деген тілегіміз бар. Ал бұл оспадарсыз оқиғадан арамызда құмырсқадай қаптап жүрген басқа бұзақылар мен озрырлар сабақ алса кәні. Әй, бірақ оларға айттың не, айтпадың не!..

                                                                                                      1998 ж.

  Айғырды атқан тұтылды

Саф алтындай сап-сары құм төсінде сәуірдің ерке самалы еседі. Түс ауа торы айғыр өз үйірімен қаннен қаперсіз тоғыз жүз тоқсан алтыншы шақырымдағы тақырға су ішуге келді. Қасында төрт-бес бие, байтал бар еді. Жазықсыз жануарлар тоған басында суыт тұрған  ГАЗ-69 машинасына мән бермеді. Ондағы адамның қатыгез, аяушылық сезімнен ада екенін  де сезбеді. Талқаны таусылған торы айғыр құлақ шекеден тиген қорғасын оқтан соңғы рет боз даланы басына көтере шыңғырып құлады…

Бұл қылмыс туралы ауылдасы Бисенбайдан күдіктенген Атитанов әйелі екеуі оның үйіне келді. Үй иесінің жеке меншік ГАЗ-69 машинасы ішіндегі жаңа қанға ұқсас дақтарды көргенде бұлардың күдігі күшейе түсті.

  • Мынау малдың қаны емес пе?
  • Жоқ, киіктің қаны, — деп Бисенбай безере қалды. – Кеше киік атып алғанмын.
  • Әй, білмеймін-ау… Ал ана сарайыңнан табылған табанында “А” белгісі бар бәтеңке туралы не айтасың?

Торы айғыр ажалын тапқан тақырда да тап осыған ұқсас із қалыпты.

  • Басымды қатырма, менде ондай бәтеңке жоқ! – деп Бисенбай бет қаратпады. – Немене сендер мені тексеретіндей милициямысыңдар.
  • Ол да болар, ал қазір мына бәтеңкені бізге бересің.
  • Жоқ, алмайсыңдар!
  • Машинада қан дақтары бар, ауылға кірген із бен шыққан із екі бөлек, артқы екі дөңгелекті әдейі ауыстырғансың. Мынау бәтеңке… Немене осының бәрі қездейсоқтық па? Торы айғырымды атқан сенсің, сен!.. Сөзді қой, жүр милицияға!

Бисенбайда үн жоқ, бозарып, бедірейіп тұр. Бұлар бермесіне қоймай күштеп бәтеңкені алып кетті. Сол 24 сәуір 1998 жылы айғырын айтқан. Б.Сансызбаев екеніне өздерінің көзі жеткен соң, олар түнделетіп учаскелік милицияға барып, арыз жазып, болған-білген жайды толық жеткізді.

  • Айғырымды атқан осы. 23 сәуір түс кезінде 996 шақырымдағы тақыр бетке бір ГАЗ-69 машинасының кеткенін көрген кісі де бар, — деді жәбірленуші Атитанов милицияға.
  • Ол кім?
  • Ол сол күні ауыл қойын баққан Әсет Есенғалиев маған өзі келіп, тақыр бетке ГАЗ-69 машинасының кеткенін өз көзімен көргенін айтты. Сосын…
  • Иә, сосын, — деді милиционер тағы да болған жайды біле түспек ниетпен.

Ауылдың тағы бір азаматы Ибашев та 24 сәуір күні күндізгі сағат 11-де малын қарап, тақырға барғанда, қанға батқан жылқы басы мен терісін көрген. “Баз” деген таңбасын көріп, оның Атитановтың қара торы айғыры екенін танығанын айтады.

Сонымен сот тергеуінде бұл ұрлықтың жай-жапсары толық ашылды.

Сотталушы Б.Сансызбаев үстіміздегі жылдың 23-сәуірі күні 14.30 шамасында өзінің жеке меншігіндегі ГАЗ-69 автокөлігімен бөтеннің мүлкін ұрлау мақсатында алдын ала дайындалып, есепте жоқ бір ұңғылы он алтыншы каллибрлі аңшы мылтығымен өзі тұратын Ақжігіт селосынан шығып, Бейнеу бағытындағы 996 шақырымдағы тақырға келіп сол жерге су ішуге келген ауылдасы Атитановтың жылқысы үйірінен қара торы айғырды басынан екі рет атып құлатқан. Сонан соң үйінен алдын ала дайындалып алып келген ұрлық құралдары арқан, балта, пышақты пайдаланып жылқыны өзі бауыздап, бір өзі сойып, етін бес-алты қапшыққа салады. Бұдан соң қылмысын жасыру мақсатымен айғырдың басын, терісін төрт сирағымен қоса сол тақырға көміп кетеді. Айғырдың етін Бейнеу селосына апарып, ет базарындағы бейтаныс біреуге 180 кг етті 150 теңгеден өткізіп, 27 мың теңгені қалтасына басып, түнделетіп үйіне оралады.

Бұл қылмыстық істі қараған Бейнеу аудандық соты Б.Сансызбаевты екі жыл мерзімге бас бостандығынан айырды. Қылмыс құралы деп танылған сотталушының жеке автомашинасы мемлекет есебіне өндірілді. Жәбірленуші Атитановтың пайдасына қосымша жетпіс мың теңге өндіруге шешім шықты. Қысқасы, аяқ асты оңай олжа іздеп, өз ауылдасын қан қақсатқан Б.Сансызбаев тиісті жазсын алды.

                                                                                                                1998 ж.

Көлбаевтардың   қанды қарақшылығы

        Қазіргі қоғамымыздағы аса қауыпты дерт – есірткіге есіргендердің қанды  қарақшылықтары туралы аз жазылып жүрген жоқ. Бірақ  мына  қылмыстың түрі бөлек.Қатыгездігі   тіпті  шектен шығады.

         Көлбаев Әскербай  қырықтың қырқасына  шықса да өмірден өз орынын  таппаған , оның үстіне  есірткіге елігіп , есінен танған  пенде еді. Тұрағы Жаңа Өзен қаласы, жұмыста жоқ.  Өзінің  азғындығы аз болғандай , қасына өзінен он жасы кіші  туған інісі Жамбылды ерітіп, оны да тірліктегі теріс  жолға түсірді. Сөйтіп есірткіге еліккен  ағайынды екеуі  өмірдегі  оң- терісті  ажыратпады. Ар- ұят, обал- сауап дегенді  білмеді. Нағыз жын- шайтан  жетектеген  жолға түсті. Қу нәпсінің қүлдары, ағайынды азғындар  пайдакүнемдік  ниетпен адам  өлтіруді  кәсіпке айналдырды.

         2002 жылғы наурыз айының ортасында  Әскербай өзінің  көптенгі көңілдесінің   саудадан  жинап жүрген 7700 АҚШ долларының  тұрған жерін алдын ала біліп, ұрлап кетеді.

         Осынша ақша  аздық  еткендей  енді  інісі екеуі  бұрын  өздері бірге сауда жасаған  А. Торбай  деген азаматтың  да  ақшасын иемдену  үшін , алдын ала базардан  ет шабатын балтамен қаруланып, оны “Басқұдыққа” Оралдан  60  бас арзан  қой әкелдік  деп  алдап алып  шығып  өлтірудің жоспарын жасайды.

         Торбайды өлтіріп , ақшасын алуға  көлік  керектігіне  байланысты ағайынды Көлбаевтар  тергеуде анықталмаған тағы бір адаммен  келісімге келіп, топ құрып, Ақтау  қаласындағы 22-шағын  аудандағы  орталық  базарға жолаушылар  тасып жүрген  Е. Өміралиевті кездестіріп, оны “Металлург” саяжайы маңында, үшеулеп  қылғындырып өлтіреді.

          Осы ұрланған  автомашинамен ағайынды азғындар  қылмыстық қарақшылықтарын  одан әрі жалғастырады.

         Ақтау қаласындағы 12 шағын аудан да орналасқан  мал сататын  базарға  келіп , сол жерден  А. Торбайды тауып алып, Басқұдық  елді мекеніндегі  қорадағы сақтаулы  қойларды көрсетеміз “ деп  алдап  алып шығып, қала сыртындағы тас  карьері  маңында  жәбірленушіні  айуандықпен  балталап  өлтірген . Оның қалтасынан  1250 АҚШ  доллары, 984 мың  теңге,  құны 40 мың теңге “Нокия” ұялы телефонын алады. Жәбірленушінің денесін  жасыру мақсатымен  автакөліктен сыртқа  шығарған кезде  оның әлі тірі екенін  көріп,  өлтірмеуді сұрап, жалынғанына қарамай  тағы да балталайды.  Сосын  осының алдында Өміралиевті  өлтіріп , заңсыз иеленіп кеткен  автакөлікке  мініп, оқиға болған  жерден қашып кетеді.. 

