Күні кеше мектеп бітіруші түлектер ата-ана  қалтасына  оңай тие қоймайтын мектеп бітіру кешін дүркіретіп өткізіп жатыр. Қымбат мейрамхана, әдемі көйлек пен сәнді шаш үлгісіне  ата-ана ақшасын шығындайтын мектеп бітіру кеші бүгінде сәнге айналды, тіпті жазылмаған заңдылыққа айналып үлгерді.  «Барым балам үшін» деген ата-ана бұл той үшін соңғы теңгесін берсе де аяры жоқ. Бір күнгі той думан, бір күнгі сән, бір күнгі қуаныш бір мектеп бітіру кешінің аясында сонша ақшаны ысырап етіп, 3-4 сағаттық қызықпен зу ете өте шығады. Дәл осы ысырапты ысырып қойып, бастаңғыдан бас тартқан жастар да бары бізді шын қуантады. Оның үстіне, осындай қайырымды, жүректеріне ізгілік ұялаған жастар өз ауданыңның түлектері болса,қалай мақтанбайсың? Түпқараған ауданы Сайын Шапағатов ауылының №1 мектеп лицейінің биылғы мектеп бітіруші түлектері инсулин (қант диабеті) диагнозымен ауыратын  өз мектебінің бастауыш сыныбында оқитын Әсел Исатайызына бастаңғыдан бас тартқан 124 мың теңгесін жинап апарып табыс етті.

-5 маусым Әселдің туған күні екен. Сол күні түлеrтер ата-аналары жинаған ақшаны арнайы Әселдің үйіне барып, анасына табыс етті. Биылғы мектебімізді бітіруші түлектер Әселдің анасынан алғыс алып, жақсылыққа жол салғандары бізді де қуантты. Биылғы түлеткеріміздің бұл бастамасы өзге де жастарға үлгі болары сөзсіз. 21 түлек биыл мектебімізден қанат қаққалы отырса, оның ішінен Республикалық және Халықаралық ғылыми жобалар конкурсының 7 жеңімпазы ҰБТ-ден босатылған болатын. 2 түлек өз өтініштері бойынша ҰБТ-ден босатылып, мектеп ішінен емтихан тапсырып, аттестаттарын алды. ҰБТ-ге қатысқан 12 түлектің орта ұпайы 84,25 пайыз сапа көрсеткішін берді, – дейді осы мектепті екі жылдан бері басқарып келе жатырған директор Мұхамедиярова Қалия Іздібайқызы.

2009 жылы ашылған мектеп-лицей 6 оқу жылының ішінде аудан мектептері мен облыстық білім саласында жоғары нәтижелерімен көрініп келеді. Жас та білімді ұстаздардан құралған ұжым тәлімімен  «Асыл мұра» халықтық дәстүрлі әндері және жеке аспапта орындаушылардың сегізінші Республикалық ән-би байқауының, «Тәуелсіз ел жастары» атты жыр мүшәйрасының, «Жырлайды жүрек» атты Мұқағали Мақатаев туылғанына 85 жыл толуына орай ұйымдастырылған сегізінші Республикалық ән-би конкурсының жүлдегерлерін тәрбиелеп отыр.

Күні кеше аудан орталығында өткен «Ақ жол, жас түлек!»кешінде көзімізге бірден түскен қатарда өздерін салмақты да салиқалы ұстаған, тұрыстары бөлек түлектерге осы бір жақсы бастамалары үшін сүйсіне қарадық. Өмірлерінде бір рет бітіретін мектеп бітіру кешінен бас тарту қазіргі жастар үшін бір сыныптан бәрі бірдей келісе бермейтін бастама. Думанды той мен бастаңғы кештің бір күндік қызық екенін бірден түсінген бұл жастарға бұл бастаманы кім ұсынды деген сауалымызға:

-Аудан орталығында облыстық білім басқармасының басшысы Зейнеп Тастемірованың қатысуымен 12 жылдық білім жүйесі, ҰБТ–ге дайындық мәселелері  күн тәртібінде қаралған  жиын өткен болатын. Сол жиында түлектерге той жасаудан бұрын, қайырымдылық жасауды үйреткеніміз жөн екендігі сөз болған еді. Облыстық білім басқармасының бұл ойы маған бірден ұнады. Бірден сол жиыннан шыққан бойда, ұжымыма және биылғы мекеп бітіруші түлеткер мен ата-аналарға жеткізуге асықтым.

Оң жақтан бірінші тұрған №1 мектеп-лицей директоры Қалия Іздібайқызы
Оң жақтан бірінші тұрған №1 мектеп-лицейінің директоры Қалия Іздібайқызы

 Олар бұл бастаманы бірден қолдады. Бір ауыздан бір шешімге келіп, түлектер игі іске дайын екендіктерін жеткізді. Менің қуанғаным, кішкене ғана жүректерімен қайырымдылыққа қол созғаны, үлкен өмірге қадам басарда жауаптылықпен сауапты істі жалғағаны болды. Түлектеріме өмірде өз таңдаған мамандық иелері болуын тілей отыра, олардың осы қайырымды істің басында жүргені үшін алғысымды білдерімн!, — дейді мектеп директоры. 

Толқыған жүрекпен,үкілі үмітпен кеуделеріне гүл еккен түлектер Түпқараған ауданынан осындай жақсылық жасай отырып,  түлеп ұшты. Ертең-ақ көзді ашып жұмғанша жоғарғы білім  алып, бір-бір маман иелері болып, «өмір» деген қамалға кірпіш болып орналасады.

Қасиетті Рамазан айында жүрек жылуын арнаған жастар  игілікті істі бастап, үлгі болды. Жақсы айда жарлыны жарылқаған түлектердің бұл жақсы бастамасы кейінгі буынға да өнеге болады деп сенеміз. Зерек те білімді, зейінді түлектердің сауықшыл емес, сауапшыл болуы бір ғана жиында әңгіме болып, айтылған ойды, ұсыныс етіп жеткізген мектеп басшысы Қалия Іздібайқызының да тәлімі мен тәрбиесі деп білуіміз керек. Дәл осы бастамаға қолдау көрсетіп, бірден ұсынысты ұштай түскен жүректі түлеткердің өмірде Алла тілеуін берсін демекпіз!

Милана ЕЛЕУСІНОВА