полиция түрме ұстау

Былтыр Маңғыстау облысындағы Ақшұқыр ауылында екі топ арасындағы қарулы қақтығыста бірнеше жігіт түрлі дене жарақатын алып, біреуі ауруханада қайтыс болған еді. Осы құқық бұзушылық бойынша екі қылмыстық іс қаралып, сот үкімдері шықты, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. 

Естеріңізге сала кетейік, оқиға 2018 жылы тамыз айында Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылында болған.

Қылмыстық істер Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.

«Іс материалдарына сәйкес, Ақшұқыр ауылында бір-біріне қарсы екі топ балалардың арасындағы келіспеушілік бірнеше күнге созылып, соңы қарулы қақтығысқа ұласқан. Бірінші топтың жігіттері әдейі, бұзақылық ниетпен қарсы жақ топтың жігіттерінің денсаулығына зиян келтіру үшін арнайы ағаш, темір құбырлармен, газ тәрізді қарумен, пышақпен және басқа да суық қаруларды қолданумен үш жігітке әр түрлі дәрежеде дене жарақаттарын келтіріп, қашып кеткен», — деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Келесі күні бір-бірінен өш алу мақсатында екі топ тағы да кездеседі. Жаппай төбелес кезінде бірнеше жігіт түрлі дене жарақатын алса, бірекі ауруханада қайтыс болған.

Сот үкімі бойынша төбелеске қатысқандардың бірі Қылмыстық кодекстің 293-бабының 3 бөлігінің 2 тармағымен, 432 бабымен кінәлі деп танылып, оған түпкілікті 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Тағы 4 тұлға Қылмыстық кодекстің 293-бабының 3 бөлігінің 2 тармағымен, 287-бабының 4 бөлігімен кінәлі деп танылып, түпкiлiктi 5 және 6 жыл мерзімдерге бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.

Сондай-ақ 10 адам Қылмыстық кодекстің 293-бабының 3 бөлігінің 2 тармағымен кінәлі деп танылып, оларға 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Сотталушылардың әрқайсысынан жәбірленушілерге зиянды өтеу қорының пайдасына 20 АЕК мөлшерінде 48 100 теңгеден өндірілді.

Іс апелляциялық сот алқасында қаралып, заңды күшіне енді.