         Осыдан кейін де  ағайынды Көлбаевтар  өздерінің қасақана қылмыстық қарақшылық әрекеттерін жалғастырады.  Қаладағы  жолаушылар таситын жекеменшік көлік  иелеріне   заңсыз пайда табу мақсатымен  қарақшылық шабуыл жасап, тонауды қоймайды.  Ешқандай кінәсі жоқ, орталық базарға  жолаушылар тасып, табыс тауып жүрген  Ғ. Мамбетовті  “Металург “  саяжайына апаруды сұрап, оны да  қаннаен қаперсіз отырғанда  капрон жіппен қылғындырып  өлтіреді.  5 мың теңге ақшасын, саусағындағы 35 мың теңге тұратын алтын сақинасын  олжалайды.

         Міне ағайыды азғындар  бас аяғы  бес айдай уақытта  үш  адамды  пайдакүнемдік ниетпен  өлтіріп тонаған.

         Көлбаевтардың  қанды қарақшылық  іс әрекеттері  сот талқылауында  толық дәлелденді.  Есірткіге  естері кеткен, ақша үшін  ештеңеден тайынбаған  азғындар  үш адамды  пайдақорлық  ниетпен  өлтіріп,  үш отбасыны  қалың қайғыға  батырған  ағайынды Көлбаевтар  соттан тиісті  жазаларын алды.  Екеуі де 18-19 жылға бас бостандықтарынан  айрылып,  мүліктері тәркіленді. Қылмыстық кодекстің 88-бабының  4-бөліміне сай оларға  нашақорлықтан емдеу шарасы қолданылды.

         Міне, құрметті оқырман, есірткіге  елітіп есінен  танған , адамдық азғындау жолына түскен  бір ғана Көлбаевтардың  қанды қрақшылықтары  қанша отбасын  ойрандап,  қанша адамға  қайғы- қасірет  әкелді! Сұмдық емес пе?! Ата жауымыз арақ деп жүргенде, енді оған есірткі   деген аждаһа  қосылды және жыл өткен сайын  қанды қанатын  кеңге жайып  барады.  Барша халық болып,  жұдырықтай тас түйіліп, бұған  қарсы көтерілмесек, кеш қаламыз. Болашағымызға балта шабылады.

         Халқымыз үшін  есірткі қасыреті  арақтан да асып  тусерін  қазірдің өзінде көріп отырмыз.  Сондықтан  ғасыр аждаһасына  қарсы сөзбен емес  іспен  қарсы  көтерілмесек,  оның  бетін қайыра алмаймыз ба деп  қорқамын.

                                                                                                              2004 ж.

Азғындықтың ақыры

Облыстық сот залынан еңсесі езілген, төңірегіне түңіле қараған бұл екі сотталушыны да көрдім. Еркегі елуді еңсерген, әйелі отыздан енді асқан. Жұптасып көңіл қосқандарына жарты жыл болыпты.

Елудегі Коля Кудрин жоғары білімі бар, бұрын жиырма жылдай ПУС-та бригадир, мастер, прораб болған азамат. Атақ-абыройдан да құр емес, бұрынғы Одақтың “Еңбек Қызыл Ту” орденін алған кісі. Ер жеткен екі ұлы бар. Заңды әйелі Зоя Кудрина куә ретінде сотта берген жауабында ширек ғасырдан асқан ерлі-зайыпты өміріне мүлдем риза еместігін ашық айтты. Өйткені, Коля құдай атқан, өмір бойы басқа төсек аңсап, жеңіл жүріске салынған. Қызметтен қысқарған соңғы төрт-бес жылда сайтан суға да мықтап бой алдырыпты. Міне, бір кездегі атақты Шевченко қаласын тұрғызған белгілі құрылысшылардың бірі, кезіндегі адал еңбектің адамы, соңғы аз жылдың ішінде адамдық азып-тозу жолына түскен. Тірлігінен түңіліп, кісілік қасиеттерін жоғалта бастаған. Еркектің жезөкшелігі есірткіден кем емес дерт пе деймін. Әйтеуір бар аңсары әр түрлі балтырларға ауған. Сонан соңғы құмары – сайтан су. Коляның қайда,кіммен қыдыратынын әйелі таныстарынан ғана естиді.

“Жетті ғой, жетті! Қойсаңшы енді, ана ұлдарыңнан ұят емес пе?” деп әйелі қанша қақсаса да Кудрин қоймады. Ер жеткен ұлдарынан да ұялуды білмеді.

Ал соңғы алты айдағы көңілдесі Зина аппақ семіз сазандай, отыздағы отты омырауы кез келген еркектің есін кетірердей нағыз сайқал еді. Бұрын Коля қызмет істеген құрылыс мекемесінде кассир болған. Әкесінің анық кім екенін де білмейтін кішкентай екі қызымен, жеңіл жүріске салыну себепті жүргізуші күйеуінен ажырасқан. Күйеуінде еш кінә жоқ, бар бәле әйелінде еді.

Қазір ол қыздары мен алпыстағы анасы Татьяна Николаевнаның үш бөлмелі үйінде тұрып жатыр. Өзінің екі бөлмелі үйін ақша үшін арендаға жалдап қойған. Мұнайшы шалы қайтыс болған соң, жалғыз қалған зейнеткер ана қызы мен жиендерінің қиын тірлігіне көмектескісі келген. Қоймай жалынып жүріп, күзетшілік жұмысқа жүрді. Соның бәрі бұлар тұрмыстан тарығып қалмасын деген ниет-пейілден туған еді. Мұны түсінген қызы болмады. Үйдегі барды киіп, аузы басын бояп, арзан қытай тауарындай сырты жылтырап, жезөкшелігін, арзан сауық-сайранды үдете түсті. Қолына түскен еркек біткенді қолғапша ауыстырды. Тіпті тойым-тағатты білмеді. Тек осы Коля Кудринмен ғана жарты жылдай тұрақтады.

Соттағы куә ретінде берген жауабында, бұрынғы күйеуі жүргізуші Егор Исаев:

— Мен ана ант ұрған әйелімді емес қаршадай екі қызды аяймын. Мені солардың тағдыры қинайды. Олар кім болады ертең? Анасының түрі мынау – бар баққаны еркек пен сайтан су… Не деген ұятсыз, арсыз, имансыз!.. Мұндай жезөкшенің барынан жоғы жақсы емес пе? Соттап көзін құртыңдаршы! Екі қызымды өзім асыраймын. Қыздарымды жақсы көремін, бар бәленің басы мына қатын!.. – деп ашына айтты.

“Кімнің тарысы піссе, соның тауығы болған” жалғыз қызының сайқал тірлігіне ақ шашты анасының да көңілі қатты қалған. Бұл жолы да кезекті айқайды үйге жұмыстан шаршап келген Татьяна Николаевна бастады.  Ол қызының тағы да Колямен ашылып-шашылып арақ ішіп отырған үстінен шықты. Үйдің іші тас-талқан, көк түтін шошқа сарайындай ыбырсып жатыр.

  • Әй, не деген имансыз едіңдер, арақ ішуге басқа жер таппадыңдар ма? Балалар түтінге тұншығады ғой, шығыңдар үйден, кетіңдер! Үй менікі, ой, сайқалдар-ай, бетсіздер-ай!.. – деп ашуы атылған тығындай бұрқ етті.
  • Коля кетпейді, бүгін бізде қонады, сен өзің кет! – деп мас қызы шешесіне қарап көгере қалды.
  • Мына салдақы не дейді? Кім кетеді үйден, төбеңе қара, үй кімдікі екенін білесіің бе?
  • Сен кетесің, сен! Кетпесең қазір өлтіремін сені!.. Тіпті маза бермедің ғой бізге, — деп өлердей мас қызы дір-дір етеді.
  • Әй, қарабет, мені сонда не үшін өлтіресің? Сендерді асырап баққаным үшін бе? Күні кеше ас-сусыз балаларыңмен көшеде қаңғып қалғаныңды ұмыттың ба? Арам тамақ, кет кәне үйімнен, шығыңдар! Сендер адам емес айуансыңдар! Нағыз азғынсыңдар! Сендердей азғындардан, ана ақ мысық артық, білдің бе? Кетіңдер кәні айуандар!..
  • Мә саған, айуан! Мә саған, айуан! – деп қызы шешесін босағада тұрған кеспелтек темірмен басынан бір қойды. Қызынан басқаны күтсе де, мынадай жауыздықты күтпеген анасы аңырап үйді басына көтерді.
  • Ұр кәні мынаумен, өлтір! – деп Зина енді көңілдесі Коляға да айқайлай бастады.

Ол мастықтан отырған орындығынан шаққа тұрды. Кемпірдің азынаған ащы даусы көршілерін де аяғынан тік тұрғызды. Не болып жатқанын білуге келгендерге бұлар есік ашпады. Сонан соң көршілері полицияға хабар берді. Бір сағаттан кейін полиция келгенше, ана екі азғын кемпірді көпшікпен тұншықтырып өлтірді. Сөйтіп, еңбек ардагері абзал ана адамгершілігінен айырылған жалғыз қызының қолынан қаза тапты. Не деген қатыгездік!? Не үшін өлтірді сонда? Азғындығын бетіне айтқан үшін бе? Олай ащы айтуға ашынған анасының қақысы бар емес пе? Шындықты айтты емес пе? Сол үшін ғана асыраушы анасына қол көтеруі нағыз азғындықтың ақыры емес пе ? Азғындықтың ақыры!..

