марапат

Биыл Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Маңғыстау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне — 25 жыл. Осыған орай алқалы жиын өтіп, шара аясында қаржы саласының ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Аймақтағы әр салада бөлінген қаражат пен оның дұрыс игерілуіне қадағалау жасайтын аталмыш мекеменің мерейтойымен өңір басшысы Ералы Тоғжанов арнайы құттықтап, марапаттарды табыстады.

— Мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен тұрақты дамуы әрбір отбасының әл-ауқатына тікелей байланысты. Отбасында қаржы мәселесі толықтай шешілген болса, ол жанұяда болашаққа деген сенім мол болады… Бүгінгі таңда облыстағы қаржы саласында үш мыңнан астам адам еңбек етуде. Сондықтан баршаңызды бүгінгі мерейтойларыңызбен құттықтаймын. Еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға береке тілеймін, — деген облыс әкімі Ералы Тоғжанов Маңғыстау облысының қаржы жүйесін нығайтуға қосқан үлесі үшін бірқатар азаматтарды алғыс хаттармен марапаттады.

Тағы оқыңыздар: Айналаңа пайдаңды тигізсең — шынайы өмір сүре білгенің

Аймақ басшысының қолынан марапат алғандардың қатарында ардагерлер Қали Досқазиев, Қашқынбай Қалмұрзаев, Сания Бакаева, Зулай Жапарова, Евгения Дюмина мен мекеме қызметкерлері Ержан Байнеков, Есен Башагулов, Шолпан Дүйсенова бар.

— Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң еңбек жолымды облыстық құрылыс банкінен бастадым. Кейін Маңғыстау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінде 25 жыл жұмыс істедім. Жас маман болып жұмысқа орналасып, кейін бөлім бастығы қызметіне дейін көтерілдім. 2014 жылдың сәуір айында зейнетке шықтым. Бүгін жасаған еңбегімізді бағалап, құрмет көрсетіп, марапаттап жатқан азаматтарға алғыс айтамын. Мереке құтты болсын! Қазына қаржысы дұрыс игеріліп, тәуелсіз еліміз дами берсін, — дейді қаржы саласының ардагері Қали Досқазиев.

Венера МИРЛАН

Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН