Сурет сайт архивінен алынды

Биыл Маңғыстау облысында 5579 түлек мектеп бітіреді, оның 4298-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш білдірген. Сондай-ақ «Алтын белгі» төс белгісіне 177 оқушы үміткер екен. Ұлттық бірыңғай тестілеу облыстағы 4 пунктте 20 маусым мен 5 шілде аралығында өткізіледі. Бұл туралы Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Сейдалиев Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында айтты, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Білім деңгейін анықтаудың биылғы ерекшелігі оқушылар жылына 4 рет тест тапсырады. Қаңтар, наурыз, тамыз айларында тестілеуден өтіп, шектік балды жинаған талапкерлер ЖОО-ның тек ақылы бөліміне ғана оқуға түсуге мүмкіндік алады. Ал маусым айындағы сынақтан жоғары балл алғандар мемлекеттік грантты иеленеді.

Алдымен оқушылар мектеп қабырғасында мемлекеттік бітіру емтиханын тапсырады, содан соң Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады.

Биыл Маңғыстауда 4298 түлек ҰБТ-ға қатысады

«Қорытынды аттестаттау 28 мамыр – 7 маусым күндері аралығында өтеді. Оқушылар ана тілі мен әдебиеті (жазбаша), таңдау пәндері (тест), қазақ мектебінде орыс тілі, орыс мектебінде қазақ тілі (тест), сонымен қатар алгебра және анализ бастамалары (жазбаша), қазақстан тарихы пәндерінен емтихан тапсырады. Бүгінде білім беру ұйымдарында комиссия құрылды. Облыста мемлекеттік аттестаттау барысында 134 комиссия жұмыс істейді», — дейді Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Сейдалиев.

Облыста ҰБТ өткізудің 4 пункті жұмыс жасайды. Олар Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті, Бейнеу ауданы Күйкен орта мектебі, Жаңаөзен қаласындағы №19 орта мектеп және Маңғыстау ауданы Б.Жұмалиев атындағы орта мектебінде орналасқан.

Сондай-ақ биыл да түрлі санаттар бойынша мектеп бітірушілерге облыс әкімінің гранты беріледі. Былтыр жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, жетім және жартылай жетім, сондай-ақ аз қамтылған отбасыдан шыққан 175 бала ЖОО-да оқуға мүмкіндік алса, биыл 200 оқушыға облыс әкімінің білім гранты тағайындалып отыр. Бұған әлеуметтік қолдауды талап ететін отбасылардың балалары қол жеткізеді.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА

Суретті ұсынған Өңірлік комуникациялар қызметі