Сот екеуін де ұзақ мерзімге бас бостандықтарынан айырды. Тірілей жетім қалған екі қаршадай қызды әкесі өзі асырап алуға уәде етті.

Жаныңды жейтін осындай ауыр қылмыстан кейін есіңе Алланың адал құлы ұлы ақын Қожа-Ахмет Яссауидің мына шумақтары түседі:

Үлкен-кіші адамнан иба кетті.

Қыз-боз бала, жастардан әдеп кетті.

Мінез-құлық бұзатын әдет жетті,

Бұл не деген заман болды, достар?!

Халықтан мейірім кетті,

Момынға телі-тентек тақымы өтті,

Тал түсте талапайда ақым кетті.

Бұл не деген заман болды, достар?!

Айтылған сөз, уәденің байламы жоқ,

Өтірікке шындықтың қайраны жоқ.

Шындықты айттым осылай, шырқыраған,

Құл Қожа-Ахмет сөзінің жалғаны жоқ!

                                                                                                       2003 ж.

Арақтың азабы

Қырықтың қырқасынан кеткен үш құрдас Форт-Шевченко қаласындағы бір көшенің бойында тұрады. Үшеуі де жұмыста жоқ. Екеуі әйелдерінен айырылған, тек Күмісқалидің ғана келіншегі бар. Табыс тапқысы келіп, еңбек еткісі келіп жанталасып жүрген бұлар жоқ. Ауырдың үсті, жеңілдің астымен жылжып, күндерін құр босқа өткізуде еді. Бүгін де берекелері болмады.

  • Әй, Айнабай, бас сынып барады. Не істейміз? – деді құрдасы Күмісқали күмілжіп.
  • Білмеймін, бауырым…
  • Бірдеңе істейік те, босқа өлеміз бе?
  • Менде тесік теңге жоқ!..
  • Менде де…
  • Онда ана Төребек құрдасқа барлық, ол ит бірдеңе табар, бәлкім…
  • Жақсы, жүр, — деп екеуі көтерем қойдай сүйретіле басып, көшенің басына қарай жүрді.

Сөйтіп бұлар кенезесі кеуіп, бірдеңе ішкісі келіп, Төребекке келсе, ол да жауар күндей түнеріп, күйі келмей отыр екен. Үш жалқау өздерінің мына ит  тірліктеріне ыза болып, енді не істейміз деп ақылдасты.

  • Әй, эврика мен таптым! – деді Күмісқали жұлып алғандай.
  • Ал, иә…
  • Мына Қазиланың қорасынан бір қой ұрлап, “роялға” айырбастайық…
  • Онда бітеміз ғой.
  • Неге?
  • Сотталып түрмеде аштан өлмейміз бе?
  • Өй, қой, бір қой үшін үшеуімізді түрмеге тыға ма?
  • Тыққанда қандай, анада облыстық газеттен оқыдым бір қозы ұрлағаны үшін біреуді 6 айға бас бостандығынан айырыпты.
  • Өй, ол бұрын ғой, ендігі жаңа қылмыстық кодекс бойынша ұсақ ұрлыққа жаза жеңілдепті…
  • Әй, осы күні ұрлық-қарлық қылмайтын, жемейтін жан бар ма? Шегірткеден қорыққан егін екпейді. Бір қой үшін келмеске кетпеспіз.
  • Ал, ендеше іске кіріселік, — деп Төребек сөзін түйіп айтты.

 Осы бәтуаға  тоқтаған үш құрдас азаматша Нұрдаулетованың түнде мал қорасына кіріп, бір семіз қойын ұрлап сояды. Төшкесіне 1 литр роял спиртін алып, олар апта бойы лай спиртке тояды. Сөйтіп жәбірленушіге 4500 теңге зиян келтіреді.

Бұл қылымстық істі қараған Түпқараған аудандық соты 1 желтоқсан 1997 жылғы үкімімен ҚР ҚК-нің 77-бабының 2-бөлімімен үшеуін де 1 жылға бас бостандығынан  айырған. Үшеуі де сот залынан қамауға алынған. Осы соқтауылдай  жастары қырықтың қырқасынан асқан үш құрдастың істеген қылмыстық ісіне таң қалмасқа болмайды. Құдай-ау, өздері дұрыс тамағын тауып жей алмай жұмыссыз жүріп, қой ұрлап қытайдың лай спиртін ішіп, есіргендері несі? Адамға бір-ақ рет берілетін қайран өмірді қор қылып босқа өзткізу деген осы емес пе? Одан да мына келген сұрқия заманда қайтсең де еңбек етіп, тіпті, Абай айтқандай есектің құйрығын жусаң да, мал табуды неге ойламаймыз? Өле алмай жүріп  сайтан суда не әкеміздің құны қалды? Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні –  арақ ішіп азбайық, ағайын!

                                                                                                       1997 ж.

Жалған жала

Бір жерде жұмыс істейтін екі сатушы әйелдің арасы ит пен мысықтай болғалы біраз болды. Өзара өштескені сонша, бірін-бірі тірілей үйітіп, жегісікеліп жүр. Әсіресе Ағия Айболатованың байбаламы, өтірік өсегі өрттей қаулады. Кез келген сәтте әріптесі Айдабаеваға жабар жаласы әзір. Обал-сауап, ұят-мұятты қойғалы қашан.

  • Сен қу жетім кімді басынасың? – деп бастайды Айболатова.
  • Басынып не істедім? — деп бұл бажылдайды.   
  • Мені бастықтарға жамандайтын кім? Сен…
  • Өз ұрлығыңды өзгеге аударғың келеді, сен нағыз ұрысың!
  • Неңді ұрлап едім? Жалған жала жаппасайшы! Анада арзан ұнды, тұз-майды оптом көтеріп алып, дүкен арқылы қымбатқа сатқаның өтірік пе?
  • Өтірік!
  • Қой, сен бетсіз, өмірі ештеңені мойындамайсың…
  • Ондайды жасамасам не деп мойындаймын? Сенің маған жаппаған жалаң қалды ма? Жазбаған жерің бар ма? Милицияға да, Маңғыстау аудандық прокурорына да арыздандың. Олар келіп тексерді, ештеңе таппады, жалған арыз, жалған жалаңнан мені ақтады. Енді не керек саған?
  • Сенің көзіңді қайтсем де құртамын, қу жетім!
  • Сенің сүйенішің күшті, бастықтардың көңілдесісің…
  • Кімнің, кімнің?
  • Б-ның, Б-лардың…
  • Әй, Ағия, өтірік өсекті соқпасайшы, құдайдан қорықпайсың ба?
  • Құдайдан?..
  • Қайдағы өтірік? Қайдағы жала? Ана жолы Б-мен екеуің түске дейін дүкен ішінде кілтеніп не істедіңдер? Содан соң емес пе, маған жұмыс тәртібін бұзған және тұтынушыларға дөрекілік жасады деп 17 сәуір 1997 жылы бұйрықпен сөгіс берілгені. Мұны да мойындамайсың ба?
  • Ту, сөз болғаныңа!.. егер заңсыз сөгіс берілгеніне көзің жетсе, неге сотқа бермедің? Әншейінде жазғыш-ақсың ғой, өз құқығыңды қорғамайсың ба?
  • Мен жазғанмен сенің көңілдестерің күшті, қорғап қалып тұр ғой.
  • Әй, менің ұры, жезөкше екенім рас болса, сенен басқа жұрт неге айтпайды? Неге білмейді? Осы маған жалған жала жабуыңды қашан қоясың, қашан?
  • Өлсем де қоймаймын! Сенің көзіңді құртпай қоймаймын!
  • Әй, бала-шағаң бар емес пе, құдайдан қорықсайшы! Енді қоймасаң сотқа беремін, сотқа!.. жалған жалаң үшін жауапберсің әлі…
  • Бар, бар, бере бер сотыңа, соттан қорқатын кісіні тапқан екенсің,- деп Айболатова одан сайын өрши түседі.

Сонымен жыры жылға созылған бұл азаматтық дау-жанжалдың соңғы нүктесін Бейнеу аудандық соты қойды. Аудандық сот өзінің үкімімен Маңғыстау темір жол жұмысшыларын жабдықтау басқармасының сатушысы А.Айболатованы кінәлі деп танып, оған жеті мың теңге айыппұл салды. “Жалған жала жарға жығады” деген міне осы.

                                                                                                      1998 ж. 

Тауыққа бола адам бауыздағандар

Идеология билеген кеңестік қоғамнан ақша билеген капиталистік қоғамға қайтып келдік. Қазір кейбір дүниеқоңыздар үшін кісі өлтіру құмырсқа өлтірумен бірдей болды.

Өткен жылдың 21 жалтоқсанында қала маңындағы «Синтез» саяжайында болған бұл оқыс оқиға қатыгездігі мен мәнсіздігі жағынан адам жанын түршіктіреді.

