Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театрында мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі тойланды.

Салтанатты шараны ашқан облыс әкімі Алик Айдарбаев мұралы Маңғыстаудың мәдениеті мен өнерін өрге өрлеткен қызметкерлерді төл мерекесімен құттықтап, ақжарма тілегін ағытты:

-Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Мәдениет – елдің ең асыл рухани байлығы, асыл мұрасы» деген. Расымен де, өнерін сүйген, өнерпазын мәпелеген елдің мәртебесі қашанда биік. Бүгінде мәдениет қызметкерлері ұлттық өнерімізді дәріптеп, халықты өнерімен сусындатып, рухани қазынамызды өскелең ұрпаққа жеткізу жолында аянбай еңбек етуде. «Өнер – ұлттың жаны» дейді дана халық. Елдің рухани құндылықтарын әлемге паш етіп жүрген мәдениет пен өнер қызметкерлеріне, ел мерейін асқақтатқан мәдениет саласының ардагерлеріне айтар алғысымыз шексіз. Ардақты ардагерлеріміз – Орын Құлсариев, Күріш Тасболатов, Сержан Шәкірат, Роза Айдарбаева, Хадиша Балапашева, Әбіл Жұмағалиев, Айтберген Жаңбыршы және басқа да өнер тарландарына ерекше ілтипатымды білдіремін. Өнерімен ел ықыласына бөленіп жүрген ұжым жетекшілерінің ерен еңбектері, кітапханашылардың рухани шығармашылығы, ғылыми ізденістері көңіл қуантады. Мемлекеттің мәдениет саласына көзқарасы ерекше. Өткен жылы мәдениет саласын дамыту үшін 2,7 млрд. теңге қаржы бөлінсе, 2016 жылы бөлінген қаражат құны 3млрд. теңгені құрап отыр. Бұл облыстық мәдениет ошақтарының материалдық-техникалық базасын нығайтып, жаңа жобаларға дем бермек. Құрметті мәдениет және өнер саласының қызметкерлері! Баршаңызды кәсіби мерекеңізбен шын жүректен құттықтаймын! Өнеріңіз өрге жүзсін! Толағай табыстар мен жарқын жетістіктер тілеймін,-деді ол.

Шара барысында өңірдің мәдениет майталмандары, өнер саңлақтары марапатталып, құрметке бөленді. Аймақ басшысы Маңғыстау облыстық филармонияның директоры Нұрболат Құдысовқа, филармония әншісі Асанәлі Көшеровке және Форт-Шевченко қаласының мұражай кешенінің қызметкері Айгүл Балабаеваға «Мәдениет үздігі» төс белгісін тақты. Мәдениет саласының 7 қызметкеріне ҚР мәдениет және спорт Министрінің құрмет грамотасын табыстады. Облыстың мәдениеті мен өнерін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін 32 адам облыс әкімінің алғыс хатына ие болды.

Сондай-ақ мерейлі мерекеге орай қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін насихаттайтын облыстық байқаулар өткізілді. Онда облыстың түкпір-түкпірінен келген білікті аспазшылар халық назарына ұмыт болған және жаңа заманға сай әзірленген тағамдар ұсынды. Нәтижесінде, Маңғыстау ауданы жеңіс тұғырынан көрінді. Ал «Нео-фольклор» киім дизайнерлерінің сайысында қатысушылар ұлттық киімдерді заманауи сәнмен үндестіріп, ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен ерекшелеген. Байқау қорытындысында республика көлемінде белгілі, қазақ ұлттық киімдерді насихаттап жүрген «Тәрбия» ұлттық киімдер салоны жеңіске жетті. Жеңімпаздар енді республикалық байқауда бағын сынамақ.

Ханым ҚУАТ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

IMG_5554

IMG_5391

IMG_5524

IMG_6124