janaozen ozen Жаңаөзен

Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың сәрсенбілік жұмыс күні Жаңаөзенде басталды. Үнемі «Жаңаөзен – менің жіті назарымда» дейтін Ералы Тоғжанов мұнайлы қалаға кезекті жұмыс сапарында «Бейбітшілік» тұрғын үй кешенінің құрылысымен танысып, «Бизнес 3 күнде» жобасының қатысушыларымен кездесті. Қала тұрғыны Бауыржан Сейтовті арнайы барып құттықтап, Рахат ауылы тұрғындарымен жиын өткізді. Тарқатып айтсақ…

Қоныс тойдың ауылы алыс емес

Жаңаөзенде қаншама жылдардан бері көпқабатты үйлер салынбағаны белгілі. Соның себебінен үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік аз қорғалған тобын, бюджет қызметкерлерін, апатты үй иелерін жаңа пәтермен қамту мәселесі қордаланып қалған болатын. Осы түйінді шешу мақсатында 2018 жылдың мамыр айында көпқабатты «Бейбітшілік» тұрғын үй кешенінің құрылыс жұмыстары басталған болатын. Облыс әкімі сапарын осы кешенді аралаудан бастады.

janaozen ЖаңаөзенҚарқынды жүріп жатқан құрылыс жұмыстары толығымен 2022 жылдың желтоқсанында аяқталуы тиіс. Бірақ оған дейін дайын болған үйлер кезең-кезеңімен пайдалануға беріле бермек. Мердігерлердің айтуынша, шілде айының 15-де алғашқы екі үйдің, қыркүйек айында екі, барлығы төрт үйдің құрылысы бітіп, қолданысқа беріледі. Яғни 216 пәтер қоныстануға дайын болады деген сөз. 1 бөлмелі пәтердің ауқымы 46 шаршы метр, 2 бөлмелі пәтер 70 шаршы метр болмақ. Барлығы 23 үй 1376 пәтер 75190 шаршы метрді құрайтын кешеннің 18798 шаршы метрі апатты үй иелеріне бөлінген.

Маңғыстау облысының әкімі Жаңаөзенге жұмыс сапарымен бардыНысанды аралап көргеннен кейін Ералы Тоғжанов мердігерлерге құрылыс жұмысын барынша жеделдету бойынша жаңа ұсыныстар дайындауды тапсырды.

Ұлық болсаң, кішік бол

Шариғатымызда шақырған жерге бару – мұсылманның жақсы амалы саналады. Қасиетті Рамазан айында облыс әкімі қала тұрғыны Бауыржан Сейтовтің шаңырағында болып, сәбиінің дүниеге келуімен арнайы құттықтады. Университеттегі оқуын жалғастыруға көмек сұрай барғанда, Бауыржан облыс әкімін қонаққа шақырған екен.

janaozen Жаңаөзен«Қабылдауға келгенде Бауыржан маған үйге келіңіз, дәм татыңыз деп шақырған болатын. Соның бүгін сәті түсіп отыр. Кішкентайдың бауы берік болсын, абыройлы азамат болсын», — деп Ералы Лұқпанұлы құттықтауын жеткізді.

Бауыржан 1-топ мүгедегі. 2006 жылы мектеп бітіріп, Ш.Есенов атындағы қазіргі Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетіне оқуға түседі. Үш курс білім алғаннан кейін кенеттен аяғы ауырып, дәрігерге қаралады.

«Дәрігерлердің білместігінің кесірінен төсек тартып 9 жыл жаттым. Анамның ем іздеп, апармаған жері жоқ. Соның арқасында 2018 жылдан бастап балдақпен жүре бастадым. Сол жылы шаңырақ көтеріп, жұмысқа орналастым. Шүкір, ақырындап бәрі реттеліп келе жатыр. Ендігі кезекте үй мәселесін шешуде қол ұшын берсеңіз», — деп Б.Сейтов әкімге өтінішін айтты.

«Өмірге ұмтылған, сенген адамға Алла Тағала береді. Ол үшін адамға жігер, қайрат пен махаббат керек. Сіздің аналық махаббатыңыздың арқасында ұлыңыз аяққа тұрды. Сол үшін сізге мың да бір алғыс. Ал, жаңағы айтылған мәселелердің барлығы бұйырса шешіледі», — деп Ералы Тоғжанов Бауыржанға қолдау білдірді.