Аталған саяжайдағы Фрунзе көшесі 212 үйде тұратын еңбек ардагері, құрметті теміржолшы, 70-тегі М.Барашев жарық жалғанмен бұлай қоштасам деп өмірінде ойлады дейсің бе…

Түнгі сағат 11 шамасында бұрын бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін сотталған Ж.Кемалиденов саяжайда жалғыз тұратын Барашевтың ауласына ұрланып кіріп, тауық қорадан бағасы 1000 теңге тұратын үш тауық пен бір керзі етігін қағып кетеді.

«Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады» дегеннің кері келіп, сол түні таңғы сағат төрт шамасында арақ ішкен мас күйлерінде Кемалдинов бастаған топ жетпістегі ақсақалды тағы да ашық тонау мақсатымен екінші рет келеді. Алдын-ала келісулері бойынша Кемалиденов өзі қақпа сыртында күзетте қалады. Ал Сағынғалиев, Қиынбаев және Алимағанбетов аула ішіне секіріп түседі. Сол сәтте үйден шыққан Барашевты көріп қалған Алимағанбетов жерде жатқан темір монтировканы алып, жәбірленушінің желке тұсынан екі рет дәлдеп ұрады. Сол соққыдан есінен таңған ақсақалды сол жерде үшеулеп тепкілейді. Содан соң Сағынғалиев пен Қиынбаев Барашевты өлтіру мақсатында екі қолынан мықтап ұстап тұрады да Алимағанбетов қолындағы ас пышақпен оның мойнын кесіп, қойша бауыздайды. Не деген қатыгездік еді?!

Жәбірленушінің өлгеніне көзі жеткен соң Кемалиденов: «Бұны жоқ қылып, көміп тастайық» дейді де қолына күрек алады. Барашевтың денесін саяжайдағы бақшаның түпкіріне сүйреп апарып, тереңдігі бір метрдей шұңқыр қазып, төртеулеп көмеді. Мұнымен де тынбаған төртеу пайдакүнемдік ойларын ақырына жеткізу мақсатында тауық қорадағы 27 тауықты тірілей қолдарындағы қаптарына салып алып кетеді. Сөйтіп жәбірленушіге жалпы құны 27 мың теңге залал келтіреді.

Осы іске аудармашы болып қатысқан маған кейбір қорғаушының кәсіби қызметіне өте жауапкерсіз қарайтыны қынжылтты.сондықтан бұл фактіге арнайы тоқталмақшымын.

Мәселенің мәнісі төмендегідей:

Маңғыстау облыстық сотының өндірсінде Ж.Кемалиденов, Б.Сағынғалиев, Н.Қиынбаев, Н.Алимағанбетовтың ауыр жағдайда кісі өлтіргендері және басқа да қылмыстық әрекеттері үшін айыпталған ісі бірінші сатыда қаралуы керек еді.

Басты сот талқылауы облыстық сотта 2004 жылдың 4 мамыры күні сағат 10-ға тағайындалды. Алайда сотталушы Ж.Кемалиденовке айыптау қорытындысы көшірмесін берілмеуіне байланысты істі қарау 12-мамырға қалдырылды. Келесі сот мәжілісінің өтетін мерзімі туралы сот талқылауына қатысушы тараптардың бәріне де хабарланды. Мұның ішінде «Юринформ» адвокаттық кеңсесінің адвокаты сотталушы Н.Алимағанбетовтың қорғаушысы С.Ищановқа да хабарланып, қолхаты алынды. Алайда адвокат С.Ищанов 12-мамыр күнгі сот мәжілісіне де келмеді және алдын-ала келмеу себебін айтып сотпен хабарласпады. Н.Алимағанбетовтың анасы С.Ищановты екі күннен бері жұмысынан да, үйден де таба алмағандығын, телефоны да жауап бермейтіндігін айтты. Осыған байланысты істі қарау 13-мамырға қалдырылып, С.Ищановқа сот талқылауын кейінге белгіленгенін тапсырылды. Күні бойы сот мәжілісінің хатшысы С.Ищановты жан-жақтан іздеп таба алмады, ал адвокат Ж.Көбенғалиев онымен телефон арқылы байланысқанын, оның ауырып қалғанын, ал 13-мамырда өтетін сотқа қалай да келем дегенін хабарлады. Бірақ 13-мамыр күні де С.Ищанов сот мәжілісіне келмеді. Сотталушы Н.Алимағанбетовтың анасы сол күні таңертең сағат 7-де адвокаттың үйіне өзі аяқтай барғанын, оның ауру екенін сотқа келе алмайтынын айтты. Сол себепті істі қарау үшінші рет кейінге шегеріліп, 17-мамырға тағайындалды. Бірақ С.Ищанов 17-мамыр күні де сотқа келмеді. Сотталушының анасы оған тағы да барып келгенін, оның мас екенін, оған кездескен күндерінің бәрінде де мас күйде болғанын сотқа ашық мәлімдеді.

Жоғарыда баяндалғаннан адвокат С.Ищановтың өзінің кәсіби міндетін орындауға жауапсыз қарайтыны, сотты құрметтемейтіні көрінеді. Сотталушының анасының айтуына қарағанда ол қорғаушы ретінде тиісті қаламақысын алдын ала алған. Сот мәжілісіне бірнеше рет келмеуінің себебін, өзінің ауру болғандығы жөнінде тиісті құжатты тапсырған жоқ. Соның нәтижесінде сот құрамы істі қарауды бірнеше рет кейінге қалдырылуы туралы сот мәжілісіне қатысушылардан кешірім сұрауға мәжбүр болды.

Адвокат С.Ищановтың өзінің кәсіби міндетіне өрескел немқұрайдылықпен қарауы Қазақстан Республикасының «Адвокаттық қызмет туралы» заңының 16-бабының талаптарын өрескел бұзғандық болып табылады. Осыған байланысты аталған заңның 12-бабының талабына сай облыстық адвокаттар алқасы адвокат С.Ищановтың іс-әрекетіне заң талаптарына сай принципті баға беруі тиіс деп ойлаймыз.

Енді сот талқылауына қайтып оралайын. Бұл қылмыстық іс облыстық сотта бірінші сатыда қылмыстық істер жөніндегі алқа құрамында төрағалық етуші С.Қауылтай, алқа судьялары Х.Қаженова мен Р.Қабиев, прокурор Б.Дәрменов, қорғаушылар Б.Якушев, С.Қожамұратов, С.Әтенов және Ж.Көбенғалиевтың қатысуларымен екі ай бойы жан-жақты талқыланып қаралды.

Сотталушылар Ж.Кемалиденов, Б.Сағынғалиев, Н.Қиынбаев, Н.Алимағанбетов төртеуі де жиырмадан жаңа асқан тепсе темір үзетін жас жігіттер. Төртеуі де жұмыста жоқ. Сот талқылауында бұлар өз қылмыстарын толық мойындамай, жазаларын жеңілдету үшін жанталасып бақты. Алайда, сот алқасы зерттелген материалдардың және куәлардың жауаптары негізінде оралды бұл қылмысқа толық кінәлі деп тапты.

Сот Үкімімен Ж.Кемалиденов – 16, Н.Алимағанбетов – 14, Б.Сағынғалиев – 14, Н.Қиынбаев – 14 жылға бас бостандықтарынан айырылып, жазаларын түзеу колониясының қатаң режимінде өтеуге кесті.

Жаза ауыр, бірақ әділ. Өйткені 27 тауыққа бола ардагер ақсақалды қойша бауздап, өлтіру қандай сұмдық! Бұл қылмыстық істің соңғы нүктесін Республика Жоғарғы соты қоятын болады.

                                                                                                       2004 ж.

Оспановтың өлімі

Тапсырыспен жасалған бұл қылмысты оқиға туралы республикалық, облыстық, бұқаралық ақпарат құралдары жеткілікті жазды. Сондықтан жақында облыстық сотта судья В.Н.Кимнің төрағалық етуімен қаралып, 14-қарашада үкімі жарияланған іс туралы қысқа қайырым, оқырмандарды хабардар етпекпін.

 Жеке кәсіпкер Е.Сағындықовтың 2000 жылдың қараша айының аяғында ашылған, газбен жұмыс істейтін жылжымалы автозаправка станциясы айына орта есеппен екі мың АҚШ доллары көлемінде табыс түсіріп тұрды. Ал, ол объекті өзінің әкесі директор болып істейтін ЖШС «Нефтестройдың» №3 участок аймағында орналасқан-ды. 2003 жылдың ақпан айында бірнеше ЖШС-ны бірктірген жаңа кәсіпорын құрылып, оның директорлығына Х.Оспанов тағайындалды. Міне осы мерзімде Сағындықовтар отбасының басты табыс көзі болып табылатын газ станциясының одан әрі жұмыс істеуіне қауіп төнген еді.

Е.Сағындықов ата-анасына айтпастан, жеке кәсібіне кедергі келтіретін жаңа директордың көзін құртуды ойлады. Өзіне бұрыннан таныс, бір үйде көрші тұратын, бірнеше рет сотты болған Б.Таймухамедовпен келісімге келді.

