kaspi каспий
Сурет ашық дереккөзден

Алматыда Каспий теңізі аймағына қарасты су түбіндегі мұраларды қорғау бойынша алғашқы аймақтық отырыс өтті.

Су түбіндегі құндылықтар мен мұ­раларды коммерциялық мақсатта пайдалану, археологиялық арте­ фактілерді этикадан тыс қалыпқа келтіруге тырысу, оларды заңсыз сату үрдістері әлемде бұрыннан бар. Бір қиыны, су түбіндегі тарихи мұраларды іздеушілер пайда табу жолында мұхит түгілі теңіздер мен көлдерді, өзендерді шарлап кеткен болатын. Осы бассыздықты тоқтату мақсатында 2001 жылы UNESCO су түбіндегі мұраларды қорғау бойынша кон­венция қабылдаған еді.

UNESCO­-ның мәліметіне сүйенсек, әлем­дегі мұхиттар мен теңіздерде суға батып кет­кен 3 миллионға жуық кеменің қалдықтары жатыр. Бір ғана Жерорта теңізінің жаға­лауында су астында қалған 150­ге тарта қаланың орны табылған. Осы мұралардың жойылып кету қаупі бар.

«Каспий теңізі – жер шарындағы ірі су қоймаларының бірі. Қолда бар дерекке сүйенсек, теңізде 80­ге тарта суға батқан кеменің, металл құрылымының қалдықтары бар. Алайда Каспий теңізін археологиялық зерттеу мен аймақты зерделеу жүйесі соншалықты жолға қойылмаған», – дейді Су түбіндегі мұраларды қорғау бойынша конвенция маманы Чихиро Нишикаева.

Сонымен қатар аталмыш отырыс Каспий­мен шектесіп жатқан елдердің өкілдеріне су түбіндегі мұраларды қорғау мәселелерімен танысуға мүмкіндік береді. Даниядан кел­ген халықаралық сарапшы Афина Тракадас Копенгаген қаласында орналасқан корольдік теңіз музейінде еңбек етеді. Ол теңіздердегі археологиялық нысандарды қорғау қажетті­гі туралы айтып берді.

«Теңіз түбінде архео­логиялық мұралар мол. Менің есептеуімше, ол мұралардың саны 20 мыңнан асады. Олардың бәрін зерттеп, сақтап қалу керек. Біз жер бетінде жоқ материалды су түбінен табуымыз мүмкін. Су түбіндегі мұраларды қорғау да – мәдениеттің бір нышаны. Оның экономикалық пайдасы да зор. Су астындағы әлем – аңыздар мен әпсаналарға толы. Оның бәрін көтеріп, зерттеуіміз керек», – дейді ол.

Отырысқа Каспий теңізінің су астындағы мұраларына жауапты мемлекеттік орган­дардың өкілдері мен халықаралық сарап­шылар, UNESCO Ұлттық комиссиясының өкілдері мен мәдени мұраларды сақтау бойынша мамандар қатысты. Әзірбайжан, Ресей, Армения, Гүржістан, Қырғыз Республи­касы, Тәжікстан елдерінен сарапшылар келіп отыр.

ҚазАқпарат