Исламның  ақ жолында

Ақтаудағы  қалалық  Бекет ата мешітінде 3 айлық діни сауат ашу курсынан өткен 75 азаматқа сертификаттар тапсырылды. Қазақстан мұсылмандары  Діни   басқармасының   облысымыздағы  өкіл имамы Смайыл Сейтбеков пен Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің бас имамы Дүйсенқажы  Хаснияз  жамағатқа  Алла  жолындағы  игілікті  істеріне  ақ жол  тілеп,  имандылыққа  бет  бұрудың   маңыздылығын айтты.

Жамағаттың сұрауы бойынша, Мысырдағы Әл-Асқари университетінің   түлегі,   Аюп  Халмет  ұстаз  арнайы  шақырылып,   ол  3  ай  бойы  дәріс  берді.  Бүгін  алғашқы  шәкірттер  курста  білімін  тәмамдап,  қолдарына   куәлік  алып   отыр.  Жастарды  жат ағымдардан  алыстатып,  дұрыс  жолға  түсіру  үшін білікті, білімді ұстаз   керек.  Біздің  мешіт жамағатына  ақидасы  дұрысы, салт-дәстүрді  құрметтейтін  осындай ұстаз бұйырып, 75  шәкірт өздерінің діни  сауаттарын  ашуға мүмкіндік алды, —  дейді Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің бас имамы Д.Хаснияз.

Діни  сауат  ашу  курсына  қатысып,  қолына  куәлік  алғандардың  бірі 88  жастағы  ақсақал  Мейірбай  Тұрарбеков. Пайғамбардың  хиссаларын жатқа  оқитын ол «мұнда білімімді одан әрі шыңдадым» дейді.

76 жасқа келгенде Құран-кәрімді оқи бастадым. Көп ұзамай, көзім көрмей қалды. Сосын осы мешіттегі сауат ашу курсына жазылып, ұстаздан тәлім алдым. Құранды оқыған сайын оқығым келеді, — деді М.Тұрарбеков.

Аюп ұстаз келгелі білімімді шыңдап, қасиетті Құранға деген құштарлығым арта түсті. Ислам – жұмбақ та таза әлем. Оның сырын түсініп, қадыр-қасиетін түсіну оңай емес. Өзім 7 жылдан бері намаз оқимын. Осы жолда жүргенім үшін Аллаға разылығым шексіз, — дейді курстың бір шәкірті М.Жакиев.

Соңғы  жылдары  мешітке  бет  бұрып,  намаз  оқуға және уағыз тыңдауға   жиналатын   тұрғындар саны артуда көрінеді. Бұдан екі жыл бұрын   кешкі  құтпан  намазында  4  қатар  адам  тұрып  оқыған  болса, қазір 14  қатарға тізілген  жамағат  намазға  жығылады.

Аллаға  шүкір, мешітке  келіп, имандылыққа  бет  бұрғандардың  саны жылдан-жылға  артуда. Мүмкін, біреулерге бұл біз үшін қуанышты жағдай. Аудан, ауыл мешіттерінің жамағаты да көбею үстінде екенін көремін. Әрине, жамағат көбейген сайын оның сұранысын қанағаттандыру  керек. Ол  үшін  білімді  имамдар  мен білімді ұстаздар  қажет.  Жастар  қазіргі  ғаламтор  әлеміндегі  мың мазмұндағы  мәліметтерді  алмас  бұрын, біз  өзіміздің  дәстүрлі  діни  деректерімізді  беруіміз  қажет. Мешіт табалдырығынан  аттап, мұсылман   дініне  бет бұрған   жастарды  жат  ағымдардың  насихатына  еріп  кетпеулері  үшін   осылай   діни  сауаттандырып отырудың маңызы  зор.  Біз  осындай  курстарды  жүйелі  түрде жүргізіп отыратын  болсақ, талай жанды  адасудан  аман  алып  қаламыз  деп   ойлаймын, — дейді  Қазақстан  мұсылмандары  Діни  басқармасының  өкіл  имамы  С.Сейтбеков.

Діни  сауатын  ашқандардың  қатарында  еңкейген  кәрі де,  жүгірген бала да  бар екен. Ислам  дінін танып-білу бойынша 6 пәннен білімін арттырғандар   мешіт   үйінің   тұрақты   жамағаты   саналады. Кейбіреулерінің  дін  жолында  ізденгендеріне  бірнеше  жыл  болыпты.

Анар ШАМШАДИНОВА
мешітСуреттерді түсірген автор