Ол алдын ала бес мың АҚШ долларын төлесе, он мың долларға Х.Оспановты өлтіруді ұйымдасыруға уәдесін берді. Ержаннан оның адресін, суретін алды. Үстіміздегі жылдың сәуір айында Б.Таймухамедов Е.Сағындықовпен телефон арқылы байланысып, «Дискай» орталығы маңында кездесіп, жеке кәсіпкерден Оспановты өлтіру үшін алдын ала бес мың АҚШ долларын алады.

Бұдан кейін Бахтияр мамыр айының басында оны өлтіруге өзінің танысы М.Ахмеровты тартады, оған үш мың доллар беруге уәде етеді. Содан соң Таймухамедов пен Ахмеров, бір неше рет Ақтау қаласы 13-шағынаудандағы №49 үйге келіп, Оспановтың үйге келіп кетуін бақылайды.

М.Ахмеров бұл іске өзінің жақсы танысы М.Гонцовскийді де тартады, оған бәрі сәтті аяқталса, 300 АҚШ долларын беруді келіседі. Ол жүргізушілік міндет атқарады. Марат үстіміздегі жылдың 15-мамыр күні Бахтиярмен кездесіп, одан қару алуға ақша сұрайды. Ол 300 доллар береді. Сол күні Ахмеров пен Гонцовский ағайынды Есеновтер арқылы Нұрмағанбетовтен 16-калибрлі аңшы мылтығы обрезін сатып алады. Келесі күні Гонцовский мен Ахмеров арнаулы дүкеннен оған 16-калибрлі 4 патрон және картечті 4 патрон сатып алып, мылтықты тексеру мақсатымен қала сыртына шығып, атып көреді. Қосымша орталық базардан пышақ та сатып алады. Бұл суық қаруларды Гонцовскийдің арендаға алған автомашинасында заңсыз сақтайды.

19-мамыр күні ертеңгілік жетіде Ахмеров пен Гонцовский топ болып, кісі өлтіру мақсатымен 13-шағынаудандағы 49-үйге келіп, Х.Оспановтың пәтерінен шығу мерзімін күтеді. Әдеттегідей, ертеңгілік 8-де қаннен қаперсіз пәтерінен шыққан ол үшінші қатардан төмен түсе бергенде өзін подъезде күтіп тұрған қанды қол қарақшыларға кездеседі. М.Гонцовский артынан келіп, Оспановтың мойнына пышақ салады. Жәбірленуші қатты қарсыласады. Сол сәтте М.Ахмеров өзінің қолындағы аңшы мылтығымен оны екі рет атады. Оспановтың қанға батып, жерге құлағанын көрген соң екеуі оқиға болған жерден қашып кетеді. Сол күні Б.Таймухамедов М.Ахмеровке Х.Оспановты өлтіргені үшін 2600 АҚШ долларын береді. Ал, 25-26 мамырда Е.Сағындықов Б.Таймухамедовпен 14 шағынаудандағы «Равиль» кафесі маңында кездесіп, оған келісім бойынша  қалған бес мың АҚШ долларын тапсырды.

Қанды қол қарақшылардан алған ауыр дене жарақытынан Х.Оспанов 27 мамырда облыстық аурухананың реанимация бөлімінде қайтыс болады.

Бұл қылмыстық іс бойынша облыстық сотта 14-қарашада үкім жарияланды. Осы үкім бойынша Е.Сағындықов – 14  жылға, Б.Таймухамедов – 17 жылға, М.Ахмеров – 18 жылға, Н.Гонцовский – 18 жылға, И.Балахонкин – 4 жыл 3 айға сотталды. Алайда, бұл қылмыстық іс бойынша үкім заңды күшіне енбегендіктен, оның соңғы нүктесін Республика Жоғарғы соты қояды. 

                                                                                                    2004 ж.

Бір телевизордың тәлкегі

Сәуірдің әдемі қоңыр кеші еді. Профессор Мырзекең бүгінгі теңіз жағасындағы сәтті демалыстан соң, күрең коньяктың қызуына балқып, креслода маужырап газет қарап отырған. Есік қоңырауы қағылды. “Бұл кім тағы? Маза бермеді-ау…” деп үй иесі орнынан ренжи көтерілді. Ішке екі адам кірді, біреуі бейтаныс.

  • Оу, Мырзеке, неге жападан жалғыз отырсыз? Жеңгей қайда? – деп ескі танысы “Агробанк” қызметкері Қайырбек сөйлей кірді.

           Бұл “визиттің” мәні төмендегідей еді. “Агробанктың” есепшісі Аллаберген орта мектеп бітіретін баласын барын берсе де қалай да Ақтау политехникалық институтына түсіруге бел буды. Бірақ құдай ұрғанда Мараттың сабағы орташа, өз күшімен түсеріне сенімі аз. Сондықтан адам іздеу керек. Мұның да сәті түсе кетті. Қызметтесі Қайырбек: “Мен проректор, профессор Мырзаш ағайды жақсы танимын”, — деген. Міне, бұл сол кездесу еді.

  • Мырзеке сізге үлкен үмітпен, қолқа сала келдік, — деді ескі таныс көтеріңкі көңілмен, — Мына кісі менің қызметтесім, сыйлас адамым еді. Биыл баласы мектеп бітіреді…

          Әңгіменің ау-жайын бірден аңғарған профессор:

  • Оу, мен Алматыға кеткелі жатырмын. Қабылдау комиссиясының мүшесінде жоқпын. Менен не көмек болады? – деп әңгімені шорт үзгісі келген.
  • О, не дегеніңіз, жыланды үш кессе де кесірткедей кауқары бар деген емес пе, сіз профессор, проректор адамсыз, сіздің бір қолқаңызды кім жерге тастайды? Оның үстіне мына Аллаберген баласы үшін бар дүние мүлкін беруге бар… – деп бір сырдың ұшығын нық шығарды, – Тек не керегін қысылмай айтыңыз.

          Мынау Мырзекең үшін тосын да болса, жақсы хабар болды. Үйде телевизордың сынып тұрғаны есіне сап етті.

  • Бала қай факультетке түскісі келеді? Білім деңгейі қандай? – деп сұрады.
  • Экономист болғысы келеді.
  • Оған мүмкіндік жоқ, онда конкурс өте көп. Құрылыс факультетіне түсіруге көмектесейін.
  • Жақсы, болады. Ал, шартыңыз қалай?
  • Қандай шарт?
  • Жоқ, Мырзеке, бізден қандай көмек керек сізге, қысылмай айтыңыз, біз өзіміз ғой. Ешқандай сыр далаға шықпайды.
  • Ендеше бір жақсы, шет елдік телевизор таба аласыңдар ма?
  • Болады, — деп олар осыған қолма-қол келісіп, қол алысты.

Енді қымбатты оқырмандар сіздерді Аллабергеннің құқық қорғау органына жазған түсініктемесімен таныстырайын.

“Мені қызметтесім Қайырбек арқылы баламды оқуға түсіруге сәуір айы ішінде, Ақтау политехникалық институтының проректорымен таныстырды. Келісім бойынша мен емтихан басталғанға дейін оған Оңтүстік Кореядан шыққан түрлі-түсті “Айва” маркалы телевизорын алып беретін болдым. Біз осыған келістік. Өз қаражатым тапшы болғандықтан, кісілерден қарыз алуға мәжбүр болдым. Оның үстіне Шетпе “Агробанкісінен” 8 мың теңге қарызға несие алдым.

Профессор маусым айында үш рет менің жұмыс орныма келіп, уәде бойынша телевизорын сұрады. Соңғы келген күні 28-маусым 1994 жылы өзі “Жигули” машинасымен келіп, телевизорды алып кетті. Мырзаш ағай телевизорды алып тұрып: “Балаң оқуға түсті деп есепте” деді. Алайда балам оқуға түсе алған жоқ. Сондықтан біз сыйлықа берген телевизорымызды қайтаруын сұрап, оның үйіне бірнеше рет бардық. Беремінмен әлі созып келеді. Сіздер осы сергелдеңге түскен жағдайымды хабарлай отырып, затымды өндіріп беруді сұраймын.”

Міне осы түсініктеме арыздан кейін прокуратура профессор М.Ж.-ның үстінен қылмыстық іс көтеріп, ол 1994 жылдың 7-қыркүйегінде қамауға алынды.

Жақында қылмыстық істер жөніндегі облыстық сот алқасы, облыстық сот төрағасы Қуанышбай Мәмбетовтың төрағалық етуімен сотталушы М.Ж.-ға байланысты қылмыстық істі қарады. Сот тексеруі барысында оның қылмыстық ісі толық дәлелденіп, аяқ асты оңай олжа тапқысы келген проректор, профессор азамат алаяқтық қылмыстық әрекет үшін үш жыл алты айға бас бостандығынан айырылды.

Міне, бір телевизордың тәлкегі осылай аяқталды.

                                                                                                      1994 ж.

Тоғыз рет түрмеге түскен

Таушықтық жігіт туралы

 “Адам үш күннен кейін көрге де үйренеді” деген сөзге сенбей жүрсем, қателесіппін. Оған мына бір қылмыстық істі оқығанда көзім анық жетті.

Манас (қайран әке ұлына қандай ғажап ат қойған десеңізші!) тұңғыш рет түрмеге он жеті жасында түсіпті. Не істегені белгісіздеу, сірә, ұсақ ұрлық жасаған сияқты. Сол сол-ақ екен Манастың түрме тірлігіне еті үйреніп кеткені сонша, туған апасының үйі сияқты бармаса тұра алмайтын болды.

“Сонда бұл кім өзі?” деп оқырман аң-таң болып отырған шығар, айтайын. Қылмыскер Манас бұдан аттай қырық сегіз жыл бұрын Маңғыстау ауданы Таушық кентінде дүниеге келіпті. Орта білімді, үйленбеген, жұмыс жасамайды. Іс материалынан көрініп тұрғандай, оның негізгі “мамандығы” – ұры, ұрлық істеу болса керек. Егер алда жылда нағыз кәсіби ұрыны құрметтеу керек болса, ол оған тұрады. Қараңызшы: 1964, 1968, 1970, 1973, 1976, 1979, 1981, 1984 және 1990 жылы барлығы 9 рет түрмеге түсіп отыр. Ерекше қауіпті рецидивист деп танылды. Соңғы, тоғызыншы рет түрмеге өзінің жиырма жылдан бергі құдайы көршісі Сембаевтің қорадағы қойын ұрлап түсті. “Қасқыр да қас қылмайды жолдасына” деуші еді, көршісінің қойын ұрлап жеген Манас қасқырдан да асып түскені ме? Естімеген елде  көп деген осы-ау…

Сонымен бұл кәсіби қылмыскер Маңғыстау аудандық халық сотының 1995 жылғы қаңтардың 12-күнгі үкіммен тағы да алты жылды арқалап, туған үйіндей болып кеткен түрмесіне кетті.

                                                                                                       1995 ж.

“Бетіңнен бір сүйгіз, әйтпесең…”

Бейнеу кенті. Көктемнің көгілдір мақпал күні. Сағат күндізгі 11 шамасында Сырдың суы сирағынан келмей, теңселе басып, көшеде ән салып келе жатқан Орал Сонарбаевқа жол бойынан  екі бейтаныс бойжеткен қарсы кездесе кетті. Көктен тілегені жерден кездескендей, мас жігіт қыздарға сөйлей ұмтылды:

  • Беттеріңнен бір сүйгізіңдер, өйтпесеңдер, көкелеріңді танытамын!
  • Құрысын, қашайық! Мынаның сөзі түйеден түскендей екен, — деді қыздардың бірі.
  • Қой, бізде не жұмысы бар? Өзі өле мас қой, сүрініп құлағалы жүр. Қорықпай-ақ қой, — деді қыздардың екіншісі.
  • Сонда да қашайықшы… – деп Әлібекова құрбысы Көбенғалиеваны қолынан сүйрей жөнелді.
  • Қыздар, қашпаңдар, бәрібір құтқармаймын! Қуып жетіп сүйемін,- деп Сонарбаев олардың соңынан қисалаңдап қуа жөнелді.

Аяқ астында мастығынан да айығып кеткендей, желдей есіп жетіп барды да қыздардың бірін ұстап алып, күштеп сүймек болды. Бейтаныс бойжеткендер мына жігіттің анайы қылығына қарсылық көрсетіп, бетін қайтара қатты сөздер айтып тастады. Сонда да ерегесіп, еліріп кеткен Сонарбаев аузынан анайы судай ағыза жүріп, аяқ қолдарын да іске қосты. Екі қызды да қосақтап қойып, көк ала қойдай етіп сабап, жеңіл дене жарақаттарын салды.

Бұл қылмыстық оқиға биылғы жылдың наурыз айының 21-жұлдызында Бейнеу кентіңде болған еді. Оқиғаның басты кейіпкері 1959 жылы туған, орта білімі бар, үйленген “Берекет” шағын кәсіпорнында жүк тиеуші болып істейтін Орал сотта берген жауабында былай дейді: “Мен болған оқиғаны мойныма аламын, бірақ іс-әрекетіме есеп бере алмайтындай өте мас едім, әйтпесе танымайтын қыздарға жамандық жасайын, ұрып-соғайын деген ниетім болған жоқ, бәрі де мастықтың кесірі. Қыздардан кешірім сұрадым, бәріне кінәлі сайтан су!..” деп сотталушы ағынан ақтарылды. 

Бейнеу аудандық соты оны кінәлі деп тауып, екі жылға бас бостандығынан айырды.

Тоқ тірліктің қадірін білмей, арақ ішіп торға түскен бұл жас жігіттің түрмеде кімнің бетінен сүйерін бір құдай біледі. Бірақ ондағы сүйісу бейбіт тірліктен басқаша болатын шығар.

                                                                                                       1995 ж.

Жұдырықпен жатқызды

Бейнеу. Қоңыр күз. Өткен жылғы қыркүйек айының жиырмасыншы жұлздызы еді. №204 Ақтобе-Маңғыстау поезді жүргелі тұрған. Вагондарды аралап, қоғамдық тәртіпті қадағалап жүрген милиция қызметкері Өтеев №6 вагонға кіргенде, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, удай мас есіріп отырған Мақсұт Қалабаевқа кездесті.

  • Азамат күйіңіз келмей тұр ғой, қайсы құжатыңызды көрсетіңізші.
  • Жоқ…
  • Жоғың қалай, кімсіз?
  • Кісімін, көріп тұрған жоқсың ба? Үлкен кісімін…
  • Дауыс көтермей, дұрыстап сөйлесіңіз, мен сізге құда түсуге келгенім жоқ. Қоғамдық орында неге массыз?
  • Онда шаруаң қанша? Ішкім келді – іштім. Ал не істейсің маған?
  • Сіз вагонда қоғамдық орында отырсыз. Кәні жүріңіз менімен.
  • Қайда? – деп Қалабаев тілі күрмеле қолайсыздау қозғалды.
  • Тірек пунктіне, сіздің кім екеніңізді тексереміз.
  • Мә саған тексеру! – деп Қалабаев милиционер жігітті аңдаусызда құлақ-шекеден жұдырықпен жатқызды.

 Ол аз болғандай жағаласып жүріп, бір пагонын да жұлып алды. Жеңіл дене жарақатын салды. Осы сәтте көмекке басқа милиционер жігіттер келіп, қоғамдық орында құқық қорғау қызметкеріне қылмыстық әрекетке барғаны үшін М.Қалабаевты темір жол вокзалының тірек пунктіне күштеп әкетті.

Бұл қылмыстық іс Бейнеу аудандық сотында үстіміздегі жылдың 18-ақпанында қаралып, 1972 жылы туған отбасылы, жұмыста жоқ, бұрын сотталмаған М.Қалабаев Қылмыстық кодекстің 321-бабының 1-бөлімімен кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Сөйтіп есінен танғанша ішіп, милицияға күш көрсетіп, жұдырық жұмсаймын деп жүргенде түрмеге түсіп тынды. Ал бұл қылмыстық хикаядан қандай қорытынды шығарсақ болады?

Ау, ағайын, отбасыңды асырай алмай отырып, арақ ішу не теңің? Арақта атамыздың құны қалған жоқ еді ғой? Сайтанның суын ішіп, еліреп есірегенше, ерінбей еңбек етіп, ел қатарлы қоңыр тірлік кешпейміз бе?

                                                                                                       1998 ж.

Түнгі төбелес

Ертеңгілік далаға түйе айдауға шыққан жас келіншек үйден таяқ тастам жердегі шалшық судың қасында шалқасынан тыр жалаңаш жатқан еңгезердей еркекті көріп, қорыққанынан шыңғырып жіберді. Өң-түссіз үйге келген ол:

  • Ата, анда адам өліп жатыр!.. – деуге ғана әлі келді.
  • Не дейді!? О, Құдай көрсетпегенің көп екен ғой!..

Ит жылғы қыркүйек айының алтыншы жұлдызы еді. Ескі Жетібай кентіндегі екінші қазақ ауылының тұрғындары таңғы тәтті ұйқы құшағында алаңсыз жатты. Түнгі салқын самалмен кеуде кере тыныстап, сүйген қызын құшағына қысып, махаббат буына балқып, қаннен қаперсіз келе жатқан Ашырбай мен Ғалия (аттары өзгертілді) табан асты тірліктерінің төңкеріліп түсерін білген жоқ. Мектеп жаққа бұрылғандары сол еді, айқайлай сөйлесіп тұрған бір топ жігіттерді көрді. Қыз бір қауіпті сезгендей:

  • Аналардан аулақ кетейік, тиісіп жүрер, — деді.

Бұрын теңіз флотында әскери міндетін өтеген, спортсмен, ішмдік атаулыны аузына да алмайтын, жиырма жетідегі алпамсадай жігіт қыз сөзіне намыстанды ма:

  • Қой, бізге неге тиіседі? Күндегі жүріп жүрген жолымыз ғой… – деп сүйгенінің тілегін тыңдамады.

