Гүлжайна Жолдыбаева
Қазақтың бағына берген асыл қазынасы — дәстүрлі өнеріміз. Соның ішінде дәстүрлі ән — ұлтымыздың бекзат болмысы, жүрек сыздатқан сағынышы, көңілдің нәзік қылын шертер сезімі, мұң-шері, қызық қуанышы. Осындай қасиетті дәстүрлі ән құдіретін дәріптеу жолында жүрген жастарымыз бүгінде, «шүкір» дейміз, баршылық. Заман талабына сай эстрада бағытын емес, әкеден дарыған дәстүрлі өнерді таңдаған Шайыр селолық мәдениет үйінің қызметкері Гүлжайна Жолдыбаевамен аз-кем сұхбат жүргізген болатынбыз.

— Гүлжайна Бердібайқызы, дәстүрлі өнерді таңдауыңызға не себеп болды?

— Менің өнерге, оның ішінде дәстүрлі әнге бет бұруыма бірден-бір себепші адам, ол — әкем. Бұл өнер менің әкемде бар және барлық балаларына дарыған. Кішкентай кезімде домбырамен ән айтқан әкеме қарап отырып, қызығатынмын. Мен де осындай әнші болсам деген ой болатын. Ол менің балалық арманым еді, кейіннен өмірімнің бір бөлшегіне айналып кетті. Мектеп қабырғасынан бастап осы өнерге деген құлшынысым ерекше сезілсе керек, аудандық, облыстық жарыстардан қара домбырамды құшақтап, қалмайтынмын. Мектептегі ұстазым — Клара Бекмурзина, кейін Ақтау қаласындағы өнер колледжінде облысымызға белгілі ұстаз Ақмарал Ерімбетовадан дәріс алдым. М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде дәстүрлі ән сыныбында білім алдым. Заманның талабына сай көп жастар қазір эстрадаға кетіп жатыр. Ұлттық ән өнерін дәріптеп жүрген біртуар таланттарымыздың арасында кейінгі толқынның эстрадаға қол созбағаны некен-саяқ. Эстрада мен халық әнінің арасы екі бөлек дүние. Менің қаным қазақ болған соң жаным мен жүрегім осы дәстүрлі әнге қарай бет бұрды. Қазақтың ұлттық өнерін өте жақсы бағалаймын және бәрінен де биік қоямын.

— Қандай белестерді бағындырдыңыз?

— Ана тіліміздің мәйегі, ұлттық діліміздің қайнар бұлағы, ата-баба арманын, қуанышы мен қайғысын арқалап, бүгінге жеткен дәстүрлі ән өнерінің құдіреті мен үшін ерекше. Қазақтың қара домбыра-сын алып сахнаға шыққан әр қадамымның өзі мен үшін жеңіспен пара-пар. Жалпы сахнаға шығып, ән айту оңай емес. Бір әнді айтып шығудың өзі боксшының бір рингке шыққанымен тең. Мейлі ол кішкентай ауылдың сахнасы болсын, мейлі ол республика сарайы болсын, халықтың алдында әрбір әнді жүрекпен, үлкен толқумен айтасың. Оның үстіне кең дауысты қажет ететін төл өнердің шыңын бағындырып жүрген аға буын өкілдеріне алғыстан басқа айтарым жоқ. Жеңістерім, шүкір, баршылық, 2011 жылы К.Тасболатұлы атындағы республикалық байқаудың лауреаты атансам, 2016 жылы «Қайқылардан қалған саз» республикалық байқауының дипломаты атандым. «Мен қазақпын» мегажобасының облыстық іріктеу кезеңіне қатыстып, көрермен көзайымы атанғаным бар. Өнерлі шәкірттерімнің арқасында «Үздік жетекші» атандым, мәдениет саласының дамуына қосқан үлесім үшін ауыл, аудан әкімдерінің алғыс хатына ие болдым.

— Сіз әншілік пен ұстаздықты қатар алып жүрсіз. Осы ретте жастардың ұлттық өнерге көзқарасы қалай? Әнші боламын дейтін жастың бойында қандай қасиет болуы тиіс?

— Жастардың құлшынысы, талабы жақсы. «Ел іші – өнер кеніші» дегендей, өнерлі жастардың көбі ауылдан шығады. Осыдан 7 жыл бұрын қызметке алғаш келгенімде дәстүрлі ән өнеріне 5-6 бала түсетін болса, қазір он екі оқушым бар. Азғантай болса да өнерлі оқушыларға сабақ бергенімді мақтан тұтамын. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, бар білгенімді оқушыларға айтудан жалыққан емеспін. 2016 жылы «Ақ көгершін» дәстүрлі ән байқауынан Аймекен Абылқызы, Аягөз Төремұратқызы 1-орын, А.Орынбай, Ә.Түзелбай аудандық «Жас музыкант» байқауынан 1-орынды иеленді. Өте дарынды оқушым, А.Тілеубай жаз айында С.Жанпейісованың ұйымдастыруымен Алматы қаласында өтетін халықаралық байқауға жол тартпақшы.

— Жуырда есеп беру концертіңізді бердіңіз, халық қалай қабылдады деп ойлайсыз?

— Иә, жоспардағы бекітілген шаралар бойынша жеке концертімді бердім. Халық өте жақсы қабылдады. Мақсатымыз — ауыл ардагерлеріне әдемі кеш сыйлау, дәстүрлі өнерге шөлдеген көрерменді сусын-дату. Концерттің алғашқы бөлімінде өзімнің жеке әндеріммен қатар оқушыларымның да өнері тама-шаланды. Екінші бөлімінде өзімнің замандас достарым, ұстаздарым ән шырқап, халықтың қошеметіне бөленді. Н.Светқали, Қ.Ордалы, М.Дуланова, Ә.Жұмағалиев секілді қолдаушыларыма алғысым шексіз.

«Әннің де естісі бар, есері бар» деген екен Абай атамыз. Атадан қалған асыл мұрамызды көздің қарашығындай қорғап, ертеңгі ұрпаққа жеткізу – бәріміздің парызымыз. Бабалардың сырлы жүрегінен туған дәстүрлі әндер жер бетінде қазақ деген ұлт бар да мәңгі жасай бермек. «Жоқ деген жоғалар, бар деген оңалар» демекші, аға буын, орта буын мен жас ұрпақ бар да қазақтың дәстүрлі өнері жасай бермек.

— Әңгімеңізге рақмет. Ұлтымыздың ұлық өнерінің көсегесін көгерту жолындағы еңбегіңіз жана берсін! 

Сұхбаттасқан Айгүл РАХМЕТОВА