Семейде самбо күресінен ерлер мен әйелдер арасында Қаракерей Қабанбай батырдың мемориалына арналған 17-ші Қазақстан Республикасы Кубогы өтті. Дүбірлі додаға еліміздің барлық аймағынан жиналған 200-ге жуық самбошы қатысты. Олардың арасынан маңғыстаулық балуандар, облыстық «Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті 52 келі салмақта Аманбек Құлқаев алтыннан алқа тағып, ҚР Кубогының иегері атанды.

— Шәкіртім Аманбек Құлқаев төрт кездесу өткізді. Шымкенттік, семейлік балуандарды айқын басымдылықпен жеңді. Ақтық сынға жолдама алу үшін астаналық балуаннан айласын асырып, финальдық белдесуде алматылық балуанның уысынан жеңісті суырып алды. Осылайша, жарыс жеңімпазы атанып, «Спорт шебері» атағын орындады,-дейді балуанды жарысқа дайындаған белгілі бапкерлер Берік Жұмағалиев.

Маңғыстаулық самбошылар алтын мен күмісті олжаладыСондай-ақ Қарағанды облысының Теміртау қаласында жауынгерлік самбодан ҚР чемпионаты мәресіне жетті. Аталмыш жарыстан маңғыстаулық балуан +100 келі салмақта Айтжан Қойбағаров күміс медальдің иесі атанды.

— Жастар арасында жауынгерлік самбодан өткен жарыста Айтжан Қойбағаров бірінші кездесуінде қостанайлық, қарағандылық балуандарды тізе бүкітірді. Финальда қостанайлық балуанға есесін жіберіп, күміс медальді еншіледі. Жалпы жарысқа 200 балуан қатысты,-дейді облыстық «Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бапкері Асхат Хапанов.

Венера МИРЛАН