Бұлар қастарынан өте бергенде, бір ұзын қара қисалаңдай басып келді де:

  • Кімсіңдер? Түн баласында біздің қазақ ауылда неге талтаңдап жүрсіңдер? Мынау қасыңдағы кім? Қызың ба, қатының ба, өзің бері жүрші, — деп әй-шәй жоқ Ашырбайға тиісе жөнелді…

         Бұдан әрі сөзді жәбірленуші қыздың өзіне берелік. Сотта берген жауабында ол былай дейді:

       “Мен Ашырбайды төрт жылдан бері білемін, құрдаспыз, үйленгелі жүргенбіз. Ол маған жиі келіп тұрды. Арақ-шарапты аузына да алмайтын еді. Сол бесінші қыркүйек күні де маған түнгі он бірде келді. Екеуіміз көше жаққа қыдырып, үйге таңғы төрт шамасында қайтып келе жаттық. Сол сәтте мектеп қасындағы №2 үйдің маңынан ер адамдардың даурығып сөйлеген дауысы естілді. Біз су ішіп алайық деп мектепке қарай жүріп едік. Бір ұзын бойлы қара жігіт, өзі мас, кейін білдім бұл Жапаров екен, бізге жетіп келіп, тиісті. Бірі келіп мені қолымнан қысып ұстап: “Жігіттер өзі сөйлеседі” деді. Байқағаным бірінші жігіт өте мас, екіншісі тек қызулау көрінді. Ұзын қара Ашырбайды қолынан сүйреп, үйдің артына қарай алып кетті. Артынан екі жігіт еріп жүрді. Сәлден соң олардың дауыстары қатты шығып, төбелескендей болды. Түн өте қараңғы еді. Бір мезгілде ұзын қара маған қайтып келіп: “Айқайлама, үніңді шығарсаң бауыздаймын!” деп байқаусыз тұрған мені иегімнің астынан тезесімен теуіп қалды, сол кезде босанып кетіп қаштым. Ол жігіттер бұрын көрмеген адамдарым, зорлауға әрекет жасаған жоқ, қашқанда соңымнан қуған жоқ.”

Енді осы түнгі төбелестің басты кейіпкерлерінің бірі Қоспанның тергеуде берген жауабын оқылық:

“Мен осы Жетібай кентінде туып-өстім, 1973 жылы дүниеге келгенмін. №3 қазақ орта мектебінің сегізінші класын бітірген  соң, Ақтау қаласындағы кәсіптік-техникалық училищеде оқыдым. Отбасында он адамбыз. 1994 жылдың тамыз айында әскери міндетімді өтеп, ауылға келдім. Келгеніме екі аптадай уақыт болған еді. Cерік, Мақсот, Рахат, Қоныс деген жігіттер достарым. 1994 жылдың 5-қыркүйек күні бәріміз “Асарда” тұратын жолдас жігітіміз Қоныстың үйінде қонақтықта болдық. Өзіміз онда кеш, түнгі он екіден өте барғанбыз. Үй иесі бір литрлік шөлмектегі “Рояль” спиртін шығарды. Соны су араластырып, бесеуіміз ішіп алдық. Серік машина айдайтын болған соң, екі рюмка ғана ішті, ал басқа төртеуіміз мас болып қалдық. Содан түнгі үш шамасында Жетібайға келдік, төбелес болғанын білемін, бірақ оны кім бастағанын білмеймін, өйткені өзім де мас едім. Көргенім таяқ жеген жігіттің қолында бір-біріне байланған нун-чаки болды. Біз біраз төбелескен соң, Серік пен Рахат машинаға мініп кетіп қалды. Біз Мақсот екеуіміз сол төбелес болған жерде қалып ана жігітпен тағы төбелестік. Екеулеп жерге жығып, тұрмастай етіп теуіп тастадық. Ол жігіттің кім екенін танымаймын. Оны не үшін ұрып-соққанымды да білмеймін. Бәрі мастықтан!.. Жасаған қылмысымды мойындаймын.”

Бұл жауаптың негізінен дұрыстығын осы түнгі төбелестің екінші бір басты кейіпкері Мақсот та тергеуде де, сотта да берген жауабында растады.

“Мен Қоспанды 1986 жылдан бері танимын. Доспыз. Өзім осы Жетібайда туып-өстім, жасым жиырмада, отбасында сегіз баламыз. 1992-1993 жылдары әскер қатарында болдым. Ауылға қазан айында келдім, содан бері жұмыста жоқпын. Қоныстың үйінде қонақта болдық. Кейін Жетібайға қайтып келдік. Серік машинасымен қазақ ауылдағы үйіне кетті. Қоспан екеуіміз темекі іздеп жүргенімізде, мектеп жақтан қыз бен жігіт келе жатты. Ол темекі тартып келе жатқан соң, алдынан шықтық. Қоспан темекі сұрады. Сол сәтте екеуінің дауысы қатты шығып, төбелесіп кетті де, мен дереу көмекке бардым. Екеулеп оқсатып ұрып тастадық, ол қашып еді, біз қуып жүріп ұрдық. Жігіт жығылған жерден тұра алмай қалды. өлейі деп жатқанын білген соң, біз қорқып кетіп оны бір жерге апарып, жуындырмақ болдық. Екеулеп көтеріп, бір шалшық судың қасына жеткенімізде, алдымыздан үш-төрт жігіт шығып, біз қорыққанымыздан мына жігітті сол жерге шалқасынан тастай сала, қашып кеттік. Мен де өлген жігітті танымаймын. Жасаған қылмысымды мойындаймын, бәрі де мастықтың кесірінен болды.”

Енді үстіміздегі жылдың 24-наурызында Жетібай кентінде өткізілген облыстық соттың ашық мәжілісінде мемлекеттік айыптаушы Қарақия аудандық прокурорының сөзіне назар аударалық:

“Міне үш күннен бері Жетібай кентінде төрт жігіттің қылмыстық ісін қарап отырмыз. Жастары жиырманың о жақ бұ жағындағы бұл азаматтар әскери міндеттерін өтеген, біреуінің баласы, отбасы бар, ал осылар не үшін сотталушылар орындығында отыр? Халқымызда “Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді” деген аталы сөз бар, жоқшылықтан, жағдайы жетпегендіктен отбасын асырау үшін ақша жеткізе алмай қылмыс жасаса түсінуге болар еді, ал бұлар тоқшылықты көтере алмай, тойып секіріп, қылмыс жасаған, әйтпесе арақ ішіп, мас болдық екен деп өздеріне кездескен жазықсыз жанды осынша қатыгездікпен өлтірілуін қалай түсінуге болады? Жәбірленушіні жан түршігерліктей етіп азаптаған, сегіз қабырғасын сындырағн, миы ойылған. Тіпті бір сұмдығы адам өлейін деп қиналып жатқанда бұлар қасында қаннен қаперсіз демалып, темекі шегіп отырған. Тек қана адамдық ар-сезімнен ада, ұяттан безген қаныпезер жандар ғана осындай қылмысқа баруы мүмкін. Егемен ел болдық деп жатқанда, тепсе темір үзетін қазақ жігіттерінің арақ ішіп есінен айырылып, мұндай қан құйлы қылмыс жасауы бізді қатты ойландыруы тиіс. Бұл ұрпағымыздың бір бөлігінің азып-тозып бара жатқанын көрсетеді.”

Облыстық соттың үкімімен сотталушылар әрқайсысы он жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айырылды. Бұл қылмыстық істі касациялық шағыммен қараған Жоғарғы Соттың ұйғарунда  былай делінген:

“Сотталғандар Ғылманов пен Тұяқовтың әрекеттері қылмыстық кодекстің 200-бабының бір бөлігімен дұрыс дәрежеленген, бірақ бірінші сот сатысы  оларға жаза тағайындағанда жауаптылықтарын жеңілдететін мән-жайларды жете ескермеген. Сот мәжілісінде анықталғандай олардың әрекеттерінен жәбірленуші Қожаевқа ешқандай дене жарақаты түсірілмеген. Сондықтан Жоғарғы Сот алқасы Ғылманов пен Тұяқовтың жастығын, бұрын соттылмағандығын, жағымды мінездемелерін ескеріп, оларға қылмысқа кодекстің 41-1 бабын қолданып, үкімнің орындалуын кейінге қалдыруға болады деп санайды.”

Міне соңғы мезгілде көп таралған, топтасып арақ ішіп, кісі өлтіруге байланысты бір қылмыстық іс туралы барынша толық баяндадық. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні қандай? Тәуелсіз ел болдық, бақытымыз енді ашылады деп жатқанда, тепсе темір үзетін жастарымыздың бір бөлігі, арақ ішіп азып, қылмыс жасап, түрмеге түсіп тозып барады. Жүрегің сыздап, жаның ауыратын жағдай. Мұның арты не болады? Ойлансақ қайтеді, жас бауырларым, ойлансақ!..

                                                                                                      1995 ж.