Еңбекпен тапқан нан тәтті

Бауыржанның шаңырағынан шыққан облыс әкімі ат басын Рахат ауылына бұрды. Алдымен «Бизнес 3 күнде» әлеуметтік жобасына қатысушы Наурызбек Алдабергеновтің «Райымбек» жылыжайымен танысты. Жобаның арқасында кәсіпкер атанып жатқан жылыжай иесі «Ниет болса, екі қолға бір күрек табылады, ендігі жерде тынбай еңбектену керек» деді.

«ЖаннұрЖан» тігін шеберханасының иесі Зухра Елубаеваның да аталмыш жобаға айтар алғысы шексіз. Бүгінде көп балалы ана қыз-келіншектерге, балаларға, киім-кешек, төсек-орын жабдықтарын, құрақ көрпелер тігіп, сатады.

janaozen Жаңаөзен

— «Бизнес 3 күнде» жобасының ұйымдастырушыларына, облыс, қала, Рахат ауылының әкімдеріне, қолдау білдірген барша кәсіпкерлерге алғысымды айтамын. Заманауи тігін машиналарын, үтік, тіпті шикізатқа дейін алып берді. Былайша айтқанда, балық сұрай барған маған қармақ берді. Еңбекпен тапқан нан тәтті. Адам өзінің сүйген ісімен айналысса, оған табыс міндетті түрде келеді. Осыны ұқтырған жандарға рахмет, — деген Зухра облыс әкіміне өзінің тіккен өнімдерін көрсетті.

Жолдар салынып, жұмыс орындары ашылмақ

Жоба қатысушыларының жұмыс барысымен танысқан аймақ басшысы келесі кезекте Рахат ауылының әкімдігінде ауыл тұрғындарымен, қала активімен кездесті. Жиында Жаңаөзен қаласының әкімі Әділбек Дауылбаев қала бойынша атқарылып жатқан ағымдағы жұмыстар, алдағы жоспар, бюджеттің орындалысы жайында баяндама жасады.

— Нақты іс-шаралардың арқасында 3 айдың ішінде 2340 жаңа жұмыс орны ашылды. 5264 жаңа жұмыс орны жылдың аяғына дейін ашылуы тиіс. Көп балалалы аналарды қолдау мақсатында да барлық шаралар жоспарға сай орындалып жатыр, — деген қала әкімі халықты тұрғын үймен қамту, инфрақұрылым, жол мәселесі туралы да айтты.

janaozen Жаңаөзен

Өз сөзін жиналғандарды қасиетті Рамазан айымен құттықтаудан бастаған облыс әкімі алдымен Жаңаөзен қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа кешенді жоспарына тоқталды. Жоспарға сәйкес, «Өзенмұнайгаз» АҚ қаржыландырылатын мазутталған топырақты биологиялық тазарту жобасы бойынша жұмыстар басталатынын, оны жүзеге асыру үшін «ТазаСу» ЖШС құрылып, жаңаөзендік 54 тұрғын жұмысқа қабылданатынын айтты.

— Қазіргі таңда негізгі мәселе – жұмыссыздықты азайту. Бұл орайда жан-жақты іс-шаралар атқарылып жатыр. Ақтау қаласында жұмыс істеймін деген жаңаөзендік жастар жатақханамен қамтылмақ. Болашақта Ақтау қаласында жалға берілетін үйлер салу жөнінде де келісім жасалды. «Еңбек» бағдарламасымен басқа облыстарға көшемін деген жанұяның әр мүшесіне 185 мың теңгеден қарастырылып отыр. Одан бөлек, «Нұр капитал», «Бизнес 3 күнде» жобалары жұмыс істеп жатыр. Биыл Жаңаөзенге 18,3 шақырым қалаішілік автожолдар салынады, оған 810 млн. теңге қаржы републикадан бөлінді. Жұмыстар маусым айында басталып, желтоқсанда аяқталмақ. Қоғамдық қауіпсіздікті қамту мақсатында тамыз айына дейін 180 бейнекамера қойылады. Оған 271 млн. теңге бөлінді. 31 автокөлік қаланың полиция қызметкерлеріне беріледі. Екінші жартыжылдықта «ӨзенМұнайГаз» қаражаты есебінен медициналық орталықтың құрылысы басталып, 2020 жылы нысан жаңа жоғары сапалы жабдықпен пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, Жаңаөзен қаласында жаңа жобалар мен жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға жұмысқа орналастыру, шағын және орта бизнесті дамыту, қаланың еңбекке жарамды халқын кәсіби қайта оқыту жұмыстары жүргізілетін болады, — деді Ералы Лұқпанұлы.

Сөз соңында облыс басшысы биыл Маңғыстаудың мың жылдығы жарияланып, облысқа 2 млрд. доллар көлемінде инвестиция тартылатынын да қоса айтты.

Айжан НАСЫРОВА

Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