таңбалы тас tanbaly tas (6)

Тәуелсіздіктің арқасында ұлтымыздың шынайы тарихы, рухани құндылықтардан құралған асыл қазынасы қалпына келуде. Ең бастысы – Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты терең мағыналы мақаласы халқымыздың тарихына мүлде жаңа көзқараспен қарауға жол сілтеп, бағыт- бағдар беріп отыр.

Еліміз тәуелсіздіктің туын көтеріп, еркіндік таңы атудан төл тарихымызды түгендеуге белді буып, білекті сыбанып кірістік. Соның арқасында ұлтымыздың шынайы тарихын қалпына келтіруге бағытталған әрекет аясы жылдан жылға кеңеюде.

«Ұлы даламызда күн кешіп, өмір сүрген көшпенділер 3 мың жылдық тарихына ие, ал бұл адамзат баласының тарихындағы ең ұзақ жасаған әлеуметтік формация еді», — деп жазады тарихшылар. Бүгінгі географиялық картада Алтай мен Карпат таулары арасында керіліп жатқан апайтөс ұлы далада, тұмса табиғат құшағында көшпелі өмір салтымен өмір сүрген ата-бабаларымыз Шығыс пен Батыс өркениетін түйістіруші негізгі рөлді шебер атқарыпты. Ұлан-байтақ жерімізде жаулап алушы қаншама мемлекеттер биліктерін жүргізуге құштар болды. Оларға қарсы азаттық үшін күрестер бір сәтке толастаған жоқ. Мемлекеттік ұрпақтан ұрпаққа жалғасып отырды. Сақ, скиф, массагет, ғұн, сармат, үйсін, қаңлы сынды ескі тайпалық одақтардың негізінде Кангю (Қаңлы) мемлекеттік бірлестігі өмірге келді. Қуатты Ғұн империясы құрылды.

Тәуелсіздік жылдарында жарияланған тарихи жазбаларға зер салып қарасақ, ғұндардың б.з.д. төртінші-үшінші ғасырларда қытайдың солтүстігінде, батысындағы далалы, таулы жерлерде өмір сүріп, көшіп жүргенін білеміз. Тарихшы Н.Э.Масановтың жазбасына қарағанда ғұндардың негізінен ұзақ шабысқа төзімді, 20 жасқа келгенге дейін талмай шабыстан шаршамайтын, тез қозғалатын (қақпан бел, бөкен мұрын) жылқы ұстапты. «Ғұн билеушісі Моденің әкесі Тұманың мың шақырымға талмай шабатын шаңтимес жүйрігі болды» деп жазады тарихшылар. Әсірелеп айтылған ғой деп сенбейін десек, есімізге өзіміз тарихтан оқыған Есім ханның Сарықұла аты мен Абылай ханның Алшаңбозының талмас жүйріктігі орала береді. Елбасының аталған мақаласында «Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды» деп жазғаны тарих шындығы екенін мойындаймыз. Ыңғайлы, ықшам киінген ғұндар атқа секіріп мініп, мығым отыруда алдына жан салмаса керек. Жауынгер ғұндардың мүйізден жасалған садақтары, сол садақтарының 30-ға жуық түрдегі жебелері болыпты. Олардың арасында соғыс майданында дұшпанның зәресін ұшырып, құтын қашыратын ысқырма-сарнама жебе оғы екен. Сол замандағы қытай императоры Шы Хуанди «Мен мұнан былай ғұндардың киім үлгісінде тігілген киім киіп, ат үстінде оқ атуды бүкіл халқыма үйреткім келеді» деген екен… Халқының саны жағынан өзінен әлденеше есе көп Қытайды қалтыратқан Ғұн армиясы соғыс қимылдарын негізінен жаз бен күз маусымдарында жүргізіп, Қытай қорғанынан венгер жазығына дейін барып, Рим империясын талқандағаны тарихтан белгілі. Ф.Энгельс «Ғұндар өлімсіреген шалажансар Еуропаға өмірдің жаңа күшін бүрікті», — деп жазды. Алаштың данышпан ақыны Мағжан Жұмабаев «Ерте күнде отты күннен ғұн туған, Отты ғұннан от боп ойнап мен туғам…» деп шабыттана жырлады. Ғұндардың ертедегі садақ үлгілеріне біздер мән бермегенімізбен бүгінгі таңда жапонның фирмалары солардың үлгісінде естелік-сувенирлер жасайды екен. (Біз ғұндар жайлы мәліметтерді 2008 жылы наурыз айында жарық көрген «Отан тарихы» журналынан алдық).

