балалар
Сурет сайт архивінен алынды

Маңғыстау облысында оқушылардың жазғы демалысы қызықты әрі көңілді өтуі үшін екі бағытта жұмыс жүргізілмек. Биыл маңғыстаулық балалардың жазғы демалысы үшін жергілікті бюджеттен 429 млн.113 теңге бөлініп отыр. Енді оқушылар жазғы демалыспен 100 % қамтылады, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Маңғыстау облысы мектептерінде 1-10 сынып аралығында 133 317 бала білім алуда. Ал өңірде 319 сауықтыру орталығы бар. Оның 4-еуі қала сыртындағы лагерь, ал 89-ы мектеп жанындағы және қалғаны қосымша ұйымдарда өтетін лагерьлер.

Мектеп жанындағы лагерьлерде балалар танымдық, шығармашылық, спорттық шараларға қатысып, таңертеңнен кешке дейін демалады. Сонымен қатар, қосымша 102 кәсіптік, 124 туризм, спорт, палаталық бағытта лагерьлер өз жұмысын бастайды деп жоспарлануда.

«Балаларды жазғы демалыспен 100 пайыз қамту үшін тыңғылықты дайындық жүргізілген. Осы орайда аудандық, қалалық бюджеттен 429 млн теңге қаражат бөлінді. Мектеп жанындағы, қала сыртындағы лагерьлерден бөлек балалар үшін күніне 2-3 сағаттық сауықтыру шаралары да ойластырылған. Туристік, спорттық, танымдық шаралары аясында балалар 1, 2, 3 күндік саяхаттарға шығатын болады», — дейді Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Сейдалиев.

Басқарма басшысының айтуынша, аймақта аз қамтылған отбасынан шыққан 11700 бала бар. Барлығы тегін демалыспен қамтамасыз етіледі. Оның ішінде 40 бала «Аджип Каспиан» мекемесінің демеушілігімен тамыз айында Италия еліне жолдама алады. Сонымен қатар, балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін де Алматы, Астана қалаларында демалыс жоспарланған.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА