Елбасының «Рухани жаңғыру» жобасы аясында Мұрат Өскінбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық филармониясында Абыл Тарақұлы атындағы қазақ  оркестрінің «Байтақ далам» атты концерті өтті.

— Жуырда ғана жаңа шығармашылық маусымының сахна шымылдығын түрген Мұрат Өскінбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық филармониясы өз тыңдармандарына кезекті өнер кешін ұсынады. Біз – ұланғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Бүгінгі таңдағы еліміз үшін маңызды міндет – рухани жаңғырып, тарихи сананы қалыптастыру. Жаңғырудың тамыры ата-бабаларымыз қорғап қалған осынау байтақ даламызда, ұлттық санамызда! Елбасының «Рухани жаңғыру» жобасы аясында ұлт мәдениетінің жаршысы – Абыл Тарақұлы атындағы қазақ оркестрінің «Байтақ далам»  атты концертіне қош келдіңіздер! — деп бастады концерт жүргізуші Беркін Санатов.

Тағы оқыңыздар: Қараусыз мал пойыз қозғалысына кедергі келтіруде

Концерт барысында: оркестрдің орындауында Рахат Мәдреевтің «Айтшахан», Сыпыра жыраудың термесі Сәбит Шектібаевтың орындауында, Төлепберген Тоқжановтың «Көшпенділері» Кенжебек Аяғановтың орындауында, Абай Құнанбаевтың «Торжорға» күйі, Бақтыбайдың әуені оркестрдің орындауында, орыс халық әні «Очи черные» Асанәлі Көшеровтің, Базарбай Жұманиязовтың «Серпіні» оркестрдің орындауында, Шалмырзаның күйі «Ташауыз» Салтанат Оңайбайдың орындауында, Құрманғазының «Көк ала аты» республикалық дирижерлар байқауының бас жүлдегері Бауыржан Көбенғалиев дирижерлігімен оркестрдің орындауында, Рустам Ибадлаевтың «Народный танец» Жанна Қоңырбаеваның орындауында, Талғат Атшыбаевтың «Шалқымалы» әні ҚР мәдениет саласының үздігі Асқар Көшеровтің орындауында, Есір Айшуақұлының «Тоғыз түйеші» күйі, Өскінбайдың «Бұлбұл Ақжелең» күйі оркестрдің орындауында, Имре Кальманның «Принцесса цирка» опереттасынан «Выходная ария Теодоры» шығармасы халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты Шахаризада Сапарованың орындауында, Иоган Штраустың «Полька Тик-так» шығармасы оркестрдің орындауында, Сағынғали Нұрғожаевтың «Қазақстан» әні ҚР Мәдениет қайраткері Жоламан Көшкіновтың, Құрманғазының «Адай» күйі оркестрдің орындауында,  Абыл Тарақұлы атындағы қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Рахат Мәдіреевтің жетекшілігімен көпшілік  назарына ұсынылды.

«Музыканың жұмыс салдарынан пайда болған шаршағандықты ұмыттырып, өзіне баурап әкететін қасиеті болады. Ол – бізге осы жұмыстың зардабына шыдауға, төзуге көмек береді» деп Әл-Фараби айтқандай, көрермен қауым оркестрдің концертінен рухани ләззат алумен қатар мәдени тынығып қайтты.

Үміт  ЖӘЛЕКЕ