Тарихшыларымыздың айтуынша, ежелгі тарихта, оның ішінде 7-20 ғасырлар аралығындағы ұлт баяны жайында ауызекі шежіреге бай болғанымызбен хатқа түскен тарихымыз жұтаңдау. Есесіне грек пен парсы тарихында ертедегі қазақ халқы туралы мәліметтер ұшырайды екен. 1994 жылы Алматыдағы «Жалын» баспасынан 50 000 данамен жарық көрген «Қазақтың қысқаша тарихы» атты кітаптың 10-бетінде «Ежелгі жұңгоның, парсының, және гректің жазба деректеріне қарағанда біздің заманымыздан бұрынғы 7-4 ғасырларда Орта Азия өңірін сақ тайпалары мекен еткен. Бұл сақтардың «Шошақ төбелі тымақ киетін сақтар» (тигра хауда сақтары) деп аталатын тайпаларының орналасқан жерінің орталығы Іле алқабы мен Жетісу өңірі болған. Біздің жыл санауымыздан бұрынғы 4-3 ғасырдың шегінде бұрынғы сақ тайпаларының одағы ыдырап, оның орнына үш ірі тайпалық одақ — үйсіндердің, қаңлылардың, аландардың тайпалық одақтары құрылған… Аландардың тайпалық одағы Арал теңізінің батыс жағалауынан Каспий теңізінің солтүстік жағалауына дейінгі жерлерді қоныстанған» деп жазылған жолдар бар. Осы кітаптың 23-бетінде «Тарихшы М.Ақынжановтың айтуынша, осы алан ұлысы кіші жүз алшын тайпасының арғы тегі», — деп жазады автор Нығмет Мыңжан. Ал кітаптың авторы 100-бетте «Тарихшы М.Ақынжанов «Кіші жүз қазақтары сақтардың батыс бөлегі болған. Самарттар алан тайпаларынан және ақ һүндерден бірлескен. Олар һүндермен 4 ғасырда араласқан, һүндердің біразы кіші жүз құрамына қосылған», деп жазып,  Алматыдан 1957 жылы жарық көрген М.Ақынжановтың «Қазақтың тегі туралы» кітабына сілтеме жасайды. (Аталған кітапта «һүндер» деп жазылып отырған тайпа атауы «ғұндар». Тарихшылардың, олардың арасында Н.Мыңжанның жазбаларын қарағанда ғұндар біздің жыл санауымызға дейінгі 2 ғасырда дәуірлеп (ол дәуір жайлы мақаламыздың басында жаздық), біздің заманымыздың 1 ғасырында ыдырады деген мәліметті кездестіреміз. Бұл айбарлы ғұн ұрпақтары қазақ ұлыстарымен тоғысып, қазақ деген ұлтты құраған тайпалардың біреуі болғанын айғақтайды).

Ғұн мұрагері саналатын қазақ халқының негізін қалаған тайпалық одақтар ұлы далада өз мемлекеттерінің іргесін қалап, өзгеге есесін жібермеді. Есесін жіберу тұрмақ, VI ғасырда қуатты Түрік қағанаты құрамына еніп, жарты әлемде танылғаны тарихтың шындығы. Түріктер Алтай тауының оңтүстік бетін мекендеген көшпелі тайпалар болатын. Олар темірден қару-жарақ жасайтын. Мұқан қаған билік жүргізген кезде Алтайдан Каспийге дейінгі ұлан-байтақ жерде түрік қағандығы құрылды. Түрік қағандығы «Жібек жолы» бойында болғандықтан еларалық сауда өркендеді. Жазу мәдениетіне, әдебиетке көңіл бөлініп, VI ғасырда орхон жазуы кең таралды, жазба кітаптар өмірге келді. Ескерткіш тастардағы жазулар жанры жағынан халқымыздың батырлар жырына ұқсас екендіктерін ғалымдарымыз анықтап отыр. «Тәуелсіздік жылдарында қайта жалғасқан ақындар айтысы бастауын түрік қағандығы заманынан алады» деген болжам айтылуда. Түрік қағандығы тұсында ежелгі аландар мекендеген қоныс Арал теңізі мен Каспий теңізі аралығындағы кең дала аса көрікті, гүлденген бай мекенге айналыпты. Еділ мен Хорезм аралығын жайлаған бұл елде 4-5 қала, әскери қорғандар, жау жарағы сай әскерлер болған екен. Түркеш қағандығы, Қарлық  қағандығы, Қимақ қағандығы, Қарахандар әулеті, Шығыс Лиау патшалығы мен Шыңғыс әулеті үстемдік еткен тұста да Қыпшақ бірлестігі тұсында қанша қансоқта болса да рухын жоғалтпады, ар-намысын таптатпады. Сан ғасырлар бойы азулылармен айқасып жүріп, қазақ хандығының шаңырағын көтерген күнге қол жеткізді.

Ежелден ұлы даланы мекендеп, төл қонысымызда қалыптасқан қазақ хандығының қайнар көзі болған тайпалардың арасында біздің ата-бабаларымыздың рухани тазалық пен ерлікке толы жолы бүгінгі ұрпаққа сарқылмас өнеге болатыны анық. Олар ең бастысы, жерін шексіз сүйді, ұланғайыр даламыздың ұлтарақтай бөлегін де жатқа жібермеді. «Басып алып, ұлтымның қанатын кеңге жаямын» деген астамшыл ойдағы басқыншыларды сарабдал саясат, озық ой, парасатты ақылмен елеусіз ыдыратып, елге сіңдіріп, дұшпанын шынжырсыз байлап-матап, діттеген арам ойына жеткізбеді. Елге, ұрпаққа ерекше мейіріммен көңіл бөліп, әлімсақтан астасып кеткен дін мен ұлттық дәстүрдің талабын тәрбиенің өзегіне айналдырды.

Ата-бабаларымыз асыл дінімізді дәстүрге айналдырудың тамаша жетістіктеріне жеткені тарих шындығы. Пайымды көзқараспен қарасақ, ұлттық табиғатымыз бен танымымыз мұсылманшылықтан бастау алады. Салт-санамыз, әдет-ғұрпымыз, таным-түсінігіміз шариғатпен етене сабақтасады. Дәстүріміз бен дініміз біте қайнасып, рухани дүниеміз мөлдіреп тұрған ұлтпыз. Дәл осындай болмағанымызда тілімізде жүрген ескі сөздер бастауын шариғаттан алар ма еді? Айталық, «Ғұрып» деген сөзіміз «әл-ьурф» деген сөзден шыққан. Бұл ақыл-ойдың құптауымен көңілдерге орныққан, барша адамның табиғаты қабыл алатын нәрселер деген мағынаны білдіреді. «Әдет» — арабтың «әл-ьаада» — (дағдыға айналған істер) деген сөзінен алынған. Ал «дәстүр» деген сөзіміз арабтың «дустур» деген сөзінің баламасы, бұл «заңнамалық жүйе» дегенді білдіреді екен. Ұлтымыздың ұтқыр ойлау жүйесінен пайда болған асыл сөздер мен мақал мәтелдер хадистермен керемет үндеседі. Қазақ «Сөздің басы биссимилла, биссимилласыз іс қылма» десе, хадис «Алланың атымен басталмаған әрбір маңызды сөз бен іс шолақ» дейді. Қазақ «Аллаға сиынған құстай ұшады, адамға сиынған мұрттай ұшады» десе, хадис «Бірдеңе сұрасаң, Алладан сұра, жәрдем тілесең, Алладан тіле» дейді. Қазақ «Ащы болса да шындықты айт» десе, хадис «Ащы болса да, хақты айт» дейді… Халқымыздың мақал-мәтелдері мен хадистердің мазмұндастығы осылайша жалғаса береді. (Біз бұл жерде келтірілген мазмұндас сөздерді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сараптау комиссиясы мақұлдап, 2014 жылы Алматыда 10000 данамен жарық көрген «Дін мен дәстүр» деп аталған кітаптың бірінші кітабынан алдық).

«XV-XVIII ғасырлардың арасында Қазақ хандығы шаңырақ көтеріп, нығайды. Міне, сол заманда ұлтымыздың этногенетикалық тегі, салт-дәстүрлері, тілі мен діні, төл мәдениеті қалыптасты» деп жазады тарихшылар. Еліміздің бас баспасөзі «Egemen Qazaqstan» газетінің биылғы жылдың 17 қаңтардағы санында саяси ғылымдар докторы, профессор Сайын Борбасов «Ұлт тарихы туралы толғаныс» атты мақаласында «Қазіргі бар қазақ ұлтының негізгі құндылықтары мен ұстанымдары Қазақ хандығы деп аталған мемлекеттің болуының нәтижесі екендігі бұлтартпас шындық. Демек қазақ халқының табиғи даму процесі сан ғасырлар бойы үзілмей, өзге ұлттармен қатарласа дамып отырды. Оның түрлі мемлекеттік құрылымдары болды. Болған мемлекеттер көрші ел- дермен тең дәрежеде қарым-қатынастар орнатты. Әлем халықтарына өзінің материалдық және мәдени үлгілерімен ықпалын тигізді. Өкінішке қарай осындай эволюциялық үдеріс Ресейдің отарлық езгісіне түсумен тоқтап қалды. Қазақ халқы әлемдік өркениеттер дамуының соңында қалып қойды. Отарлық қанау қазақты демографиялық, рухани, мәдени дағдарысқа түсірді, жерінен және дәстүрлі өмір сүру мәдениетінен айырды», — деп жазды.

Ұланғайыр даламыздың бүгінгі ұрпаққа өнеге боларлық қыры да, сыры да мол. Бұл құдіретті танымдық дүниеге аталарымыздың көзімен қарауымыз қашанда керек. Тарих тағылымы осыған үндейді.

Қартбай ҚОЖАЕВ