Жезөкше мен жеңгетай

Осы екеуінің табиғатын зерттеушілер өмірге қайсысының бұрын келгенін әлі анықтай алмай жүр. Орыстар жезөкшелікті “самая древнейшая профессия” деп бағаласа, қазақтар: “Қалмады баста бөрік, белде белбеу, жеңгесін қызды ауылдың сыйлай-сыйлай” деп жеңгетайлықты әу бастан әнге қосқан. Тарихына тереңдемей-ақ бергі жағынан баға беретін болсақ, солардың кейбір пенделер үшін пайдасы да бар секілді. Ауыздықпен алысып, жан қоярға жер таппай жүрген кейбір сабаздарды арнасына қайтарып жатса, екіншісі қызға қырындауды қияметтің қыл көпірі көретін маубастардың сауабына қалып жатады.

Екінші жағынан жеңгетайлық пен жезөкшелік тегін жасалмайды. Тәнін сатып, табыс табу қаншалықты жиіркенішті болса, жеңгетайлық жасау арқылы алақанын алтындайтын қуларды қайырымдылық қорымен қатар қоюға болмайды. Қазіргі қолданылып жүрген қылмыстық кодекстің 215-1 бабына сәйкес жеңгетайлықты пайды табу мақсатында жасаған адам бес жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Тек түсініксізі осы кодексте ең ескі кәсіптің иелері жезөкшелер ұмыт қалған. Сондықтан әзірге қақпанға түсіп жүргені жеңгетайлар.

Ақтау қалалық сотында қаралған жезөкше мен жеңгетайға байланысты екі іс туралы оқырманға хабарлағым келеді.

Біріншісінің бас кейіпкері Зоя Сергеева (аты-жөні өзгертілген) ақшаға мұқтаждықтан арыла алмай қойыпты. Өзі тұрмысқа шықпаған, жұмыста жоқ жиырма бестегі қызға табыс табудың жеңгетайлықтан өзге жолы болмағандай. Ол бұл жұмысты қазіргі жабайы капитализмнің сұранысына сай өте шебер ұйымдастырыпты. Зоя көшеге шығып, көзге түспей-ақ үйінде отырып, ауыздығымен алысқан қалталы жігіттердің тапсырмаларын телефонмен қабылдайды екен де: “Қайтадан хабарласыңыз, орындаушыларды іздеп көрейін” деп сыпайы сөйлеседі екен. Сонан соң сыр мінез қыздар өзара кеңесіп, қашан, қай жерде кездесетіндерін, еңбектеріне қанша алатындарын және кассирлікті кім атқаратынына келіседі. Сосын телефон екінші рет соғылғанда өтініш иелеріне келісім талаптарын айтады. Сөйтіп іздегенге сұраған, апама жездем сай дегендей, қасқыр да, қой да аман болып шыға келеді.

Өткен жылдың маусым айының жетісі күні екі жігітке Анжела мен Женя (аттары өзгертілді) атты жезөкшелерді кездестіреді де, олардан алған бір мың теңгенің үш жүзін өзінде қалдырып, басқасын бөліп береді. Келесі күні тағы да екі адам телефон шалып, бір түндік қызық үшін жас қыз табуды тапсырады. Жеңгетай оған да қуана келіседі де, екі жас қызды бір түнге жалға беріп, әрқайсысы үшін елу доллардан алады. Бірақ бұл жолы ол құрулы қақпанға кездеседі де, долларымен қоса милицияның қолына түседі. Сөйтіп жеңгетайлық жұмысты жылдан аса жасаған Зоя Сергеева екі жылға бас бостандығынан айырылып, түрмеге кетті.

Зояны жеңгетайлыққа апарған қыздың қызылға қызығушылығы болса, ал елудегі Антонина Андреевнаны жеңгетайлық жолға түсірген жоқшылық…

Тергеуге берген түсінігінде былай деді:

“Өзім жұмыссыз отырмын. Үлкен балам да жұмыссыз, оқитын баламның асыраушысынан айырылғаны үшін алатын жартусыз жәрдемақысына қарап қалдық. Кейде нан алуға да ақша таба алмаймыз. Сондықтан төрт бөлмелі пәтерімнің бір үлкен бөлмесін қалталы жігіттер мен қыз-келіншектерге жалға бергенім рас. Аштан өлем бе енді?” деп ол тергеушіге қарсы сауал қойыпты. Шынында қазіргі қиюы қашқан тірлік, жаппай жұмыссыздық, біреуді ұрлық-қарлыққа, екіншісін қарақшылыққа, үй-кісі тонауға итермелесе, жасы егде тартып, күйеуі өлген, елуге келген әйел мынадай жағдайға душар болыпты. Бірақ ол Зоя сияқты телефонмен жұмыс істемейді, мұның қызмет көрсету стилі бөлек. Үйіне қызық қуған кісілер келе қалса, көрші келіншектерге жүгіреді екен, түскен табысын қақ бөліседі. Дегенмен Антонинаның жеңгетайлығында жан жабырқатар бір жай бар, ол қажет кезінде көрші келіншектерді ғана шақырып қоймай, өзінің үлкен ұлы мен некелеспей тұрып жатқан жас келіні Иринаны да келгендерге жалға береді. Қылмыстық істегі түсініктемелерге қарағанда бұл бір рет болған оқиға емес. Талай рет қайталанған көрініс. Келіні баламен тұрып жатыр-ау енесі еш ұялмайды. Екеуінің ойында да бір ғана мақсат – қалай да ақша табу. О, қарғыс атқан кер заман, әлі талай сұмдықтарды көрсетерсің-ау!..

Ақтау қалалық соты бұл елудегі жеңгетайды да кінәлі деп танып, оған бір жылға түрмеге “жолдама” берді.

Осы арада көңілге қаяу түсіретіні, жеңгетайлықты тегін табыс табудың көзіне айналдырған пенделер лайқты жазасын алды. Ал олар бас бостандығынан айырылып, сотталып жатқанда, жезөкшелік жасағандар неге жазадан тыс қалады? Сөйтсек қазіргі қолданылып жүрген қылмыстық кодексте жезөкшелерді айыпқа тартатын бап жоқ көрінеді. Ал керек болса, меніңше, табыс ортақ екен, жаза да ортақ болу керек қой. Әне әділеттілік сонда орнайды.

                                                                                                       1997 ж.

Құздан құлаған қыз

Бұл жолы сот орындығында 1978 жылы туған, ақтаулық, аршыған жұмыртқадай аппақ, ақ костюм-шалбар киген жанары суық қазақтың жас қызы отыр. Оны ә дегенде қылмыскер дегенге сенгің келмейді. Алайда он алты жасында жеңіл жүрістен тапқан үш жасар қызынан құтылып, жаңа өмір бастау үшін аса ауыр қылмысқа барған.

Тек болған оқиғаны  қысқа қайырсақ Асанова үстіміздегі жылдың қантардың тоғызында күндізгі сағат төрт шамасында үш жасар қызымен көшеге шығып, көлік ұстап, 15- шағын аудандағы 52-үйге қарсы теңіздің тық құлама құзынан, алты метрдей биіктіктен, өз қызын өзі итеріп жіберіп құлатқан.

Арада бір сағаттай уақыт өткенде теңіз жағасында аққуларға жем беріп жүрген Ш.Жәркемов, Р.Ерходжаев, С.Крижановскийлер құз жартастың астында жатқан кішкентай қызды көреді. Үстінде шолақ ақ тоны бар, сөйлеуге әлі келмей, өлген адамдай сұлық жатады. Содан балалар оны бірлесірп көтеріп, 52-үйдің қасындағы киоскінің сатушысына көрсетіп, телефон арқылы тез “Жедел жәрдем” шақыруды сұрайды. Бір ғажабы, құлама құздан құлап, аса ауыр жарақат алған сәби қыз тек осы адал сүт емген балалардың мейірім-шапағаты және дәрігерлердің жан қиярлық еңбегі арқасында тірі қалды. Әйтпесе туған анасының адам айтса сенгісіз қатыгездігінен оның ғұмыры үзілген гүлдей солғалы тұр еді. Оқушылардың осы адамгершілік іс-әрекеті қалай мақтауға да тұрады. Сондықтан облыстық соттың бұл қылмыстық істі жүргізегн судьялары бұл мәселеге байланысты жеке ұйғару шығарды. Онда сот алқасы Ақтау қаласы әкімшілігінің жанындағы білім беру бөліміне үш жасар сәби қыздың өмірін құтқарып қалудағы үлгілі іс-әрекет үшін Ақтау қаласындағы №17 орта мектептің 8 “Г” сыныбының оқушысы Ш.Жәркемовты, №22 орта мектептің 7-сынып оқушысы Р.Ерходжаевты және №17 орта мектептің 4 “А” сыныбының оқушысы С.Крижановскийге алғыс айтып, оларды марапаттауға лайық екені айтылған.

Қазіргідей жаппай қатыгездік жайлаған, адамдардың бір-біріне деген ықылас-мейірімі азайған қоғамда жоғарыда аты аталған жасөспірімдердің үлкен адамгерішілік іс-әрекеті кішіге де, үлкенге де үлгі етуге тұрады.

                                                                                                      1997 ж.